• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Маусым, 2019

Маңғыстауда жыл басынан бері 5633 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған

851 рет
көрсетілді

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Нұрмамедова Қарашаш Ішбергенқызы мәлімдеді.

2018 жылы облыс бойынша 9100 адам ғана атаулы көмекті алса, жыл басынан бұл көрсеткіш бірнеше есе көбейіп, АӘК алғандар саны 32025 адамға (5633 отбасы) жеткен. Республикалық бюджеттен 2018-жылы 469 млн теңге бөлінсе, осы жылдың тек бір ғана мамыр айында 733 млн 600 мың теңге төленген. Бұл дегеніміз, осы жәрдемақыға мұқтаж азаматтарды қамту шаралары үкімет тарапынан жоғары деңгейде жүргізіліп жатқандығын білдіреді. Жыл соңына дейін  әлі 9 мыңдай өтініш қаралу жоспарлануда.

-Айта кететін бір жәйт, құжат тапсырғысы келетін үміткер аудан орталығынан шалғай ауылда тұрса, ауыл әкіміне тікелей барып атаулы көмекке алуға өтініш жаза алады, оған оның толық құқығы бар. Себебі, «E-XALYK» жүйесі әрбір әкімдікте орнатылған. Осылайша ұзын-сонар кезек болмай, мәселесі тез арада шешімін табады. Сонымен қатар, көпе-көрнеу жалған ақпарат ұсынып, құжаттары сәйкес емес азаматтарға жәрдемақы төленбейді. Алаяқтыққа жол беріліп жатқан фактілер де аз емес. Жыл басынан бері 32 мыңнан астам адамға тағайындалған көмектің 16800-і 18-ге толмаған балалар құрап отыр, деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Қарашаш Ішбергенқызы.

Атаулы әлеуметтік көмек - бұл аз қамтылған азаматтарға және табыстары төмен деңгейдегі отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем. Биылғы жылдың 1-сәуірінен бастап атаулы көмектің критерийлері өзгерген. Бірінші, бұрын жәрдемақы күнкөріс деңгейінің 50 пайызын құраса, қазіргі таңда 70 пайызы мөлшерінде төленіп отыр. Облыс бойынша күнкөріс деңгейі 33553 теңгені құраса, атаулы әлеуметтік көмекке үміткер адамның отбасы мүшесіне 23487 теңгеден жетпеген жағдайда бұл отбасы көмек ақшаны алуға құқылы болып табылады. Екінші, тапсыратын құжаттар тізбесі оңтайланған, яғни бір ғана жеке басын куәландыратын құжатпен есепке тұра алады. Себебі, үміткер туралы барлық ақпараттар халықты еңбекпен және әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйесіне енгізілген. Осының арқасында қолжетімділік ұлғайып, мүмкіндіктер артқан.

Маңғыстау облысы