Сейсенбі, 30 сәуір 2013 2:25
Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында сөйлеген сөзінен туындайтын студенттер активі алдындағы міндеттер» тақырыбы бойынша ғылыми практикалық конференция өтті.
Сейсенбі, 30 сәуір 2013 2:25
Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында сөйлеген сөзінен туындайтын студенттер активі алдындағы міндеттер» тақырыбы бойынша ғылыми практикалық конференция өтті.
Конференцияда Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Этносаралық қатынастар және толеранттылық орталығының директоры Сатай Сыздықов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің проректоры Дихан Қамзабекұлы, осы университеттің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков, Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының сарапшысы Еділ Оспан және ЕҰУ Әлеуметтік және азаматтық департаментінің директоры Еркебұлан Нұғманов студенттер алдында студент жастардың бойында толеранттылық қалыптастыру мәселелері, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі дамуы және ел бірлігін қалыптастырудағы рөлі туралы, қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытындағы жастардың алатын орны жөнінде келелі ой толғамдары мен пікірлерін ортаға салды.
Алдымен осы жиынды жүргізген Сатай Сыздықов сөз алып, бұл конференцияның мақсаты жайлы қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясының жақында өткен сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындап берді. Сол міндеттердің ішінде қазақстандық жастарға арналған мәселелер де бар. «Сіздер студенттер белсенділері ретінде сол міндеттерді жастар қауымына жеткізеді деген сенімдеміз, – деді Сатай Сыздықов. – Өйткені, Қазақстанда тұратын өзге этностар қазақ ұлтының маңайына топтасып отыр».
Бұдан кейін сөз алған Мырзатай Жолдасбековтің еліміздің өткені мен бүгіні жөнінде нақты мысалдар келтіре отырып айтқандары студент жастарды бей-жай қалдырмады. «Сіздер өте бір бақытты заманда өмір сүріп жүрсіңдер, – деп бастады ғалым сөзін. – Мына біздер ойынның қызығына енді түсіп келе жатқан кезімізде Ұлы Отан соғысы басталды. Ауылдағы тепсе темір үзетін азаматтардың барлығы майданға аттанды. Елде егіліп, кемпір-шалдар мен әйелдер қалды».
Осылай деген Мырзатай Жолдасбеков сол кездегі қиыншылықты көз алдымызға елестететін мынадай бір оқиғаны айтып берді. «Іңкәшай деген жеңешем біздің ауылға келін болып түсті, – деді профессор өткенді еске алып. – Ертесінде Рысбек деген күйеуі соғысқа аттанды. Ауылдағылар алғашында пошта келгенде, хат-хабар келді деп пошта тасушының алдынан қуана жүгіріп шығатын еді. Кейін уақыт өте пошта тасушы келсе, одан қашатын болды. Қашатын себебі, соғыста жүргендерден «қара қағаз» келіп қалды ма деп қорқатын, үрейленетін. Содан Іңкәшай жеңешемнің күйеуі, біздің ағамыз Рысбек хабарсыз кетті. Жеңешем бұдан кейін тұрмысқа шықпады. Екі кемпірді бағып-қағып, 100-ден асып барып қайтыс болды».
Мырзатай Жолдасбеков бұл естелік ретіндегі оқиғаны айтып отырғанының себебін студент жастарға түсіндіріп өтті. «Араларыңда тәуелсіздікпен құрдас, тәуелсіздік алған жылдардан кейін туған балалар бар. Тәуелсіздік – сендердің бақытың! Біз мектепте оқыған кезде жөнді сабақ беретін мұғалімдер тым аз еді. Қағаз, қалам, кітап жетіспейтін. Ал қазір барлығы бар. Мектеп оқушыларының өзі ноутбук арқалап жүр… Кеңестер Одағының құрамында болған 74 жылдың ішінде біздің тарихымыз тапталды… Бүгінгі тәуелсіздігімізді қазақтың небір марқасқалары көре алмады, жете алмай кетті. Ал оған мына сіздер жеттіңіздер. Қазақтың тарихын, мәдениетін, елдің тұтастығын қорғау енді сендердің міндеттерің!» деді ол.
