Облыста алғаш рет ұйымдастырылып отырған слеттің өтуіне ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйытқы болды.
«Слеттің басты мақсаты – қоғамда адалдық, шыншылдық, игілік сынды құндылықтарды қалыптастыруға, қоғамдық сананы тәрбиелеуге жастарды кеңінен тарту. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары адамзаттың осындай ізгі құндылықтарын дәріптеуге, насихаттауға бағытталуы тиіс. Біз, бұл бағыттағы жұмыстарға жастардың әлеуетін пайдалануымыз керек», - деді департамент басшысы Абзал Мұхимов.
Облыстың барлық аудандары мен шалғай ауылдарынан да делегаттар қатысқан слеттің салтанатты жиынында Агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаменті жанынан«Жемқорлықты жоямыз» ұранымен «Жастар қозғалысы» жастар қанаты құрылды.
«Жастар қозғалысы» жастар қанатының мақсаты - тұрмыстық жемқорлықты жоюға атсалысу, кез-келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне төзбеушілік қағидатын қалыптастыру. Алғашқы кезекте белсенді жастар қатарынан спикерлер тобын құрып, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз», - дейді «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілес.