Алдымен кейбiр заңнамалық актiлерге оңалту және банкроттық рәсімдерін жетiлдiру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды. Заң жобасы бойынша негізгі баяндаманы Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов жасады. Ол бүгінгі таңда банкроттық процестен төрт мыңға жуық бизнес субъектілері өтіп жатқанынын айтты.
«Күрделі қаржылық жағдайындағы бизнес субъектілері әлі де көп. Қолданыстағы заң кәсіпкерлерге сәтсіз бизнесті тез жабуға мүмкіндік бермейді. Әрбір төртінші жағдайда сот кәсіпорындарды банкрот деп танудан бас тартады. Соттың субъектінің қаржылық жағдайына объективті баға беруі қиын. Көп жағдайда соттар болмашы активтердің болуын қарызгерлермен есеп айырысу мүмкіндігі деп бағалайды. Осыған байланысты жағдайларды жеңілдету, сондай-ақ банкроттық рәсімдерді жүргізу мерзімдерін қысқарту және жұмыс істемейтін борышкерлерді жедел түрде тарату мақсатымен осы заң жобасы әзірленді», деді вице-министр өзінің баяндамасында.
Ұзақ уақыт жұмыс істемей тұрған борышкерлерді банкроттың процесс қозғамай-ақ тарату мәселесі де заң жобасында қарастырылыпты. Бұл бизнесін тоқтатқан борышкерлерді жылдам және артық шығынсыз таратуға мүмкіндік береді.
Сұрақ беру рәсімі басталғанда депутаттар біршама қызу белсенділік көрсетті. Алғашқы сұрақты депутат Кәрібай Мұсырман қойды. Оның сұрағы банкроттық процесс басталған кәсіпорынның басқарушысына сыйақы төлеу мәселесіне қатысты болды. Сыйақы төлеу мөлшерінің ең жоғары шегі не үшін белгіленеді және басқарушы еңбегін ынталандыру жолдары қандай деп сұрады ол.
Бірінші вице-министр бұл сұраққа нақты жауап бере алмай, заң жобасын екінші оқылымға дайындағанда нақтылаймыз деп жауап берген еді, Мәжіліс Төрағасы бұл жауапқа қанағаттанбай, «сыйақы қандай құжаттың негізінде белгіленетінін де білмейсіз бе?» деп сұрады. Оған сыйақы уәкілетті органның ережесіне сәйкес белгіленеді деген жауап қайтарылды.
Депутат Аманжан Жамалов заң жобасында бұрынғы «жалған банкроттық» деген норманың орнына «алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен кредиторларға мүліктік залал келтіру» туралы жаңа бап енгізу ұсынылғанын айта отырып, осының себебі неде деп сұрады. Оған бұл түсінік нақтылық мақсаты үшін алынды, алайда осы норманы екінші оқылымға дейін тағы да талдай түсетін боламыз, деген жауап берілді. Алайда бұл жауапқа да Мәжіліс Төрағасы қанағаттанбай, осы норма бізде халықтың бизнеспен айналысуға деген қорқынышын тудыратынын, өйткені өзінің мүлкінен, активінен айырылу қаупін туғызып тұрғанын атап өтті. Бұл норма бизнес ахуалды жақсартуға емес, керісінше, оған жоламауға шақырады. Осы нормамен кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға тиісті органдардың қалай келіскеніне таңғаласың деді Н.Нығматулин.
Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Мәдина Жүнісбекова өздерінің бұл мәселеге назар аудармағандарын мойындай отырып, екінші оқылымға дейін оны түзетуге атсалысатындарын жеткізді. Алайда Н.Нығматулин мәселеге жіті назар аударып, министрліктің осыған дейін осынау маңызды дүниеге мән бермегендерін қатты сынады.
«Сіздерге мемлекет кәсіпкерлікті дамытуды қорғайды деп зор сенім артып, үлкен көлемде еңбекақы төлейді. Ал сіздер өз қызметтеріңізге немқұрайлы қарайсыздар», деді Төраға. Сондай-ақ Спикер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілінен де осы норманы қалай өткізіп жібергендерін сұрады. Оған палата өкілі өздерінің бұл нормамен келіспей, заң жобасын екі рет кері қайтарғандарын айтты.
Қолданыстағы заң бойынша ЖШС мен АҚ-лардың қатысушылары кредиторлардың алдында өздерінің жарғылық капиталға салған үлестерінің шеңберінде жауапкершілік тартады. Спикердің айтуынша, нақ осы норма кәсіпкерлердің артық қаражатын бизнесті дамытуға құюына мүмкіндік береді.
«Ал енді ұсынылып отырған норма өтетін болса, қатысушылардың бәрі дерлік барлық мүлкінен айырылып қалу тәуекеліне ұшырайды. Сондықтан бизнеспен айналысудан қорқатын болады», дей келіп, Н.Нығматулин заң жобасын екінші оқылымға тыңғылықты әзірлеу керектігін қатаң ескертті.
Сонымен бірге заң жобасындағы банкроттықты басқару мен оңалту басқарушысын тағайындау мәселесі де қызу талқыланды. Қолданыстағы заң бойынша бізде басқарушыны сот тағайындайды, ал дамыған шетелдерде оны кредиторлардың жиналысы немесе борышкердің өзі тағайындайды екен. Осы мәселе бойынша пікірін білдірген Спикер кредиторлардың басқарушылыққа үздік кандидатураның тағайындалуына мүдделі екенін айтып, кредиторлар жиналысында ұсынылған кандидатты бекіту функциясын уәкілетті мемлекеттік органға беру керектігін дұрыс деп санайтынын білдірді.Осындай қызу талқыдан кейін заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданып, екінші оқылымға дайындалуға жіберілді.
Отырыста қаралған екінші мәселе – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарау болды. Заң жобасын бірінші оқылымда талқылау барысында депутаттар тарапынан айтылған банктердің Ұлттық банктің валюта заңнамасының анықталған бұзушылықтарын жою туралы талаптарын орындамағаны үшін жауаптылығына, кредиттеу нарығындағы жүйелік проблемаларды тездетіп жою және қарыз берушілердің мүдделерін қорғау мақсатында микрокредиттеу субъектілерін әділет органдарында мемлекеттік қайта тіркеу және уәкілетті органда есептік тіркеу мерзімдерін 2021 жылғы 1 қаңтардан 2020 жылғы 1 шілдеге ауыстыруға қатысты депутаттардың ескертпелері мен ұсыныстары ескерілгені айтылды. Сөйтіп заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң депутаттар орталық атқару органдарына арналған өздерінің сауалдарын жариялады.