Облыстағы 35 мыңнан астам көп балалы аналардың 17 мыңы – Батыр аналар. Олардың 8 мыңға жуығы «Алтын алқа», 9 мыңға жуығы «Күміс алқа» иегерлері.
А.Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде өткен байқау қорытындысы бойынша 10 отбасы жүлделі орынға ие болды.
Байқауда Шиелі ауданынан қатысқан Әбдіжаппаровтар әулеті «Өнегелі отбасы», жаңақорғандық Сабырхановтар «Ынтымақты отбасы», Арал ауданынан келген Төрехановтар «Рухты отбасы», сырдариялық Есқараевтар «Ұлағатты отбасы», жалағаштық Сәменовтер «Парасатты отбасы», ал қызылордалық Жаназаровтар «Зиялы отбасы» номинацияларымен марапатталды. Қармақшы ауданынан қатысқан Арифовтар отбасы ІІІ орын, жаңақорғандық Қарынбаевтар отбасы ІІ орын, Шиелі ауданынан қатысқан Байденовтер отбасы І орынды жеңіп алды. Облыстық байқаудың бас жүлдесін Қиянбековтер әулеті иеленді.
Қиянбековтер отбасы 10 баланы өсіріп, ұядан ұшырған. Бүгінде 43 немере, 12 шөберенің қызығына тоймай отырған бақытты әулеттің бәйтерегі Әмір ата Шиелі ауданының құрметті азаматы атанған. Отанасы Қалгүл апа мен бір қызы және келіні «Алтын алқа» иесі болса, тағы бір келіні «Күміс алқамен» марапатталған.
«Мерейлі отбасы-2019» облыстық байқауының жеңімпазы Әмір қарияның жастарға айтары көп.
– «Бақ, қайда барасың – ынтымаққа барамын» деген сөзде үлкен ой жатыр, – дейді өнегелі шаңырақ иесі. – Әр азамат өзінің отбасы алдындағы жауапкершілігін терең түсінсе, тәлім-тәрбие ісіне жауапкершілікпен қараса бақ та, дәулет те орайымен келеді. Отасқандарына ширек ғасырдан асқан шаңырақ саясы мол алып бәйтерекке айналған.
Айтары жоқ, бүгінде жас шаңырақтар жиі шайқалып жүр. Статистикалық мәліметтер көңіл құлазытады. Кеше ғана «сүйдім-күйдім» деп жандары қалмай табысқан жандардың жыл айналмай жатып жолдарының екіге айырылуы қоғам қасіретіне айналып барады. Арада көзі жәудіреп жүрегі қан жылап қалған сәбилердің қандай жазығы бар еді?!
Бабаларымыз отбасы құндылықтарына берік болған. Ажырасу некен-саяқ еді. Отағасы жазатайым өмірден өтсе балалары ауыл болып қамқорлыққа алынды, жесіріне жағдай жасалды, елден кетпеді. Оларды ешкім өзектен тепкен жоқ. Жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» байқауы ұлттық тәрбиенің түп-тамырын ата-баба дәстүрінен іздейді. Отағасы мен отанасына шаңырақтың берекесі – ұлттық құндылықтардан ажырамауды аңғартады. Анасы мықты елдің керегесі кең, шаңырағы биік, ырысы мол екенін ұқтырады.
– Аллаға шүкір, бақыттымын, – дейді Әмір Қиянбеков ақсақал.
Бұл отбасы енді Сыр өңірінің атынан республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысады. Қызылорда облысы