Осылайша, жастарға үлкен ой салатын ұлағатты сөздер айтқан ғалым одан соң Қазақстан халқы Ассамблеясының елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтудағы рөліне тоқталды. Мырзатай Жолдасбековтің атап өтуінше, Қазақстан халқы Ассамблеясы институты әлемдегі ешбір елде жоқ. Ол – шағын Біріккен ұлттар ассамблеясы сияқты құрылым. «Президенттің ерекше батырлығына, тапқырлығына таңғаламын, – деп жалғастырды сөзін ол. – Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды бүкіл әлемге танытты, әлемге мойындатты. Бүгін еліміз әлемнің төріне шықты. Бақыттың бағасын біліңдер. Осы бақыт сендердің бастарыңнан таймасын!».
Көпті көрген саясаткер әрі қоғам қайраткері сөзін былай қорытындылады: «Мен осы университетте ректор болып жүргенде, Ақбұлақ өзенінен өтетін көпір жанындағы автотұрақ бос тұратын, – деді ол. – Ал қазір сол автотұрақта машина толып тұр, машина қоятын орын жоқ онда. Студенттер де машина мініп жүр».
«Жасыратыны жоқ, Тәуелсіздіктің мәні мен маңызын жастар көп біле бермейді, – деді келесі кезекте сөз алған Дихан Қамзабекұлы. – Бүгінде жастарға ең алдымен білім, отаншылдық керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясындағы Елбасының сөйлеген сөзі «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылған ойлармен сабақтасып жатыр. Президент сол стратегиясында жастардың болашағы туралы керемет ойлар айтты. «Егер қазақ тілі өз дәрежесінде қолданылса, егер отаншылдық сезіміміз бәсеңдемесе, біз Қазақ мемлекеті боламыз» деді Мемлекет басшысы».
Проректордың атап өтуінше, Қазақ мемлекеті болу сіздер мен біздерге байланысты. Ал Ассамблея Елбасы атап өткендей, Қазақстанда тұрып жатқан 17 миллион халық. Осыған орай мынадай мысал келтірді: «Осыдан төрт-бес жыл бұрын Башқұртстанның бір ғалымы біздің университетке келіп, маған жолыққан еді, – деді Дихан Қамзабекұлы. – Әңгіме барысында ол «Біздің бір-ақ арманымыз бар. Біздің жастарымыздың арманы – тәуелсіздік. Оны қашан алатынымыз белгісіз. Біз соған қол жеткізу үшін өмір бойы күресеміз» деген болатын».
Бұдан соң ол тәуелсіздіктің қадір-қасиетіне, Ассамблеяның этностар арасындағы бірлікті нығайтудағы алатын орнына тоқталып, белсенді студент жастарды Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясында сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттерді жастар арасында кеңінен насихаттауға шақырды.
Ал Еділ Оспан Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі дамуы және ел бірлігін қалыптастырудағы жастардың рөліне қатысты ой-пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, Ассамблеяның 20 сессиясы барысында Елбасымыз кеңінен тоқталған мәселенің бірі сессия қарсаңында Президент Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы болды. Тұжырымдаманың мақсаты – Ассамблея институтын дамыту және оның елдің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігін нығайтудағы рөлін арттыру, патриотизм, қазақ халқы мен мемлекеттік тілдің топтастырушы рөлін арқау ете отырып жалпы құндылықтар негізінде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз ету болып табылады.
«Тұжырымдама мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыруға, ұлттық бірлікті қалыптастыруға, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік және азаматтық институттардың өзара іс-қимылын жандандыруға қол жеткізуге, оның ішінде, ең алдымен, Ассамблея институты арқылы қол жеткізуге бағытталған. Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде келешекте Ассамблея этносаралық және қоғамдық келісімді қамтамасыз ету тетігі болып қана қоймай, конституциялық орган ретінде азаматтық қоғам институттары үшін үнқатысу алаңына, жалпы ұлттық маңызы бар мәселелер бойынша азаматтық ынтымақтастықтың тетігіне айналады деп күтілуде», – деді Еділ Оспан.
Конференцияда, сондай-ақ, аталған университеттің Әлеуметтік және азаматтық департаментінің директоры Еркебұлан Нұғманов та жастар туралы өзінің ой-пікірін ортаға салды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
———————————-
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.