Дегенмен қоғамда әлдебір қолайсыздықтар орын алып тұрғанын көріп отырмыз. Алматы қаласында бірер күн бұрын көшелерде рұқсат етілмеген шеру өтті. Ондағы бастамашылардың біразы өзіміздің ақын іні-бауырларымыз екенін көріп, тіпті алаңдадық. Рұқсат етілмеген шеру болғандықтан, айтарлықтай басбұзарлық орын алмаса да, ондай жерде көпшіліктің тәртіпке шақырылуы заңды құбылыс. Ойнайтын шаруа емес секілді. Алаңға мыңдаған адам жиналды. Оларды қоршап тұрған қарулы топ одан да көп. Біз байқағандай, жиналғандардың бәрінің ниеті таза, тілегі адал деп айту да қиын. Біразы, билікке деген нақты ұсыныстарын айта келсе, кейбірі қара көбейтіп жүргендей, неге келгенін білмейтіндерді де, тіпті арандатушыларды да көзіміз шалды...
Өркениетті елдерде халықтың тілегін жеткізудің заңды жолдары бар. Біз тәуелсіз ел болдық, отыз жылға жақын азат ойлы мемлекет құрғанымыз белгілі. Бұл сайлаудың басты қорытындысы – халық өзінің еркін дауыс беруге құқылы екенін танытты. Болашақ өзгерістердің басы, іргетасы қаланды деуге болады. Жоғарыдағы жиналған адамдардың жаман айтпай жақсы жоқ, басы жарылып, көзі шықса, сол жиынның көзге көрініп тұрған үгіттеушісі жауапты болып, жазаға тартылады. Осының бізге дәл қазіргі уақытта керегі бар ма? Бір-бірімізді арандатып, шерудің артын шатаққа ұластырғаннан не нәтиже шығады?
Біз одан да еліміздің тәуелсіздігін құрметтеп, соның баянды болуына күш салғанымыз дұрыс. Тәубе, еліміздің іргесі берік, бүгінде болашағымыз айқын. Қанша қиыншылық болғанмен, ақырындап ілгері басып келеміз. Соған сүйініп, соған бәріміз бас-көз болып, қайта қолдан келген көмегімізді жасасақ, жарқын күндеріміз алда емес пе? Мен бұл жерде, барша бауырларымды сабыр сақтауға шақырамын. Арандатуға ермей, бір-бірімізді жау көрмей, тонның ішкі бауындай бірге болайық.
Жүрсін ЕРМАН,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері