Өңір басшысы мектепте оқушыларды тамақтандыру мәселелеріне қатысты көптеген арыз-шағым түсетінін мәлімдеп, «Балаларды сапалы тамақтандыру үшін өңір бюджетінен қомақты қаражат бөлінеді. Сондықтан бұл бағыттағы мәселелер тиісті шешімін табуы тиіс» деді. Аудандар мен Орал қаласы әкімдеріне мектепке дейінгі және орта білім беру саласында жұмыс сапасын арттыру бойынша атқарылатын жұмыстарға кешенді талдау жүргізу тапсырылды.
«Ағайын» қазақ этномәдени бірлестігінің төрағасы Мақсот Берген алғашқы медико-санитарлық жәрдемнің қолжетімділігі және медициналық қызмет сапасы мемлекеттің ең басты құндылығы – ұлт денсаулығына ықпал ететінін айтты.
Өңірде дәрігер мамандардың жетіспеушілігі де бар, облыс орталығында медициналық мекемелер де қажет. А.Көлгінов Орал қаласындағы көпбейінді аурухана жанынан жаңа кардиоорталық салу мәселесі жоспарланып, қаражат қарастырылғанын мәлімдеді. Жаңа кардиоорталық құрылысы 2020 жылы басталмақ. Сондай-ақ Орал қаласында жаңа №7 емхана ашу қажеттілігі туындаған. Өңір басшысы қалалық аурухана жаңа ғимаратқа көшкен кезде босаған корпусты «Қарашығанақ» компаниясының қаражаты есебінен күрделі жөндеуден өткізіп, емханаға айналдыру жоспарымен бөлісті.
Батыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіп кешені әлеуетін дамыту туралы баяндама жасаған өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Жеңіс Сағидуллин салада еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, заманауи агротехнологияны қолдану, шетелдік білікті мамандардың тәжірибесін пайдалану туралы мәселелерді көтерді. Алдағы уақытта ауыл кәсіпкерлерін шаруашылық жүргізудің жаңа әдістеріне үйрететін курстарда жаппай оқыту жоспарланған.
Батыс Қазақстан облысы