Ендігі жерде аталған кешенді жаңғырту жұмыстарын қолға алу, қалпына келтіру, екі мың жылдан астам тарихы бар ерекше шаһардың сәулеттік келбетін арттыру басты мақсат болды. Шындығына келсек, осы уақытқа дейін қаңырап тұрған кешеннің тағдыры туралы да көп айтылған жоқ еді. Бүгінде «Шахристан» тарихи-мәдени кешенін жаңғыртуға жоғары деңгейде көңіл бөлініп отыр. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен аталған кешенді қалпына келтіру жұмыстары басталып та кетті. Қазіргі кезде бұрынғы базардың орны сүріліп, оның орнын тазарту шаралары қолға алынған. Жалпы, 200 гектарға созылып жатқан кешен аумағына болашақта көркемсурет галереясы, облыстық өлкетану мұражайы, 700-800 орындық амфитеатр, көлемді сағат стелласы, көрме залы және «Руханият» орталығы салынатын болады. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың айтуынша, мұнда барлық шаруалар жіті қадағалануда екен. Сонымен қатар шаһар басшысының орынбасары Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін көліктердің қозғалысын, салынатын ғимараттардың нобайын және көшелер тұйықталатын тұстарды ретке келтіру маңызды екенін айтады. Бұл орайда тиісті жұмыстар да атқарылуда екен. Сонымен қатар жобалар аясындағы құрылыс жұмыстарына «Самарқанд» технологиясымен әзірленген арнайы қыш кірпіштер қолданылады.
Көне шаһарға көп өзгерістің керек екені анық. Жыл басынан бері Тараз қаласын түлетудің тың жолдары да қарастырылуда. Тарихи қаланың сәулеттік келбетін арттыруға бүгінде тиісті мекемелердің бәрі де атсалысуда. Мәселен, қалалық сәулеттік бюро мекемесіне қала ішінен бой көтеретін нысандардың нобайын сызып, сұлбасын дайындау жүктелген екен. Бұл ретте аталған мекеме облыс орталығында өзіндік қолтаңбасын қалдыруда сапалы жұмыс жүргізуге дайын екенін жеткізді. Бюро басшысы Арман Әбдешов қазіргі уақытта «Шахристан» этномәдени орталығының жобасына ерекше мән берілуде екенін, сондықтан аталған орталықтың құрылысын алдағы күз мезгіліне дейін аяқтауға күш салынатынын айтты. Сонымен қатар «Көне Тараз» кешені мен «Шахристан» этномәдени орталығы қосылып, екі нысанның арасынан бір шақырымға созылатын арбат құрылысы жүргізіледі екен. Бұдан бөлек, «Тектұрмас» этнотарихи кешенінде «Көне Тараз» стансасы салынып, аспалы жол тартылады. Аспалы жол «Тектұрмас» кешенінен «Шахристан» орталығына дейін созылады деп жоспарлануда. Мұның бәрі де көне Тараз шаһарының тарихын білгісі келген туристерге жасалған жақсы жағдай болмақ. Сонымен қатар жергілікті тұрғындар үшін де жақсы жаңалық екені даусыз. Бұл орайда Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова алдағы уақытта «Шахристан» орталығында 60 шақты шеберхана орналасқан қолөнершілер қалашығы пайда болатынын айтты.
«Шахристанды» қайта түлетуге арналған жаңғырту шараларын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Негізі, биыл Әулиеата жеріне келетін туристердің қатарын 400 мыңнан асыруға ниеттеніп отырмыз. Қазіргі таңда Жамбыл облысы аумағында тарихи-археологиялық, экологиялық, медициналық сауықтыру және балалар туризмі қарқынды ілгерілеу үстінде. Әсіресе аңшылық пен балық аулауға қызығатындар қатары артуда», дейді басқарма басшысы. Ал жергілікті әкімдіктің мәліметінше, бүгінде жоғарыда аталған бағытта 50-ге жуық кәсіпкерлік нысан арнайы тіркеуден өтіп, қызмет көрсетуге әзір екен. Сондай-ақ жуық арада «Төрткүл» тарихи кешені маңынан бірегей «Қазақ ауылы» этножобасы да басталатын болады. «Ол үшін Тараз қаласынан 12 арнайы туристік бағыт әзірленіп, қонақтарға ыңғайлы жағдай туғызу мақсатымен 33 туристік орталық арнайы мобильді қосымшаға егжей-тегжейлі түсіндіріліп, енгізілген. Енді ол жерден барлық қажетті мәліметтерді QR код арқылы да бес тілде алуға мүмкіндік бар», дейді Қарлығаш Аралбекова. Сондай-ақ ол қосымшада Жамбыл өңірінде қызмет ететін 178 қонақүй мен 300-ден астам тамақтану орнының және көлік тасымалының сызбасы, ақша айырбастау пунктері мен туристік агенттіктердің тізімі, бағалары жасақталған.
«Шахристан» кешені – Тараз қаласының негізгі көшесінде орналасқан нысан. Аталған кешен қайта жаңғыртудан өтіп, ел игілігіне берілсе, әлі талайды тамсандыратыны анық. Ең бастысы Тараз тарихын әйгілейтін, ел шежіресін насихаттайтын орталық болса, бұл да әулиеаталықтар үшін аз олжа болмас еді...
Жамбыл облысы