• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 29 Мамыр, 2019

Сенімге серт берген

902 рет
көрсетілді

Тарихи таңдаудың табалдырығында тұрған елімізде жұрт назары президенттікке үміткер тұлғаларға ауғаны анық. Бұл орайда сайлауалды бағдарламалары ғана емес, олардың биографиялары мен болмыс-бітімі де қоғамның қызығушылығын тудырып отыр. Халықаралық қауымдастық та зер сала зерделеп отырған сондай тұлғаның бірегейі – Қазақстан Президенттігіне «Nur Otan» партиясы атынан үміткер ретінде қатысып отырған, жаңа Қазақстанның жасампаз жылнамасында жарқырай көрінген қайраткер Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев екені ақиқат.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – тегімен де, тәрбиесімен де, таным-түсінігімен де қазақ зиялыларына етене жақын тұлға. Өйткені ол — қазақ руханиятына үлкен үлес қосқан қарымды қаламгер шаңырағының перзенті, тағдыр тауқыметін тартқан текті тұлғаның тұяғы, елдің тыныс-тіршілігін, мұңы мен мәселесін бала кезінен көріп өскен, іштен білетін азамат. Қалың оқырман, әлбетте, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін салушы Кемел Тоқаевты жақсы біледі. Оның «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Соңғы соққы» және тағы басқа роман-повестері — ұлттық әдебиет кеңістігінен ойып орын алған озық туындылар. Бұл кітаптар арқылы Тоқаев сойы тек қазақ оқырмандарына ғана емес, шетелдерге де танымал болды. Айталық, сонау жетпісінші жылдардың өзінде «Соңғы соққы» романының екі данасын АҚШ конгресінің кітапханасы мен Иллинойс университеті сұратқан екен. Тағдырдан теперіш көрсе де, арқаны аяздай қарыған ауыртпалықтың апанына құламай, өзін өзі алға жетелеген, ұрыс даласында бірнеше рет жараланып, майданнан оралған соң Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, қаламгерлік жолын бастаған Кемел әкенің келісті болмысы — кім-кімге де күш-жігер беретін өзгеше өнеге. Майданнан оралмаған ағасының рухы риза болсын, аты өшпесін деген ниетпен ұлының атын Қасым-Жомарт қою арқылы ағаға деген құрметті жүрегіне де, құжатқа да жазған кемел тілек орындалды! Бүгінде сол бір риясыз туыстықтың белгісіндей қосарланған есімді күллі әлем таныды! Осы текті дегдарлық Қасым-Жомарт Кемелұлының бойынан, іс-әрекетінен, қарапайым адами қарым-қатынасынан үнемі байқалып тұрды.

Өмірдің өзі қайраған қара алмастай қаламгердің қайсарлығы болар, Қасым-Жомарт Кемелұлы бала кезінен алдына жоғары мақсат қойды. Жоғары сыныптарда «Известия», «За рубежом» және ағылшын тіліндегі «Морнинг Стар» сияқты газеттерді құмарта оқи бастаған ол алдына биік мақсат қойып, Кеңес Одағының жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтына оқуға түсті. Ұлының таңдауында Алматыдағы шет тілдер институтында қызмет атқарған анасы Тұрар Шабарбаеваның да ықпалы зор болса керек. Осылайша қазақ баласына таңсық мамандық – дипломатия саласын меңгеріп, Кеңес Одағының Сингапурдегі елшілігінде қызмет етеді. Төккен тердің арқасында Қытайда елшілікте жүріп, кеңесші лауазымына дейін көтеріледі.

