Ақтөбеде өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысушылар саны жыл сайын өсіп келеді. Айталық, биыл оған қатысуға 500-ден астам өтініш түскен болса, іс-шара қорытындысы бойынша іріктелген 38 отбасы облыстық сынның марапаттау кезеңіне қатысты. Әрі оның алтауы облыстық байқаудың жүлдегері атанды. Соның ішінде ерлі-зайыпты Сайлаубек пен Бибігүл Әбілдаевтар облыстық кезеңнің жеңімпазы атанып, бас жүлдеге ие болды. Өнегелі отбасы иелері жеті перзент тәрбиелеп, өсіріп келеді. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген махаббаты мен сүйіспеншілігі және өзара сыйластығы отағасы Сайлаубектің қатерлі дертті жеңіп, одан айығуына септігін тигізгені бөлек бір әңгіменің еншісі.
Көп балалы отбасына тату-тәтті тірлік және береке мен бірлік көріністері тән. Соның бәрінің ұйытқысы мен алтын қазығы атанған «Алтын алқа» иегері Бибігүл Әбілдаева Ақтөбе қаласында өткен жылы пайдалануға берілген «Анаға тағзым» орталығында медиаторлық қызмет атқарады. Ол ажырасқандарды қайта қосып жүрген шапағаты мен мейірімі, жүрегінің жылуы мол жан. Соңғы 8-9 жылдың аралығында биік парасат иесі 400-ге тарта отбасының бұзылмай, сақталып қалуына көмегін тигізген екен.
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі кезінде Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өз сөзін заңғар жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың «ұлтымызға не тілейсіз» деген тілші сауалына орай «қазіргі жағдайда ұлтымыздың үш ұрпағының өкілінің басы бір дастарқанда тоғысуын қалаймын» деген ғибратты тілегімен түйіндеді. АҚТӨБЕ