Қала әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы қаладағы көпқабатты үйлердің сыртқы тұрпатын сәулеттік және эстетикалық талаптарға сай сәйкестендіруге көмектесу үшін жергілікті құрылыс компаниялары басшылығына өтініш білдірген болатын.
Қала кәсіпкерлері бұл ұсынысты қабыл алып, туған өлкесін абаттандыруға кірісіп кетті. Қайырымды азаматтардың көмегімен былтыр да 100-ге жуық көпқабатты үй толық жөндеуден өткен еді.
Әсілінде, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 35-бабының 2-тармағына, 50-бабының 1-тармағына сәйкес «Тұрғын үйді қалыпты жағдайда күтіп-ұстауға кететін шығынын өзінің ортақ меншіктегі үлесінің көлеміне қарай өтейді және пәтер иелері ортақ мүлікті өздерінің үлестеріне тең мөлшерде күтіп-ұстау мен пайдалану бойынша жалпы шығыстарға қатысуға міндетті» делінген. Яғни, ортақ меншігі болып табылатын тұрғын үйді күтіп-ұстау және жөндеу жұмыстарын жүргізу тікелей тұрғындардың өз міндеті саналады.
Заң осылай дегенімен өздері тұрып жатқан үйдің әрлеу жұмыстарын жүргізуге тұрғындардың бәрі бірдей ықыласты емес. Белсенділері болғанымен көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін жағдайлар да болады. Өз үйінің машақатын Үкіметтің мойнына іліп қойғысы келетін, түймедей нәрседен түйедей дау туғызып, ақпарат құралдары арқылы елді улыған да шулыған қылып жатқандар да бар. Бұл жайт республикамыздың әр түкпірінде кездеседі. Анықтай келгенде белгілі болатыны, әкімдік тарапынан үй иелеріне кондоминимум арқылы жөндеуге келісімшарт ұсынылған. Бірақ күрделі жөндеуден өтетін үйге ай сайын белгіленген несие соманы төлеуге тұрғындардың ықыласы аз. Ал әкімдікте жекеменшік үйлерді тегін жөндеп беретін қаржы жоқ. Үй сыртын әрлеу, маңайын абаттандыру мәселесі де осылай тығырыққа тіреле береді. Сондықтан қала әкімі қайырымды азаматтардың көмегіне ділгір. Осылайша бюджетке салмақ түсірмей көпқабатты үйлерді әрлеу, шатырларын жөндеу жұмыстары атқарылып келеді.
Биыл осы жұмыстардың жалғасы ретінде «Сыр-Ана» монументінің аумағы қайта абаттандырылады және қаланың ең басты көшесі – Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойынан қала тұрғындары мен қонақтарының серуендеуіне, жайлы демалуына ыңғайлы жағдай жасалған аллея салынатын болады. Жалпы, Қызылорда қаласына ұзақ уақыттан кейін келген қонақтар қаланың тез өскеніне, сәулетінің артқанына және тазалығына сүйінішін білдіреді. Қызылорда облысы