• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 30 Мамыр, 2019

«Челси» екінші рет Еуропа лигасында топ жарды

833 рет
көрсетілді

Әзербайжан астанасы Бакуде футболдан Еуропа лигасының 2018/2019 маусымдағы финалдық ойыны өтті. Финалда Англияның қос командасы «Челси» мен «Арсенал» кездесіп, «ақсүйектердің» (4:1) жеңісімен аяқталды.

Бакудегі «Олимпиада» стадионында өткен матчта жанкүйерлер бес голдың куәсі болды. Бір қызығы, голдың барлығы екінші таймда соғылды. Бірінші таймда екі клубта да гол соғатын тамаша мүмкіндіктер болған, алайда шабуылды нәтижелі аяқтайтын футболшы табылмады. Ойындағы есепті екінші таймның 49-минутында «Челси» шабуылшысы Оливье Жиру ашса, 60 минутта Педро есепті 2:0-ге жеткізді. 65-минутта пенальтиден гол соққан Эден Азар, 72-минутта Жирудың пасын тиімді пайдаланып, дубль жасады. Ал «Арсенал» сапынан жалғыз қарымта голды 69-минутта алаңға тыңнан қосылған Алекс Ивоби салды. Қорытынды есеп – 4:1.

Осылайша, «Челси» командасы Еуропа лигасында екінші рет топ жарды. Бұған дейін 2013 жылғы финалда португалияның «Бенфика» командасын жеңіп, алғашқы жеңісіне қол жеткізген еді. Ал «Арсенал» керісінше, аталған турнирдің финалында екінші рет чемпиондықтан құр қалды. 2000 жылы Еуропа лигасының аты УЕФА кубогы болып тұрған кезде Түркияның «Галатасарай» командасына есе жіберген еді.