• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
29 Мамыр, 2019

Әскери кафедраға Қабанбай батыр есімі беріледі

1446 рет
көрсетілді

Бұл – өңірдегі университеттердің ішінде ашылып отырған үшінші әскери кафедра.

Жастар жылы аясында кеше, 28 мамырда Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде әскери кафедра салтанатты түрде ашылды. Ерекше атап өтерлігі, бұл – өңірдегі университеттердің ішінде ашылып отырған үшінші әскери кафедра. Оқу орнының баспасөз қызметінің хабарлауынша, әскери кафедраға студенттерді қабылдау басталып та кетіпті. Бұл мақсатта университет тарапынан 2019-2020 оқу жылына үш мамандық бойынша 45 грант бөлініпті.

 

ШҚМУ ректоры Мұхтар Төлеген әскери кафедра Қорғаныс министрі, генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың биылғы 11 мамырдағы №328  бұйрығы негізінде ашылғанын, алдағы уақытта грант санын ұлғайту жоспарланып отырғанын айтады. «Әскери кафедраны бітірген студенттер жоғары оқу орнын аяқтағандары туралы дипломмен қатар запастағы офицер куәлігін алады. Олар Қорғаныс министрлігінде, әскери бөлімдерде, әскери полицияда және басқа да мекемелерде жұмыс істейтін болады» деген университет басшысы жақында оқу орнының ғылыми кеңесінде кафедраға Қабанбай батыр есімін беру туралы ұсыныс түскенін жеткізді.

Әскери кафедраның ашылу рәсіміне Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар, полковник, 27943 әскери бөлімі гарнизонының бастығы А. Мырзықанов, полковник, облыстық Қорғаныс істері департаментінің бастығы К.Қайырқанов, 27943 әскери бөлімінің командирі, подполковник Б.Тәжібаев қатысты.  «Бүгін – ерекше күн. Университет осы бастаманы іске асыру үшін көп жылдарды сарп етті. Міне, бүгін Қорғаныс министрінің қолдауымен ректор әскери кафедраны ашып отыр. Оның тарихи ғимаратта – оқу орнының тұңғыш корпусында орналасуы да маңызды», – деді өзінің құттықтау сөзінде Ж.Омар.

Әскери кафедраның ашылғанына әсіресе студенттер ерекше қуанып жатыр. «Бұл – оқу ордамыздың 67 жылдық тарихында болмаған дүние. Осы үшін университет басшылығына осындағы барша студенттердің атынан алғысымды білдіреміз», – дейді университет студенті Марлен Әбубәкір.

ӨСКЕМЕН