Қытай, ағылшын, француз, орыс тілдерін жетік білетін жас дипломат, алғыр азамат 1984 жылы сол тұста Қазақстан өкіметін басқарып тұрған Н.Назарбаевтың назарына ілігеді. Кейін Кеңес Одағы ыдырап, еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік қоғамдастыққа кірудің күрделі кезеңін бастағанда Елбасы Қ.Тоқаевты Қазақстанға жұмысқа шақырды. Бастапқыда Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, артынан Сыртқы істер министрі қызметін абыройлы атқарған Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы тапсырмасына сәйкес, сыртқы саяси институттардың қалыптасуы мен дамуына, тәуелсіз Қазақстанның көпвекторлы бағытын айқындауға білек сыбанып, белсене атсалысты. Сыртқы істер министрі ретінде ядролық қарудан бас тарту ісіне айрықша араласып, алып державалармен келіссөздердің табысты өтуіне зор үлес қосты. Ядролық қаруды таратпау секілді өзекті халықаралық саяси мәселелерді оңтайлы шешуде үлкен рөл атқарды. Сөйтіп 1996 жылы Нью-Йоркте Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа, 2005 жылы Семей қаласында Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды. Дипломат Қ.Тоқаевтың шекараны шегендеу мәселесінде де еңбегі ерен. Елбасы тапсырмасын абыроймен орындап, Қытай, Ресей, Өзбекстан сынды көршілерімізбен арадағы шекара бейбіт жағдайда шешілді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – сын сағатта шыңдалған салмақты саясаткер. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлік таланты Премьер-Министрдің орынбасары, Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы лауазымдарында жүргенде жарқырап көрінді. Әсіресе, әлемдік нарықтағы  мұнай бағасы әлі көтеріле қоймаған, 1997 жылғы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде басталған қаржы дағдарысы Қазақстан экономикасын шарпыған сындарлы кезеңде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Үкімет басына келуі ел экономикасының екінші тынысын ашты. Сыртқы саясат ведомствосында шыңдалған Тоқаев Үкіметі елорда Есілдің бойына көшкен кезеңде елдің болашақ 10 жылын қамтитын әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын жасады. Бәсекеге қабілетті ұлттық экономика қалыптастыру, Ішкі жалпы өнімді кемінде екі есеге ұлғайту, тұрақты экономикалық өсімге жол ашатын мемлекеттік шараларды жүйелеу, ең маңызды салаларға ұлттық капиталдың ықпалын күшейту, аграрлық секторға серпін беру, инфляцияның белең алуына жол бермеу, қаржы-несиелік саясатты жетілдіру сынды негізгі міндеттерді жүзеге асыру осы жылдары басталды. Тоқаев Үкіметі отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін кешенді шаралар қабылдады. Қаржы саласындағы реформа жалғасын тапты. Азия қаржы дағдарысы шарпығанына қарамастан, сол бір қиын кезеңде экономикалық өсім тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары нәтижені көрсетіп, 13,7 пайызға көтерілді.  Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 18 пайыздан жоғарылады. Мұның барлығы Қ.Тоқаевтың мемлекетшіл тұлғасы мен менеджерлік қасиетін көрсетеді.

Қазақстан осы жылдары жаһандық деңгейдегі бірнеше бастамаға мұрындық болғаны белгілі. Соның бірі — Елбасы бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК). Аталған кеңес аясында Азияның күрмеуі қиын түйткілдері талқыланды. Мәселен, АӨСШК-нің 2002 жылы Алматыда өткен алғашқы саммитінде Үндістан мен Пәкістан өкілдері Кашмир қақтығысынан соң алғаш рет кездесті. НАТО интервенциясынан соң Ауғанстан мәселесі талқыланды. Ал 2003 жылы Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі өтті. Өзара діни көзқарастары сай келмейтін түрлі дін өкілдерін бір шаңырақ астына шақырып, бейбітшілік үшін диалог жүргізу күрделі міндет еді. Елбасының бұл бастамасын да Қасым-Жомарт Кемелұлы жоғары деңгейде атқарып шықты. Осындай игі бастамалары арқылы Қазақстан әлемнің ірі державаларымен терезесі тең қатынас орната білді.

