• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Маусым, 2019

Өнерімен жарасым тапқан шаңырақ

1104 рет
көрсетілді

Екібастұздық Төлеу­баев­тар отбасы облыс орталығындағы «Шаңы­рақ» концерт залында өткен «Мерейлі отбасы-2019» ұлттық конкурсының жеңімпазы атанды.

Серік пен Нұрсұлу Төлеубаевтар отбасы Қымбат, Дархан, Дәурен есімді үш бала тәрбиелеп өсірді. Қазір осы ұл-қыздан тараған Жанбота, Дін­мұхам­мед, Ислам, Хадиша, Бегімсұлу, Раяна есімді немере-жиендерімен ұрпақ жалғасып, орта толуда.

Екібастұздықтарға есімдері жақ­сы таныс Төлеубаевтар – шығар­ма­шыл, өнерлі отбасы. Отағасы Серік Айтқұл­ұлы 1994 жылдан бү­гінге дейін «Бога­тырь көмір» ЖШС жол жөндеуші болып еңбек етеді. Ол кәсіпорын тарапынан ІІІ дәре­же­лі «Еңбек даңқы» ордені­мен мара­пат­талған. Босай қалған сәтте қолына домбыра, гитара аспаптарын алады.

Ал отанасы Нұрсұлу Ерке­бай­қызы қала­дағы «Атамұра» мә­де­­ниет орта­лы­ғында 20 жыл бойы қызмет етіп келеді. Нұрсұлу қо­ғам­­дық өмірдің бел­сендісі, қала әкі­мінің жанындағы мем­лекеттік тіл саясатын одан әрі жетіл­діру жөніндегі жұмыс тобының, қоғам­дық кеңестің және Іскер әйелдер ассоциациясының мүшесі.

– Жақында республикалық «Ру­х­ани қазына» фестивалінде «Ата­мұ­ра» орталығы «Үздік мәде­ни­ет үйі» аталымына қатысып, министрдің алғыс хатын алды. Біздің орталықтың қаладан бөлек, 16 ауыл­да клубы бар. Жыл са­йын тұ­рақ­ты түрде айтыс өткіземіз. Соңғы 3 жылда айтыс республикалық деңгейде өтеді. 13 жыл бойы «Жігіт сұлтанын» ұйымдастырып келеміз. Оған кішкентай кезден дайындайтын «Бала сұлтан» байқауы бар. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары бойынша жобаларымыз жетерлік, – дейді Нұрсұлу Еркебайқызы.

Ұлы Дархан да әкесімен бірге алып өндіріс орнында жүргізуші болып жұмыс істейді. Дархан облыстық «Отбасым – ошағым», «Алтын да­уыс», «Екі жұлдыз» вокалдық ән байқауларының жүлдегері.

Ал қызы Қымбат Серікқызы – мұға­­лім, облыс орталығындағы С.Торай­­ғыров атындағы универ­си­теттің филология факультетін тәмам­да­ған. Оның күйеуі Дәулет вагон депосында – инженер-технолог. Бос уақытында қағаздан гүлдер жасайды, тәтті бәліш пісіреді. Кенжесі Дәурен Серікұлы Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітірген. Қазір еліміздің Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамб­лінің концертмейстері. Келін­де­рі Эльмира мен Зарина да жоғары білімді мамандар. Қос келіннің хоб­биы – ұлттық салт-дәстүрге сай сәу­ке­ле, көрпеше, құрақ көрпе, ою-өрнек тігумен айналысады. Екеуі де ән айтады, бисермен, тастардан түр­лі бұйымдар жасайды, гүлдермен безен­ді­реді.

Бұл отбасы облыстық «Отбасым – ошағым» байқауының жеңімпаздары атанса, Отбасы күніне орай өткен қалалық «Қалыңдықтар шеруі» байқауында екі келіні Эльмира мен Зарина жеңімпаз атанды.

Үлкен немересі Жанбота Құ­рым­­­бай «Жұлдыз» вокалдық то­бы­­­­ның, Бегімсұлу Серікқызы «Нә­зік» хореографиялық би ұжы­мы­­­ның мүшесі. Ұжыммен бірге рес­публикалық, халықаралық конкурс­тар­да жүлделі орындарға ие болып жүр.

– «Ата-ананың көркем мінезі – даналық» демекші, ұл-қызға жақсы мінез тәрбие арқылы дариды. Адам­гер­шілік қатынас, отбасылық сезім, ең алдымен махаббат пен борыш құн­дылықтары берік болуы керек. Отба­сын­да халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтаймыз. Жақсы әдеп – жақсы отбасының белгісі, – дейді отанасы Нұрсұлу.

Облыс орталығында өткен «Ме­рей­лі отбасы» байқауына өңірдің ауыл, қалаларынан 70-ке жуық отбасы қатысып, ерекше көзге түскен 11 отба­сы іріктелді.

Отбасы – мемлекеттің тірегі. Сон­дық­тан елімізде отбасыларға көңіл бөлініп, оны сақтау, неке тірегін нығайту, бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арт­ты­руға үлкен қолдау көрсетілуде. Мақсат – елі­мізде өзгелерге үлгі болар­лық отбасы­ларды дәріптеу, таныс­тыру. Бұл ретте өңір атынан республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына қатысуға жолдама алған Төлеубаевтар отбасы үлгі аларлық отбасы деуге әбден лайық.

 

Павлодар облысы