– Жазу-сызуға кішкентай кезімнен құмарттым. Ол кезде ауыл адамдары газет-журналға көп жазылатын. Аудандық, облыстық, Алматыдан шығатын әдеби журналдар. Жоғары сыныптарда оқып жүргенімде бір жолын қалдырмай оқыдым десем, өтірігі жоқ, – дейді Мұса қажы, – өзім де журналист болғым келді. Сол арман алға жетелеп Алматыға әкелді. Ол тұста журналистика факультеті біреу-ақ. Конкурс күшті. Әйтеуір бұрын аудандық газетте жарияланған шағын хабар, бірді-екілі мақалаларым сеп болды ғой деймін, жолым оңынан оңғарылды.
Өзінің айтуына қарағанда, кейінгі өмірі аудандық газетте өтсе керек. Тақырып таңдамаған. Құрығын сүйреткен жылқышы, ақтылы қой баққан шопан, ақық дән аялаған диқан. Әйтеуір заманның талабына сай жалпақ жұртты жақсы істерге баулу қажет болған. Ел ішін сүзіп жүріп көпке өнеге, жақсылығы жұғысты болатын мәнді мысал іздеген.
– Ол кезде аудандық газет екі тілде шығатын. Қазақ редакциясында төрт журналист, орыс редакциясында алты журналист жұмыс істеді. Жоғары оқу орнын бітірген маман тапшы. Ең қиыны, баспахана. Баспаханадағы қорғасынның шаңын көкірегіміз толғанша жұттық қой, – дейді қарт журналист, – облыстық газетпен байланысымызды үзген жоқпыз. Онда журналист-жазушы Жанайдар Мусин, Октябрь Бұқарбаев, өзімнің жерлесім Рүстем Бермағамбетов тәрізді қаламының желі бар жігіттер жұмыс істеді. Жазғандары көптің көңілінен шығатын. Біз де облыстық газетке аудандағы жақсылықты, ел құлағын елең еткізетін сүбелі дүниелерді жедел жазып жіберуге тырыстық. Ал «Социалистік Қазақстан» газеті шалғайдағы журналистердің сауатын арттыратын, бағыт беретін басылым еді. Кеңес заманында ол газетте саяси мәселелер көп жазылды. Талапқа орай шаруашылық, экономика тақырыптарына да кеңінен орын берілетін. Заман алға озған сайын, оның үстіне тәуелсіздік алғасын бас басылым мазмұндық тұрғыдан күрт өзгеріп, сөзі саралана салмақтанып, түрленіп шыға келді. Қазіргі күні «Егеменді» қолыңа алсаң, Алтайдан Атырауға дейінгі кең көсілген даланы кезіп жүргендей әдемі әсерге бөленесің. Тамаша табиғатын көзіңмен көріп, даланың тынысын аңдайсың. Жасампаз заманның жарқын бейнесін өз қолымен көркейтіп жатқандардың жанкешті еңбегін көз алдыңа келтіресің. Алаш баласын ғана емес, түп-тамырымыз болып саналатын түркі дүниесін тұтас бірлікке шақырып отыр. Маған әсіресе, «Түркі тілдес, түгел бол!» деген айдардың арғы астары қатты ұнайды. Бұрын шынын айту керек бас басылымда сын материалдар аз болатын. Қазір көбейді. Бұл жақсы ниеттен туындап отырған дүние. Өйткені атам қазақ «сын түзелмей, мін түзелмейді» деген емес пе. Айталық, «Көкейкесті», «Сараптама», «Толғандырар тақырып» айдарымен жазылатын қаламы жүйрік журналистердің қадап айтқан мәселелері қандай. Барлығы ел болу жайы. Ертеректе бізге кемшілікті аз айттыратын, кейбір тақырыптарда жұмған аузымызды аша алмас едік. Мәселен, тоз-тозы шыққан тілімізді толғап жазар заман болды ма? Аудандық газеттің ау-жайы белгілі ғой. Жүз қойдан жүз қозы алған шопан мықты, күні-түні жұмыс істейтін, демалмайтын, ел жайын ойламайтын робот сияқты механизатор. Біздің кейіпкерлеріміз осы еді. Ал бүгін қараңыз, көкірек көзі ашық, ел дегенде ет жүрегі лүпілдеп тұратын қайраткерлер. Бас басылымды оқыған сайын құмарта түсемін. Жас тоқсанға жақындағанда көздің нұры, қолдың қайраты кеміп, жазудан қалдық.
Қайраты бар кезде қаузаған екен. Газет материалдары өз алдына, екі жинақ дайындапты. Тек шығаруға қаражат табылмаған. Өкінішке қарай ол жинақтарын әлдебір оқыс оқиғаның кезінде өрт шалған. Қайта тірілтуге ынта болғанымен, денсаулығы жібермейді.
Журналистік жұмысы жайлы бейтарап әңгіме өрбітіп отырып, Мұса қажы мен Нағима әжейдің 64 жыл отасқанын, жарық дүниеге он перзент әкелгендігін естіп, бір қуандық. Балаларының бәрі ержетіп отау құрған, өрісі мен туысын көбейткен.
– Жеңгей, алтын алқаңызды тағыңызшы, суретке түсіріп алайық, – деп өтініш айттық.
Ұзақ іздеді. Әлдебір түйіншектерді ақтарды. Көмекке келінін шақырды. Әлден уақытта табылды-ау.
– Осыны алғалы бір тақпап едім, – деп шынын айтты.
Мақтануды білмейтін, міндетсуден ада қайран қазақтың кеңдігі-ай!
Біздің әрекетімізге қарап, миығынан күліп отырған қажы ата тірлігімізді теріс дей қойған жоқ. Өзі де ұзақ жыл журналист болған адам ғой. Тек қайыр хош айтысқан сәтте ел газеті – «Егеменге» жалғыз ауыз сөзбен баға берді.
– «Егемен» – қазына, рухани байлық! Ел «Егеменмен» есейіп келе жатыр! – деді қажы атам.
Айта жүрер аталы сөз.