Үйде отырған жандарға жұмыс табыла ма?
Өңірде 31 мамырға дейін 31 509 бала тұратын 10 144 отбасына (49766 адам) 1 450 миллион теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі жаңа механизм бойынша тағайындалды. Атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз деп екі түрге бөлінетіні белгілі. Жиында аймақ басшысына АӘК-тің тағайындалу барысы жайында баяндаған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова аймақта шартты әлеуметтік көмек 41 831 адамға (оның 14 514-і – еңбекке жарамды) тағайындалғанын, оның 6 891-інің АӘК алуға өтініш берген сәтте тұрақты жұмысы болғанын, 1267 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тартылғанын, 8158 адамның жұмыс істейтінін, 6356 адамның (соның ішінде 7 жасқа дейінгі балаларды күтумен айналысатын адамдар саны – 5570) жұмысқа орналасудан бас тартқанын айтты. «Атаулы әлеуметтік көмекке үміткер азаматтар арасында түсіндіру жұмыстары облыста қарқынды жүргізілді. Аталған санаттағы азаматтардың құжаттарын қабылдау, оларға кеңес беру ісі халықты жұмыспен қамту орталықтарында, ауылдық округ әкімдіктерінде және «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының барлық 24 филиалында ұйымдастырылды. Өтініш қабылдайтын Жұмыспен қамту орталықтары мамандарының жұмыс уақыты сәуірде сағат кешкі 8-ге дейін, қажет болғанда соңғы клиентке дейін ұзартылды. Қазір құжаттар халықты Жұмыспен қамту орталықтарында және ауылдық округ әкімдіктерінде қабылданады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері 29 мамырдан
1 маусымға дейін Өскемен, Риддер қалаларында, Алтай, Бородулиха, Глубокое, Жарма, Катонқарағай, Ұлан, Шемонайха аудандарында АӘК тағайындаудың дұрыстығы мен заңдылығына тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша заң бұзушылықтар анықталған жоқ», дейді облыс әкімінің орынбасары.
Жоғарыда шартты әлеуметтік көмек тағайындалған 6356 адамның жұмысқа орналасудан бас тартқанын айттық. Облыс әкімі үйде отырған осы адамдарға алаңдаушылығын білдіріп: «Олар жұмыс істеуден бас тартты деп отырсыздар. Бұл – шартты әлеуметтік көмек. Оны 12 ай ғана алады. Одан кейін олар қайда жұмыс істейді?» деп сұрақты төтесінен қойды облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаевқа. Басқарма басшысы жұмысқа орналасудан бас тартқан 6356 адамның 5570-і 7 жасқа дейінгі балаларды күтумен айналысатын жандар екенін жеткізді. Д.Ахметов басқарма басшысының бұл жауабына қанағаттанбай қалған мың адамның тізімін әзірлеп, әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істеуді, басқарма мен қала-аудан әкімдеріне бір айдың ішінде оларды жұмысқа тұрғызу мәселесін шешуді тапсырды. «5 мың адамның қаншасы жұмысқа шығатынын, қаншасы шықпайтынын анықтау керек. Нақты сараптама қажет» деді облыс әкімі.
1087 түлектің оқуға түсуіне жеңілдік жасалады
Төрт ай бұрын Өскеменде өткен Nur Otan партиясы облыстық филиалының ХХІІ конференциясында Шығыс Қазақстанда көп балалы және мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары балабақшадағы тамақтану төлемінен босатылатыны, өңірдегі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көп балалы отбасылардың колледжде оқитын балалары тамақпен және шәкіртақымен тегін қамтылатыны, сонымен қатар аймақтағы аз қамтылған және көп балалы отбасылардың мектеп жасындағы балаларына форма сатып алуға 500 миллион теңге көлемінде жәрдем көрсетілетіні жайында айтылған еді. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жүйеленіп, кімдерге нақты көмек көрсетілетіні анықталды. Облыста 3 518 көп балалы отбасы және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар балабақшадағы тамақтану ақысын төлеуден босатылмақ. Оның ішінде мемлекеттік балабақшаларда 2435 бала, жекеменшік балабақшаларда 474 бала, мүмкіндігі шектеулі 609 бала бар. Ата-ана төлемін өтеу үшін облыстық бюджеттен 200,2 миллион теңге бөлінді.
Қазір өңірде көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсету мәселесі де қаралуда. Жиында келтірілген деректерге сүйенсек, биылғы көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп түлектерінің саны – 1087, оның 898-і 9 сыныпты, 189-ы 11 сыныпты бітірмек. Ағымдағы жылы тегін кәсіптік-техникалық білім беру үшін облыстық бюджеттен 6200, республикалық бюджеттен Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасы бойынша 1730 орын бөлінді. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен жылына 4,5 миллиард теңге, оның ішінде биыл көп балалы отбасылардың студенттеріне 3 миллиард теңге қарастырылып отыр. Аудандық және қалалық білім бөлімдері қазіргі уақытта көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларының облыс колледждерінде білім алуға тілек білдірушілерін анықтау жұмыстарымен шұғылданып жатқан көрінеді. «Жақында Семейде болғанымда маған бір көп балалы отбасы баласының жекеменшік колледжде оқитынын айтты. Бұл мәселені қалай шешуге болады?» деп сұрады жиында аймақ басшысы орынбасары Әсем Нүсіповадан. Облыс әкімінің орынбасары бұл мәселені мемлекеттік тапсырыс аясында шешуге болатынын тілге тиек етті. «Өңірдегі қала мен аудан әкімдері облыстық білім басқармасы және білім бөлімдерімен бірлесе бұл мәселені тікелей бақылауына алсын. 1087 түлектің ішінде оқуға түскісі келетіндерді анықтап, оларға тиісті жеңілдіктер жасалуы керек. Біз уәде бердік, сөзімізде тұруымыз керек», деді облыс әкімі.
Аймақта көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын мектеп формасымен қамту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Қазіргі уақытта өңірдегі мектеп формасына мұқтаж оқушылар саны 33 583 болса, оның 6718-і жергілікті бюджеттен қарастырылған жалпы білім беру қоры есебінен, 26865-і облыстық бюджет есебінен қамтылмақ. Облыстық кәсіпкерлер палатасы мектеп формасын тігуге ынта танытып отырған кәсіпорындардың тізімін де әзірлеп қойыпты. Алайда, аймақ басшысы Д.Ахметов бұл ұсынысты қабыл алмады. «Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен облыстық кәсіпкерлік басқармасы жұмысты өзгелерге жүктегенді жақсы көреді. Маған кәсіпорындардың тізімі емес, олардың ұсынған бағдарламалары қажет. Біз өңірдегі кәсіпорындарға мектеп формасын тігу үшін 625 миллион теңгенің мемлекеттік тапсырысын бергелі отырмыз. Олар мемлекеттік тапсырыс алғысы келсе, соған сай өздерінің өндірістік қуатын арттырып, қорларын жаңартуы тиіс. Қажет болса, жеңілдетілген несие алсын. Олар бізге өздерінің инвестициялық жобасын әзірлеп, ұсынсын. Өкінішке қарай, бұл жұмыс жүргізілген жоқ. Осылай жалғаса беретін болса, мектеп формасын Қытай мен Түркиядан тасымалдаудан құтылмаймыз» деген облыс әкімі өңірдегі қала, аудан әкімдерін жеңіл өнеркәсіп орындарымен жұмыс істеуге шақырды.
ӨСКЕМЕН