Арман Шораевтың айтуынша, осымен тоғызыншы рет өтетін бәсекеге еліміздің 14 облысынан, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және күштік құрылымдар арасындағы турнирде іріктеуден өткен 36 үздік балуан қатысады. «Қазақстан барысы» турнирі 8 маусымда 13:00-де балуандардың жеребе тарту рәсімінен басталмақ. Тартысты белдесулер жеті сағатқа созылады деп жоспарланған.
«Биылғы турнирдің жүлде қорына 41 млн теңге бөлініп отыр. «Қазақстан барысы» атанған балуанға алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «Тайтұяқ» және 25 млн теңге қаржылай сыйақы беріледі. Екінші және үшінші орын иегерлері сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады. Сонымен қатар әр белдесудегі жеңіске жеткен балуанға 100 мың теңгеден беріледі. Жалпы жүлде қомақты болғаны жақсы, бірақ «Қазақстан барысы» атағы одан да жоғары тұрады деп ойлаймын. Бұл атақты алу бүгінгі таңда әр балуанның арманы», дейді ол.
Биылғы турнир жылдағы ереже бойынша іріктеліп, сол дәстүр бойынша өтеді. Ал келесі жылдан бастап әр облыстан тек бір ғана балуан қатысатын болады. Оны ұпай, рейтинг арқылы анықтамақ. «Кей облыстарда қазақ күресі жақсы дамыған. Кейбір облыстардың деңгейі онша емес. Биыл Қостанай облысында «Қазақстан барысына» балуандарды іріктеу төмен деңгейде ұйымдастырылған. Ал Қызылорда, Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында «сен тұр, мен атайын» деген балуандар көп. Рейтинг бойынша оларға жарысқа қатысуға мүмкіндік береміз деп ойлаймын. Рейтингте жоғары ұпай жинау үшін күнтізбеміздегі сайыстарға қатысу керек», деп сөзін түйіндеді Арман Шораев.
Ұлттық Олимпиада комитетінің Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов Қазақ күресіне ерекше көңіл бөліп, «Қазақстан барысы» жобасын да қолдайтындарын жеткізді. Мұның дәлелі ретінде жуырда ғана Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы Тимур Құлыбаев Лозаннада Халықаралық күрес федерациясының басшысымен кездесіп, Халықаралық қазақ күресі федерациясын мүшелікке енгізу мәселесін қозғап, сол жақтан қолдау тапқанын атап өтті.
«Қазақстан барысы» турнирі «Нұр-Отан» партиясы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры, Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақ күресі федерациясы және «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры ұйымдастыруда.