Тергеушінің тәлкегі
Нұржамал Нұрғалиеваның құқық қорғау органдарын жағалап, табан тоздырғанына үшінші жылға айналып барады. Өйткені адам тағдыры безбенге түсетін екіұдай сәтте мәселенің біржақты бағалануы салдарынан еш жазығы жоқ ол қылмыскер санатына қосылып кете барған. Жап-жақсы қызметінен айрылып, жып-жылы орнын суытып, сүттей ұйып отырған отбасы ойран етіліп, басқа жаққа амалсыз көшуге мәжбүрлегенін, мысқалдап жинаған абырой-беделінің шөміштеп төгілгенін ойласа, кеудесін ащы өксік қысып, жанары жасқа толады. Әділдік іздеп сандалып, жанын қоярға жер таппаған оның өңменіне пышақтай, жүрегіне тікендей қадалатыны – намысын аяққа таптап, ауыл-аймаққа масқара еткені. Шырғалаңға толы шытырман оқиғалардың басты кейіпкеріне айналамын деу өңі түгілі түсіне енбеген тәрізді. Жамбыл ауданының орталығы Пресновка кентіндегі «Айнагүл» балабақшасына 2014 жылдан жетекшілік етіп келе жатқан оны қайыршыға садақа етіп бергендей етіп бөлінетін қаражаттың мекемені ағымдық жөндеуден өткізбек түгілі жыртығын да жамауға жетпейтіні қайран қалдыратын. Оның өзін жылап-сықтап, бұлдап беретін. Ғимараттың аңғал-саңғал ішкі-сыртқы жұтаң кейпі тіпті қораш көрінетін. Тығырықтан шығудың жолын шарқ ұрып іздеп, оқу бөліміне қанша барса да, тауы жығылып, тауаны шағылып қайтатын. «Үмітсіз шайтан» деген, сонда да 1,5 миллион теңге мөлшерінде шығын есебін жасап, қалдырып кеткен. Кейін естуінше, қазынаның тапшылығын желеу еткен мәслихат депутаттары оның ұсынысын қабылдамай тастаған. Сөйтіп жүргенде А.Уатаев деген от жағушы басқа жаққа көшетін болып, бұған бір ой келген. Оған мән-жайды тәптіштеп түсіндіріп, жұмыстан шығу туралы өтініш жазбауын өтінген. Ерікті келісімін алғаннан кейін шаруашылық меңгерушісі Р.Аппақоваға оның ай сайынғы еңбекақысын бір тиынын да шашау шығармастан рет-ретімен балабақшаның бірінші кезектегі мұқтаждықтарына жұмсап отыруды нығырлап тапсырған. Сөз арасында сан мәрте тексерістер барысында Аппақоваға ешқандай кінәрат тағылмағанын айта кеткен жөн. Ол өз міндетін барынша адал атқарып, сатып алынған заттардың қайда жұмсалғанына дейін арнайы журналға тіркеп, түбіртектеріне дейін сақтап қойған.
Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы облыстық департаментінің тергеушісі Сердалинов болса Н.Нұрғалиеваның әрекетін қылмысқа жатқызып, 294 мың 44 теңге мемлекет қаражатын жымқырды деген ауыр айып таққан. Мен тергеушінің кінәңді мойындап, ақшаны қайтарсаң қылмыстық іс қозғалмайды деген сөздеріне имандай сеніп қалдым. Сөйтсе, онысы алдарқату екенін айыптау қорытындысымен танысқанда бір-ақ білдім. Қаржылық құжаттар бойынша ешқандай сараптама жасалмаған. Қаржының қайда жұмсалғаны жайлы нақты дәйектер іске тіркелмеген. Бір сөзбен айтқанда, лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, қызметтік көзбояушылыққа барды деген бірыңғай қаралау мақсатын ұстанып, қолдан «қылмыскер атандырғаны» жанына қатты батты. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары бұрмаланғаны туралы сотқа шағымдануына, шығынданып адвокат жалдауына, көп күндерді ұйқысыз өткеруге тура келді.Тергеушінің алдап соққан айласымен, отбасы өмірін мүлдем басқа арнаға бұрып жіберген тәлкегімен ақырына дейін күресуге бел буған ол алдында жүйкені жұқартатын қаншама бейнеттің күтіп тұрғанын білген жоқ.
