• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Маусым, 2019

Баспана бақыты биыл қарағандылық 700 отбасына бұйырады

273 рет
көрсетілді

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған былтырғы Жолдауында тұрғындарды сапалы және қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету туралы міндеттер нақты айтылған болатын. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы тұрғын үй сертификаттарын беру арқылы жергілікті бюджет есебінен бастапқы жарнаны субсидиялау мүмкіндігіне жол ашты. Шын мәнінде, бұл жоба баспанаға мұқтаж болып жүрген көп балалы отбасыларға ғана емес, бюджеттік сала қызметкерлеріне де берілген үлкен мүмкіндік еді.

Биыл Қарағанды облысында­­ «Нұр­лы жер» бағдарламасы ая­сын­да көлемі 10,1 миллиард теңге болатын тұрғын үй, яғни 4,3 мың пә­тер құрылысын қар­жыландыру қа­рас­тырылған. Жалпы, тұрғын үй құ­рылысы тек облыс орта­лығында ғана емес, өңірдің басқа да қала­ларында бел­сенді түрде жүргізілуі тиіс деп санайды жергілікті билік. Мысалы, өңірдің Жезқазған, Теміртау және Балқаш сияқты қалаларында тұр­ғын үйге деген сұраныс өте жоғары. 

Қарағанды облыстық құ­ры­лыс, сәулет және қала құрылысы басқарма­сының басшысы Тайхан Қалмаханов келтірген деректер бойынша, биыл қаң­тар-сәуір айлары аралығында 136,6 мың шаршы метр тұрғын үй пай­далануға берілген. Осы көлемнің 38,5%-ға жуығы жекеменшік үйлерге тиесілі болса, коммерциялық баспана­ның үлесі 37,8%-ды құ­райды. Ал 23,6%-ы мемлекеттік сек­­тордағы тұр­ғын үйдің ен­шісін­де.

Биыл республикалық бюджеттен арендалық баспана құ­ры­лысына 2,1 млрд теңге бөлінді. Са­лынуға тиіс 520 пәтердің 260-ы қазірдің өзінде пай­далануға бе­рілген. Атап айтқанда, Саран қа­ла­сында – 120, Теміртауда – 50, Приозерск қаласында 24 пә­тер өз иелерін тапты. Сонымен қа­тар Бұқар жырау ауданында – 32, Ақтоғайда – 6, Жаңаарқада – 16, ал Шет ауданында 12 пә­терде  қоныс тойы тойланды. Бұ­­дан бөлек биыл қайталама на­рықта 204 пәтер сатып алу үшін республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінбекші.

Қазіргі таңда жергілікті бюд­жеттер есебінен құрылыс қар­қынды жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде биыл 1 мамырға дейін көп балалы 27 отбасы арендалық пәтер кілтіне ие болды. Ал айдың соңына таман тағы да 106 көп балалы отбасы баспанаға ие болып, қоныс тойын тойлады. 

Сонымен қатар биыл жыл­­дық өсі­­мі бар-жоғы 2% бо­ла­тын­ жеңіл­де­тіл­­ген несиені «Тұрғынүй­құ­рылысжи­нақбанкі» арқылы рәсімдеу үшін об­лыстық бюджеттен 1 миллиард­ теңге қаржы бөлінеді. Яғни, «7-20-25» бағдар­ламасы  бойынша бас­тапқы жарнасыз ипотекалық несие бе­рілгенде,  оның 10%-ы тұрғын үй сертификаты ар­қы­лы жабылады. Ал жоғарыда айтылған 1 млрд теңге сомаға 159 жеңіл­детілген ипо­­текалық займ рәсім­деу жоспарда бар.

Жалпы, биыл Қарағанды облысы бойынша тұрғын үй кезегінде 700 көп балалы және аз қамтылған отбасы баспаналы болу бақытын се­зінеді. Бұл игі істен жергілікті кә­сіп­кер­лердің де шет қалмай, көмек қо­лын созғанын айта кету ләзім. Мы­салы, жоғарыда айтылған 700 отбасына бұйыратын баспананың үштен бірі бизнес өкілдерінің демеушілігі арқасында мүмкін болмақшы.

Сала мамандарының айтуын­ша, қазіргі уақытта облыс­та тап­сы­рыс бе­рушілер тарапынан емханалар мен жалпы білім беретін және спорт­тық­ мек­тептер, сондай-ақ тұр­ғын үй­­ құрылыстарына деген сұра­ныс мол. Былтыр өңірде құрылыс жұ­мыс­тары­ның көлемі 185 млрд теңгеге орын­далды. Бұл дегеніңіз, 416 мың шар­шы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілді деген сөз. Яғни, төрт мың пәтерде қоныс тойы той­ланды. Мұндай қарқын басқа аймақ­тармен салыстырғанда баяулау бол­ғанымен, Қарағанды облысында құры­лыс жұмыстарының барынша қызу жүргізіліп жат­қанын айта кеткен жөн.

Қарағанды облысы