Ресейлік компаниямен келісімді қазақстандық «Maker (Мэйкер)» ЖШС, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ және «Қазэнергомаш корпорациясы» ЖШС жасасып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде өткен шараға министр Роман Скляр, министрлік өкілдері, Подольск машина жасау зауытының басқарма төрағасы Алексей Рубцов, қол қоюшы кәсіпорын басшылары қатысты.
̶ Келісім интеграциялау үдерісін нығайтуға үлесін қосатынына, екі ел кәсіпорындары арасындағы байланысты тереңдетуге ықпал ететініне сенімдімін. Бүгін де көлік құрастыру кешені – Қазақстан экономикасының өсім драйверлерінің бірі. Ынтымақтастық орнату мақсатында Подольск машина жасау зауыты мамандарының қазақстандық кәсіпорындарға іріктеу жүргізгені үшін алғыс айтқым келеді, – деді Р.Скляр өз сөзінде.
Министрдің айтуынша, екі ел кәсіпорындарының мұндай тығыз ынтымақтастығы Подольск машина жасау зауытының халықаралық тәжірибесіне негізделе отырып, отандық және шетелдік электр стансаларын энергетикалық жабдықтармен қамтамасыз етеді.
Қол қойылған келісімдер екі ел кәсіпорындарына генерациялаудың, жаңғыртудың және жұмыс істеп тұрған нысандарды қайта жаңартудың жаңа мүмкіндіктерін ашпақ. Сондай-ақ аталған келісім жылу энергетикасы сегменттеріндегі жабдықтар мен жинақтаушы қосалқы бөлшектерді жеткізу, тәжірибе алмасу, энергетикалық және өзге де машина жасау жабдықтарын өндіру, бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, екі жақты кездесу Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) мерейтойлық саммитін өткізу аясында, сондай-ақ ЕАЭО құру туралы шарттың 5 жылдығын және Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Еуразиялық интеграциялық бірлестік құру туралы идеяның 25 жылдығы сияқты айтулы оқиғалар қарсаңында өтті.