Үмітті үзген үкім
«Хатшы қыздың «Сот келе жатыр! Тұрыңыздар!» деген қатқыл дауысынан ұйқыдан беймезгіл оянғандай селк еттім. Сотқа бірінші рет келіп отырғандықтан ба, өкпем аузыма тығылып, ұялғанымнан қара жердің тесігіне кіріп кететіндей ауыр күй кештім. Қара қылды қақ жарып, шындықтың шырайын шарболаттай шыр айналдырады деген судья тергеушінің қолдан құрастырған «сценариі» жетегінде кетіп, үкілі үмітті үзетіндей үкім шығарғанда төбемнен суық су құйып жібергендей болды. «Менің мұң-зарымды тыңдар адамның қалмағаны ма?» деп күбірлей беріппін. Шарасыздықтан жаман қорландым», деді бізге небір теперішті басынан кешірген Нұржамал әңгімені әріден өрбітіп.Обалы не керек, сотта оқу бөлімінің бухгалтері Ирина Батырева 2014-2015 жылдары қаржы кеңсе заттары мен кір жуу ұнтақтарына ғана қарастырылғанын, линолеум алуға – 139 мың, қазандыққа – 833 мың, мұржа орнатуға – 981 мың, логопед пен от жағушы штаттық бірліктеріне 294 мың теңге сұраған өтініші кері қайтарылғанын айтқан. Басқа куәлер де біраз шындықты жайып салған. Алайда Жамбыл аудандық соты (19.02.2016.) олардың бірде-бірін ескермеген. Күдікті лауазымын асыра пайдаланып, жалған құжат жасады, мемлекет мүддесіне нұқсан келтірді, ұжымның қалыпты жұмыс ырғағын бұзды деген секілді небір айыптауларды тізбелеп, 1.010.820 теңге айыппұл төлеуге міндеттеген. Мемлекеттік қызметтен өмір бойы шеттеткен. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы (18.05.2016.) қарсы тараптың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай үкімді өзгеріссіз қалдырған. Жалғыз жалақыға күнелтіп отырған Нұржамал мұндай мол соманы қапелімде қайдан таба қойсын? 2,5 миллион теңгеге бағаланатын үйін 1,5 миллион теңгеге сатып, айыппұлды төлеу қадамына амалсыз барған. Ал моральдық жанкүйзелісті, күйіністі, бала-шағаның қайғы-уайымын тілмен айтып жеткізу тіпті қиын. Ауылдастарының «жемқор», «ұры» деген көзтүрткісіне күйік болмау үшін отбасы облыс орталығына көшіп, төрт жан пәтер жалдап тұруға мәжбүр болған.
«Бозторғай зорлық көріп тұрымтайдан, таяныш таба алмапты қырдан-ойдан» демекші, жергілікті жерде маңдайы тасқа тиген жәбірленуші тәжірибелі адвокат Нұрбақыт Теменовтің көмегімен Жоғарғы сотқа арыздануға тәуекел еткен.