Айталық, 2005 жылы министр Қ. Тоқаев Қытайдың Сыртқы істер министрі Ли Чжаосинь, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы К.Райс, Қорғаныс министрі Д.Рамсфелд ссынды белгілі тұлғалармен кездесті. Бұл Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейге шыққан кезеңі болатын. Себебі АҚШ Ауғанстан мәселесін кешенді түрде шешу үшін Орталық Азияда жаңа әріптес іздеді. Сол жылы «Ақордаға» бейресми сапармен Генри Киссинджер келді деген мәлімет тарады. Әрине, халықаралық деңгейдегі Американың мемлекеттік қайраткерлерін елордаға шақыру отандық дипломатия үшін үлкен жетістік еді. Осы орайда, әлемдік дипломатияның корифейі Генри Киссинджердің: «Министр мырза, мен Американың негізін қалаушы емеспін. Алайда өздеріңіздің ұлы елдеріңіздің негізін қалаушы ретінде Сіздің жолыңыз болды. Қазақстанның да жолы болды», деген сөзі еске түседі.

Қ.Тоқаевтың соңынан осы жылдар ішінде қылаудай сөз ілеспегені былай тұрсын, ол  халықаралық қоғамдастыққа да таза, парасат пайымы биік тұлға ретінде жақсы танылды. Қасым-Жомарт Кемелұлы дипломатияның барлық сатысында жұмыс істей отырып, үлкен саясаттың Олимпіне шықты. БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесін басқарған алғашқы Азияның өкілі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік деңгейдегі мәселелер бойынша келіссөздер ұйымдастыруға белсене атсалысты. Соның бірі Сирияның айналасындағы жағдай еді. 2012 жылы 30 маусым күні Сирия мәселесін талқылауда қабылданған құжат кейінгі келіссөздерге негіз болды.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қ.Тоқаевты БҰҰ Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Қарусыздану жөніндегі конференцияда өзінің жеке өкілі ретінде тағайындау туралы шешім қабылдады. Бұдан бөлек, ол ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің және Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағасы болып сайланды. Пан Ги Мун: «Мен оған Женевадағы үлкен және пайдалы жұмысы үшін өте ризамын. Мен оны жоғары бағалаймын. Сондай-ақ БҰҰ-ның ең ірі кеңсесін басқарған адам ретінде мен оған өте разымын», деп Қ.Тоқаевтың кәсіби қасиеттері мен жемісті қызметіне жоғары баға берді. Мұны Қазақ еліне берілген жоғары баға деп білеміз!

Біз Қ.Тоқаевтың сыры көп сындарлы сала – сыртқы саясаттағы сан қырлы қызметімен оның кітаптары арқылы да қанықпыз. Өмір бойы басылымдарда жұмыс істеген жазушы әкенің тәрбиесін көріп, журналист болуды армандаған, бүгінде он шақты кітабы жарыққа шыққан Қасым-Жомарт Кемелұлы — дипломатия иірімдері суреттелетін саяси публицистикалық құнды еңбектердің авторы. Оның қаламынан туған «Беласу», «Нұр мен көлеңке» атты кітаптар бүгінде үздік саяси публицистиканың санатында. Саясат тақырыбын кең қамти отырып, ресми кездесулердің сырт жағындағы қалың қауымға белгісіз дүниелерді шынайы суреттеуімен, түрлі саясаткерлермен кездескен сәттегі ой-толғамдар жинақталған туындылар қызықты оқиғаларымен бірден баурап алады.

