Сәрсенбі, 8 мамыр 2013 1:35
Қазақстан әйелдерінің зейнеткерлік жасын көтеру мәселесі біраздан бері қоғамдағы қызу әңгімеге тамызық болуда. Зейнетақы жүйесін жаңғырту – Елбасының өткен жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында және Үкіметтің 2013 жылғы 23 қаңтардағы кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылуда. Зейнетақы жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасын қабылдау арқылы еліміздегі зейнетақы жүйесін бір ізге түсіріп қана қоймай, жалпы еңбек рыногындағы күрмеуі көп мәселелерді реттеуге мол мүмкіндіктер ашылмақ.
Сәрсенбі, 8 мамыр 2013 1:35
Қазақстан әйелдерінің зейнеткерлік жасын көтеру мәселесі біраздан бері қоғамдағы қызу әңгімеге тамызық болуда. Зейнетақы жүйесін жаңғырту – Елбасының өткен жылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында және Үкіметтің 2013 жылғы 23 қаңтардағы кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылуда. Зейнетақы жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасын қабылдау арқылы еліміздегі зейнетақы жүйесін бір ізге түсіріп қана қоймай, жалпы еңбек рыногындағы күрмеуі көп мәселелерді реттеуге мол мүмкіндіктер ашылмақ. Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Зейнетақы жүйесін жаңғырту» туралы заң жобасын жасап шықты. Осы жоба негізінде зейнеткерлер жасын біріздендіру ісі қолға алынып, Үкімет пен Мәжіліс депутаттары жобаны мақұлдап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Үкімет мүшелері халыққа жаңа жобаны түсіндіру ісімен айналысып кетті.
Халықпен жүздесу кезінде 50 және одан да жоғары жастағы азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі көтерілуде. Яғни зейнеткерлік жасын біріздендіру жөніндегі арнайы комиссияға келіп түскен шағымдардың денін егде жастағы қазақстандықтар құраған.
Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, елімізде жасы 55-тен асқан жалпы экономикалық белсенді халықтың үлесі бар-жоғы 6,3%-ды құрайды. Демек, осы жастағы азаматтардың қоғамдық өмірге араласуы олардың жасы ұлғайған сайын азая бермек. Сол себепті, осы жас санатындағы азаматтардың өмірлік деңгейін арттыру, оларға жеткілікті зейнетақы жарнасын жинақтауға және жұмыссыздықтың жалпы деңгейін төмендету үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 50 жастан асқан азаматтарды (бастама 50+) жұмыспен қамтудың кешенді жоспарын жасады.
Жобаны дайындау барысында, Халықаралық еңбек ұйымының (бұдан әрі – ХЕҰ) тәжірибесі де ескерілді. ХЕҰ-ның тәжірибесіне сәйкес, министрліктің алдында мынадай жүктемелер тұр. Жасы 50-ден асқан, жұмыс істегісі келетін барлық адамдардың жұмысқа орналасуына мүмкіндіктер беру, олардың әлеуметтік, экономикалық және саяси үлесін мойындау, ауылды жерлердегі өмір сүру жағдайы мен инфрақұрылымды жақсарту, өмір бойы үздіксіз білім беру, қайта даярлау, кәсіби бағыт-бағдар беріп, жұмысқа орналастыру жөніндегі қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ, зейнеталды жастағы азаматтардың тәжірибесін пайдалану.
Мәселен, Германияда 55 жастан асқан адамдар үшін жұмыс орындары квоталанады. Мұндай тәсіл арқылы кәсіпкердің мүдделілігі артып, егде жастағы жұмыссыздарды еңбекке араластыру мақсатында жаңадан жұмысқа қабылданған егде жастағы қызметкерлердің жалақысын субсидиялау көзделген. Францияда ірі кәсіпорындар 50-ден асқан қызметкерлеріне жалақы мөлшерін сақтай отырып, ішінара жұмыспен қамтуды (қысқартылған жұмыс күні) ұсынады. Еуроодақ елдерінде қызметкер біліктілігін арттыру бойынша үздіксіз оқыту стратегиясы әзірленіп, бүгінде қолданысқа енгізілген. Болгария, Ресей Федерациясы, бұрынғы югославиялық Македония Республикасы мен Украинада егде жастағы жұмыскерлер ақысы төленетін қоғамдық жұмыстарға тартылған.
Бүгінгі күні Экономикалық ықпалдастық және даму ұйымына мүше елдердің жартысына жуығы зейнеткерлік жасты ұлғайтып жатыр. Кейбірі жақын уақытқа жоспарлап отыр. Мысалы, Ұлыбритания, Германия, АҚШ сияқты дамыған елдерде зейнет жасы 67 жастан кем емес. Ал, Жапонияда тіпті 70 жасты құрайды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде әйелдердің еңбегін кеңінен пайдалануға бағытталған жобаларды іске асыру, сондай-ақ 50 жастан асқан адамдар арасында кәсіпкерлікті дамытуға ынталандыру, оның ішінде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында ісін енді бастап жатқан кәсіпкерлерді қолдау қажет. Осы арқылы әйелдер өздеріне зейнетақыны көбірек жинауға мүмкіндік алады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтің айтуынша, мұндай тәсіл зейнетақы мөлшерін одан әрі арттырады. Аталған жүйеге қосымша 5 жыл қатысқан тұлғаның зейнетақылық жинағы 15%-ға дейін өседі.