Дау түйіні әлі шешілер емес
Қылмыстық істер жөніндегі алқа (15.08.2018.) істі жан-жақты сараптай келіп, шағымданушыны кінәсіз деп тапқан. «Н.Нұрғалиева жеке бас мақсатын күйттемеген. Қаражат балабақша қажеттіліктеріне толық жұмсалған. Еңбек ұжымына ешқандай нұқсан келмеген» делінген қаулыда. Оның іс-әрекетінде қылмыстық құрамның болмауына байланысты төменгі сот үкімдерінің күші жойылып, бұрынғы қызметіне орналастыру, материалдық, моральдық шығындарды төлеу міндеттелген. Ақтау үкімі қолына тиген Нұржамалдың қуанышы қойнына сыймай салып ұрып оқу бөліміне келгенімен, тағы да біраз әуре-сарсаңға кезіккен. Жұмысқа орналасу туралы өтінішін қабылдамай, сот арқылы шешіледі деген негізсіз талап қойған. Аудандық сот мәселенің азаматтық сот өндірісі арқылы қаралатынын алға тартып, талап арызын қанағаттандырмаған. Келісім комиссиясы арқылы мәмілеге келуге кеңес берген. Ондағылар өндіріліп алуға тиіс төлемнен бас тарту туралы қисынсыз ұсыныстар айтқан. Не керек, екі арада допша қақпақылға түсіп, облыстық сот арқылы ғана әділдік салтанат құрған. Мұның бәрі айтуға оңай болғанымен, бұралаң-бұлтаңы көп қаншама бюрократтық кедергілерге кез болғаны жапа шегушінің шаршаңқы жүзінен, мұңлы көзінен анық аңғарылады. «Шындық пен өтіріктің, әділдік пен әлімжеттіктің арасы бір-ақ қадам десе де үш жыл ішінде атан түйеге жүк боларлық көрген қиянатым мен мехнатымды есептейтін болсам, жазықсыз жанды күстәналау оңай да ал оның кіршіксіз қалыбына өзгелерді қайта сендіру, ақиқаттың ақ-қарасын, аражігін ажырату ащы ішектей созылып кететіні неліктен?» деп нали, қажи сөйлеген оның сөзінен жуық арада дау түйінінің тарқатыла қоятынына сенімінің аздығын ұқтық. Атап айтқанда, 4,8 миллион мөлшеріндегі жалақы, тағы басқа тиесілі төлемақылардан 600 мың теңге моральдық шығын ғана төленген. Материалдық шығындарды өтеу Қаржы министрлігіне жүктелген. (28.07.2018.) Республикалық ведомоствоның шешімді өзгерту туралы талап арызы қолдау таппаған. Ендеше сот талабы неге орындалмай отырған деген сауал еріксіз туындап, мәселенің жай-жапсарын білмек болып Жамбыл аудандық сот кеңсесінің меңгерушісі Азамат Жаңабергеновпен сөйлескенімізде төмендегідей жауап алдық:
– Иә, Н.Нұрғалиева кеңсе қызметкерлеріне қалған қаражат әлі түспей жатқанын айтып, хабарласқан болатын. Осыған байланысты зерттеу жүргізіліп, нәтижесінде мыналар анықталды. Өндірілуге тиісті бастапқы сома мөлшері түзетіліп, қайтадан аудандық соттың қаулысы шыққан. Бар мәселе қате кеткен алғашқы атқару парағын Астанадағы сот орындаушының кері қайтармағанына, оны түзетілмеген күйі Қаржы министрлігіне өткізгеніне келіп тіреледі. Нұржамалдың ескертуінен кейін іле-шала екінші атқару парағы министрлікке де, сот орындаушыға да қайтадан жолданды. Қаражаттың қашан түсетінін болжап айту қиын, – деді ол күмілжіп.
Өткен жылдың қоңыр күзінде дайын болған атқару парағы тиісті орындарға уақтылы жетпеуіне кім жауап берер екен? Бәрінен де балабақшадағы көздері жаутаңдаған сәбилердің аянышты жайын ойлап, тығырықтан шығудың қарекетіне ұмтылған нәзік жанды жаптым жала, жақтым күйенің құрбанына айналдырып, шала қарпылған киізге ұқсаған сыңаржақ шешімдерімен бір отбасыны қаңғытып, үйсіз-күйсіз қалдырған тергеуші мен судьядан сұрау бола ма? Әділдік қалпына келтірілгендей көрінгенімен, түбегейлі шешімін тапты деуге әлі ерте. Солтүстік Қазақстан облысы