Жалпы, Қазақстанның сыртқы саясаттағы шежіресінен, алпауыт елдермен жақындасуда азулы саясаткерлермен арадағы келіссөздердің келісті баянынан әлемге белгілі ұлы тұлғалардың Қазақстанды бастапқыда қалай танығандарын, кейін көзқарастары қалай өзгергенін бажайлай отырып, еркін елдің еларалық байланыстарды қалай бекіте түскенін бағамдауға болады. Бұл еңбектерді оқып отырғанда саясатта, әсіресе сыртқы саясатта ұсақ-түйектің болмайтынына, әр сөз, әр іс-қимыл, тіпті адамның бет әлпетіндегі болмашы көңіл-күйдің мемлекеттердің арасындағы қарым-қатынасқа әсер ететінін аңдап, диломаттардың еңбегі майдан қыл суырғандай аса нәзік екенін көресіз. Ли Куан Ю, Кофи Аннан, Борис Ельцин, Цзян Цзэминь сияқты тұлғалардың үлкен саясаттағы бейнесін тани түсесіз. Сондықтан болар, кітаптар АҚШ, Ресей, Қытай, Сингапур, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Түркия, Ливан, Болгария сияқты елдерде басылып шығып, шетелдік басылымдарда айтулы саяси қайраткерлердің жылы лебізіне ие болды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың орамды ойларымен тек кітаптары ғана емес, әлеуметтік желі арқылы да кеңінен танысып отыруға болады. Оның твиттер желісіндегі аккаунтын 122 мың адам оқиды екен. Ал өзінің оқитын аккаунттардың басым көпшілігі ірі ақпарат құралдары, әлемдік деңгейдегі саясаткерлер мен халықаралық ұйымдар екендігі белгілі. Әсіресе, отандық ақпарат агенттіктерін оқуға дағдыланғаны оның ел ішіндегі оқиғаларды назарда ұстап отыруға мүмкіндік берері сөзсіз. Бұл желіні үздіксіз 8 жыл бойы  қолданып, түрлі ойларымен бөлісіп келген Қ.Тоқаев, бүгінге дейін 6200-ге жуық твит жазыпты. Бұл дегеніңіз, жылына орта есеппен 775 твит жасағанын көрсетеді. Яғни, БҰҰ-ның Женевадағы өкілдігін басқарған кезінде де, Сенат Төрағасы қызметін атқарған жылдарда да әлеуметтік желідегі белсенділігін азайтпаған Қасым-Жомарт Кемелұлы күніне шамамен 2 месседж жолдап отырған. Біздіңше, бұқарамен байланыс орнатудың бұдан озық үлгісі болмаса керек.

Тіпті, кейде оның әлеуметтік желідегі белсенділігі  ақпарат құралдары мен баспасөз қызметтерінен де асып түсетіндей көрінетін. Әрі елдегі кез келген оқиға мен құбылысты назардан тыс қалдырмайтын. Мәселен, 2016 жылы 2 мамырда жазған твитінде жерді шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруді бақылауда ұстайтын қатаң нормативті актілер қажет екендігін айтқан. Жер кодексіне енгізілген түзетулерге мораторий жариялануын да қолдады. Осылайша, қайраткер тұлға ұлтты алаңдатқан мәселеге бей-жай қараған жоқ. Сенат Төрағасы ретінде «Бұл ретте ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмайтынын түсіндіріп қою жеткіліксіз. Біз заңның осы талабын айналып өтуді болдырмайтын құқықтық және басқа да құралдар арқылы осынау маңызды ережені жүзеге асыруға тиіспіз», деп арнайы тапсырды.

