Маңғыстау облысы Полиция департаменті қызметкерлері мен «Art-East» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, Ақтау қаласында тұратын соғыс ардагерлерін Ораза айт күнімен құттықтап, үйлеріне барып жағдайларын білді.
Ардагерлер өз кезегінде келген қонақтарға дастархан жайып, өткен кеткен, өмірден түйгендерімен бөлісті. Сұрапыл соғыстың қасіретті шақтары, бастарынан кешкендері, бейбітшіліктің қадірін түсіну керектігі, тыныштықты сақтау керектігі, Отанды көздің қарашығындай қорғау керектігі жөнінде әңгімелер өрбіді.
Соңында қариялар өз алғыстарын айтып, баталарын беріп, полиция қызметкерлерінің қоғамдық тыныштықты сақтаудағы істеріне сәттілік тілеп, ризашылықпен шығарып салды.