Туырылып түскен қазы-қарта болмаса, өздерінің тілімен айтқанда «шөп-шаламды» ас деп бағалай қоймайтын Арқа қазағының енжарлығы басым. Жарты күн бойы екі бағыттағы мыңдаған саяжайдың мәселелерін жете түсінбек болып сүзіп шықсақ та, жермен айналысып жатқан жергілікті жұртты көре алмадық. Саяжайлардағы тұнып тұрған қиындықпен алысып жатқандардың дені, бәлкім түгелге жуығы өзге ұлт өкілдері. Қай тарапқа қарасаң да ғарасат майданы осы жерде болған сияқты. Әсіресе, Зеренді тас жолының оң жақ қапталындағы тұсы оңбай ойсырай қираған. Шатыры жұлынған, қабырғасы қаусаған саяжайлардың түрін көріп, тіршілігінен түңілесің.
– Себебі, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Петр Алексеев, – Кеңес одағы ыдырағаннан кейін саяжайлар қараусыз қалды. Әйтпесе бұрын тәп-тәуір еді. Жаз бойы жер тырмалап жүріп, күздің күні тосабымызды қайнатып, жеміс-жидегімізді жинап, азын-аулақ картобымызды дайындап алушы едік. Жалғыз дастарқанның ырысы ғана емес, саяжай дегеніміз денсаулыққа да пайдалы ғой. Бір уақыт табиғаттың аясында дем алып жүріп жұмыс істесең, құр атқа мінгендей қунап қаласың.
Әр жыл сайын көктемде қала іргесіндегі ауылдардан көң әкеліп сатады. Болар-болмас кәсіп. Оның өзінде де көсегелері көгеріп тұрғандары шамалы екен.
– Бұрнағы жылдары аздап өтуші еді. Биыл тіпті, көң алушылардың қарасы көрінбейді, – дейді Болат Батыров, – бір қорабын 15 мың теңгеден сатамыз. Өйткені таза болсын деп қолмен артамыз. Жанар-жағармайдың шығыны бар. Біздіңше, қымбат емес. Бірақ соның өзінде алушы жоқ.Алушы қайдан болсын, саяжай атаулы қаңырап бос жатса. Себебін сараладық.
– Кеше биылғы маусымда бірінші рет су берді, – дейді саяжайшы Сергей Степанов, – былтыр су ақысы деп әрбір саяжай иесінен 16 мың теңге қаржы жинаған. Биыл қымбаттапты, 20 мың теңге деп отыр. Су құбырлары әбден тозып, тесік-тесік болып жатыр. Қаншама су далаға ағады. Сонда оның ақысын біз төлеп отырмыз. Егер осы жердегі саяжайлардың бәрі бірдей пайдаланса, су ақысы да төмендер еді.
Айтуларына қарағанда, қалған саяжайлардың өзінде ұрлық өршіп тұр. Мәселен, осы Сергей Степановтың саяжайын қыстың күні қараусыз жатқанда бірнеше мәрте тонаған. Алғашында темір қоршауын металл қалдықтарын жинап кәсіп ететіндер бұзып әкетсе, ендігі бір жолы су құятын бөшкесін де артып алып кеткен. Қаншама шығын. Тастанды саяжайлардың маңында берекесіздіктің белгісіндей қурай өседі. Өткен күзде әлдекімдердің қырсығынан қураған қурайға от тиіп, өрттен 4-5 саяжай үйі түгі қалмай жанып кетіпті. Тырбанып тіршілік етеміз дегендердің жолын әбден бел алып кеткен ұрлық кесіп тұр.
– Қазір, – дейді Сергей Степанов, – картоп қана егемін. Қияр, қызанақ, сәбіз егу қорқынышты. Талай рет күздің күні пісіп-жетіліп тұрғанда, қазып алып кетті. Сөйтіп алты ай жаз ала шапқын болған еңбегім зая кетті. Тіпті, картопты да қазып алып кететіндер бар. Өзіміздің «Рябинушка» саяжай кооперативінің басшыларына талай рет өтініш айттық. Күзетшіні жалдау үшін әрбір саяжайдың иесінен қаражат жинау керек екен. Бірақ оған елдің бәрі қосыла бермейді. Салт атты полиция күзетеді дейді. Бірақ өзім көрген емеспін.
«Дачник» кооперативінің төрағасы Алексей Шумейконың айтуына қарағанда, бір кезде барлық кооперативтер иесіз қалған. Сол кезден бастап барлық саяжайларға осы кооператив қожалық етіп келеді. Иесіз қалған саяжайларды ниет білдірушілер болса, алудың ешбір қиындығы жоқ. Ең алдымен саяжайдың иесі жоқ екендігі туралы анықтама алады. Ережеге сәйкес 15 мың теңге ақшасын төлеген соң қалалық комиссия қарап, заң аясына сиятын болса, жаңа қожайынның иелігіне өтеді. Төрағаның айтуына қарағанда, мыңдаған саяжайлардың бос қалуының кесірі, шын мәнінде қалғандарына тиіп тұр екен. Өйткені бірлесіп электр желісін, су құбырын тарту керек. Бәрі бірдей қосылса, әрине арзанға түсер еді. Бірақ қаншама хабарландыру беріп, елді құлақтандырғанымен, саяжаймен айналысуға тілек білдірушілер мүлдем жоқтың қасы. Қазір Зеренді бағытындағы саяжайларда 10 кооперативтің құзырына жататын саяжайларға су беріліп тұр екен. 18 кооператив суды ұңғыма құдығы арқылы алады. Ал саяжай ішіндегі жолды жөндеу әзірге мүмкін емес. Оған көп қаражат қажет. Қала әкімшілігі бірнеше бағытта автобус жүргізуге ықпал етіп отыр. Күзет мәселесін әр кооператив өздері шешсе, жергілікті полиция тарапынан қойылған салт атты полиция күзеті маусымда ғана жұмыс істейді.
– Саяжай үшін ең басты мәселе – су, – дейді қала тұрғыны Кенжебай Пішенбаев, – су жаз бойы аптасына бір-ақ рет беріледі. Кейде тіпті ол да болмай қалады. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта апталап суарылмаған соң азын-аулақ көкөніс күйіп кетеді. Талай рет солай болды да. Кімге барып мұңыңды айтарсың? Сосын да қорқып, еге алмай отырмыз.
Қоңыр күзде көл-көсір болмағанымен, қоңторғай күйді көп-көрім жақсартып, бала-шағаның ерінін көкөніске тигізетін саяжай мәселесі қордаланып қалған. Ең бастысы су және электр қуатымен қамтамасыз етіп, бос қалған саяжайлардың жаңа иелерін тапса, бұл бағыттағы жұмыс та жөнге келіп қалар еді. Көкөнісі қат Көкшетау тәрізді өңірде базардағы баға қай кезде болсын күйіп тұрғанда, аз да болса ырыс, нәпақа емес пе?!
Сөз соңында бұл іске қала әкімдігінің араласуы керек деген пікірдеміз. Әйтпесе әр кооператив өз бетінше ауа жайылып, берекеге бастайтын істі қожыратып отыр.
КӨКШЕТАУ