Тағы бір айта кететін жайт, әйелдердің зейнет жасын ұзарту алдағы 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап, зейнеткерлік жасты жыл сайын 6 айға ұлғайта отырып, 10 жылдың ішінде жүзеге асырылады. Айталық, жасы 58-ге келген әйел 58,5 жасында шықса, 57-ге келген әйел 59-ында шығуы мүмкін. Осылайша, өскелең ұрпақ зейнеткерлікке 63 жаста шығуға бейімделе бастайды. Одан өзге, ауыр және қауіпті өндіріс жағдайында жұмыс істейтін адамдар үшін міндетті санатқа еңбекақы төлеу қорынан 5 пайыздық мөлшерінде ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару қажет. Бұл ретте жұмыс берушіге жүктеме көбеймейді. Өйткені, кәсіптік зейнетақы жүйесіне аударылатын сома салық төлемдерін жүзеге асыру кезінде шегерімге жатқызылады.
Алайда, мұндай талап барлық адамдарға бірдей міндет жүктемейді. Қорда жиналған қаржысы жеткілікті болған әйелдер сақтандыру ұйымдарымен зейнетақы аннуитет келісім-шартын жасау арқылы 50 жаста зейнеткерлікке шыға алады. Бұған қоса, 5 және одан да көп бала туған, оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеп-өсірген әйелдер, егер еңбек өтілі 20 жылдан кем болмаса, 53 жаста зейнетке шығу құқығына ие. Сондай-ақ, Үкімет тарапынан 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шілдеге дейін кемінде 10 жыл төтенше және ең жоғары радиациялық қатер аймақтарында тұрған, кемінде 20 жыл жалпы еңбек өтілі бар әйелдерге 45 жастан зейнетақы алуға мүмкіндік жасалмақ.
Статистика агенттігінің деректеріне сәйкес, 2011 жылғы жасы 55-тен жоғары жұмыссыз азаматтардың саны 40,2 мың адамды құраған. Оның 19,5 мыңы қала тұрғындары, ал 20,7 мыңы ауыл тұрғындары. Ал 2012 жылы бұл көрсеткіш 39,3 мың адамға азайған. Оның 15,7 мыңы қала тұрғыдары, ал 23,6 мыңы ауыл азаматтары болып отыр. Жоғарыда көрсетілгендей, ауылдағы жұмыссыздар саны қала тұрғындарына қарағанда өте көп. Осыған орай, министрлік «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде егде жастағы қазақстандықтар жеке қосалқы шаруашылығын, үй еңбегін дамытумен, мал шаруашылығы, өсімдік өсіру және өнімді қайта өңдеу, көркем шығармашылық және қолөнер жөніндегі жобаларын қолдау ісін алға тартып отыр. Себебі, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, егде жастағы азаматтардың қатысуымен жасалған жұмыстар әрқашан да өз жемісін беріп қана қоймай, мемлекеттің экономикалық өсуіне де ықпал етеді.
«Агробизнес-2020» бағдарламасына қаржылық қызметтер мен жаңа технологияларға егде жастағы фермерлердің қол- жетімділігін арттыруға мүмкіндіктері ашылмақ.
Сондай-ақ, қашықтықтан жұмыспен қамту нысандарын пайдалану, оның ішінде шағын және микрокәсіпорындарды қолдау, ауыл кооперативтерін, отбасылық фермаларды құру арқылы жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу шаралары ұсынылады. 50 жастан асқан адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын квоталау жөніндегі еуропалық іс-тәжірибелерін енгізу, мемлекеттің қатысуымен бюджеттік мекемелер мен кәсіпорындарда жұмыс істейтін осы санаттағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру қарастырылады. Оларды жұмысқа орналастыруды, жұмыс орындарын сақтау, лайықты еңбек жағдайларын жасауды қамтамасыз ету үшін бас салалық, өңірлік келісімдердің, ұжымдық шарттарға өзгерістер енгізуі ұсынылуда. Осыған орай үкіметтік емес ұйымдардың рөлі арта түспек. 50 жастан асқан адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге үкіметтік емес сектордың, жұмысқа орналастыру жөніндегі жеке агенттіктердің қатысуын ынталандыру үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар да бөлінеді.
Зейнеталды жастағы адамдарды жұмысқа орналастыру және жұмысын сақтап қалу кезінде кемсітушілікті болдырмауға бағытталған кепілдіктер жөнінде Еңбек кодексіне тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. «Кешенді жоспарда кәсіподақтардың көмегімен ұйымдастырылатын заң талаптарының орындалуына қоғамдық бақылау жасалады. Жобада көрсетілгендей, жалпы жұмыссыздарды, оның ішінде жасы 50-ден асқан азаматтарды жұмыспен қамту үшін 2020 жылға дейін 508 мың адам жұмыспен қамтылады. Сонда елдегі жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға төмендемек», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Мемлекет ашық әңгіме ретінде әрбір азаматқа қатысты жағдайларды қарастыруда. Өйткені, әсіресе, жасы егде тартқан адамдар әрбір өзгеріске, жаңалыққа сенімсіздік танытып, күдікпен қарайды. Сол себепті, жасы 50-ден асқан азаматтарды жұмыспен қамтудың кешенді жоспары әрбір азаматтың жағдайын жақсартуды көздейді. Жинақталған зейнетақының сақталғандығы, жұмыс орындарының сақталуы, жаңа орнықты зейнетақы жүйесін қалыптастыру кез келген қазақстандық пен мемлекетке ауадай қажет дүние.
Мереке ТАҢАТАРОВ.
–––––––––––––––––––
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.