Жалпы, Қ.Тоқаевтың жазған месседждері арқылы оның қоғам тынысын дөп басатындығын байқауға болады. Мәселен, 2016 жылы 1 қарашада «Ағылшын тілінде QAZAQSTAN еліміздің ұлттық негізін дұрыс көрсетпек» деп жазу арқылы қоғамға ой салғаны бар. Сөйте тұра, 2017 жылдың 18  желтоқсанында «Ұлттық комиссия қазақ тілі латын әліпбиі бойынша нақты шешімге келген жоқ, сондықтан «апостроф» әліпбиін газеттерде, я басқа жерлерде пайдалануға әлі ерте», деп латын графикасына көшуде асықпау керек екендігін де ескерткен еді. Бұл туралы Сенатта өткен Парламенттік тыңдауда да «Алдымызда стратегиялық маңызы бар латын графикасына көшу міндеті тұр. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – жаһандық ғылым мен білім жүйесіне кірігуді, рухани тұтастығымызды қамтамасыз ететін бірегей қадам. Бұл жұмысты біз ойластыра отырып, сатылы және жинақы түрде жасауымыз керек. Ең бастысы – біздің қателесуге құқығымыз жоқ», деген еді. Ал 2018 жылдың 19 қаңтарында қоғамда қызу талқыға түскен мектептердің бастауыш сыныптарында шет тілдерін оқыту мәселесіне назар аударып, білім саласында қазақ тіліне басымдық беру керектігін айтып, қоғамға ой салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – қоғамның тамырын тап басып, елдің тынысын дер кезінде сезініп отыратын халықшыл қайраткер. Сенат Төрағасы ретінде Қазақстанның бүкіл өңірлерін аралап, қарапайым тұрғындармен кездесіп, олардың мұң-мұқтажымен танысып отырды. Қазақ хандығының 550 жылдығы, шетелдегі қандастар мәселесі, қазақ тілінің тағдыры, жастар саясаты сияқты сан қырлы тақырыптар Сенат мінберінде көтерілді. Болмысы бекзат, табиғаты демократ тұлға қоғамдық пікірге ұдайы үн қосып, тың ойларды ортаға салып отырады. Бұл — жоғары лауазымды тұлғаның бұқарамен байланысқа айырықша көңіл бөлетіндігінің айқын көрінісі. Содан да болар, ол қазақ басылымдарын да үнемі оқып,  телеарналарды көріп, радиоларға құлақ түре жүретінін жазбаларынан байқаймыз.  Мәселен, 2019 жылдың 31 қаңтарында: «Egemen Qazaqstan» газетінде С.Камеронның Ашаршылық зұлматы туралы сұхбаты жарияланды. Бұл кісі ашаршылық жөнінде өте мазмұнды зерттеу кітабын жазған. Оған алғысым шексіз», деп бір жағы бас басылымда жарық көрген мақалаға қолдау білдірсе, екінші жағынан, ашаршылық апатының халыққа зор зауал әкелген нәубет екенін қаперге салды. Осы арқылы қайраткер масс-медиадағы өзекті тақырыптарды қалт жібермейтінін байқатады. Халыққа жақын мемлекетшіл тұлға елдегі әлеуметтік мәселелер мен жемқорлық сияқты өзекті тақырыптар бойынша да өз ойын батыл айтып отырады. Президент лауазымына келгеннен кейін де жемқорлықтың жегі құрт екенін, бұл дертпен жұрт болып жұмыла күресу қажеттігін айтып келеді. Жалпы, біздің саясаткерлердің арасында мұндай қырағылық сирек кездеседі. Сондықтан ел Президенті шенеуніктерді халықпен тығыз байланыс орнатып, қарапайым адами қарым-қатынас орнату үшін барлық коммуникация құралдарын тиімді пайдалануға шақырды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаев 19 наурызда жасаған тарихи мәлімдемесінде: «Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», деген еді. Ал Елбасы мен ел сенімін арқалаған Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде сөйлеген сөзінде: «Мен жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін! Сондықтан сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын!», деді. Бұл сөз – Қасым-Жомарт Кемелұлының бүкіл бекзат болмысын ашып тұрғандай!

Текті әулеттің тұяғы, бірнеше тілді жетік білетін интелектуал тұлға, сындарлы жылдарда сыннан сүрінбей өткен саңлақ саясаткер, Елбасының сенімге серт берген серігі, әділеттің ақ жолынан айнымаған, соңынан сөз ермеген, аманат арқалаған асыл азамат дамудың даңғыл жолында дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, елімізді биік белестерге бастай береді деп сенеміз.

 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