• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2019

Сенсация. Шығыс Қазақстаннан сақтардың тұңғыш қонысы табылды

4366 рет
көрсетілді

Елдің бәрі сақтарды көшпелі, анда-мұнда көшіп жүрген деп ойлайды. Сондай стереотип қалыптасқан. Бұл ескерткіш олардың отырықшы болғандығын, егіншілікпен шұғылданғандығын көрсетіп отыр.

Осындай сенсациялық жаңалықты Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды. «Бүгін, сайлау күнінде белгілі археолог Зейнолла Самашев облыс әкімі Даниал Ахметовке Ұлан ауданы аумағындағы Ақбауыр үңгірінің маңынан (Бестерек ауылы) осындай сенсациялық жаңалық ашылғанын хабарлады» дейді облыс әкімінің орынбасары.

Біз бұл жаңалықты естіген соң бірден археолог Зейнолла Самашевке телефон шалдық. «Бұл – ежелгі сақтардың қонысы. Өте құнды ескерткіш. Құндылығы, бізде сақтардың қоныстары жоқ қой. Елдің бәрі сақтарды көшпелі, анда-мұнда көшіп жүрген деп ойлайды. Сондай стереотип қалыптасқан. Бұл ескерткіш олардың отырықшы болғандығын, егіншілікпен шұғылданғандығын көрсетіп отыр. Қазба барысында бидайды ұнтақтайтын құралдар табылды. Олардың мекен еткен дөңгелек үйлерінің орындары шықты. Бұл  - үлкен қоныс. Біз соның төрттен бір бөлігін бастап қазып жатырмыз. Екі-үш күннен кейін «Елеке сазына» кететіндіктен мұндағы қазба жұмыстарын келесі жылы жалғастырамыз» деген археолог бұл қоныстың көлемі шамамен 3084 шаршы метр екендігін, мұндай ескерткіш Шығыс Қазақстан аумағынан тұңғыш табылып отырғандығын жеткізді.

«Бұл - асықпай, 6-7 жыл қазылатын дүние. Сақтар дәуірінің алғашқы кезеңіне жататын қоныс. Бұл - малшылықпен, қолөнер ісімен бірге егіншілікпен, кен өндіру ісімен шұғылданған сақтардың бір тобы. Табылған құмыра сынықтарының өзі мыңнан асады. Онымен қатар жебе, пышақ секілді өткір құралдарды қайрайтын қайрақтар табылды. Ең құнды жәдігер – дәнді-дақылдарды ұнтақтайтын диірмен. Қазақтың диірмені дөңгелек пішінді болса, бұл текше» дейді З.Самашев.

Археологтың айтуынша, бұл ескерткіштің табылуына облыс әкімі Даниал Ахметов себепкер болыпты. Ол кісі былтыр археологқа «осы жерді қазып көрші, астында бірдеңе бар секілді» деген екен. «Қазсақ, сақтардың қонысы болып шықты. Ғажап!» деп таңданады Зейнолла Самашев.

Шығыс Қазақстан облысы

Ұлан ауданы

Суреттер Әсем Нүсіпованың фейсбуктегі парақшасынан алынды