• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2013

Иран

1155 рет
көрсетілді

Иран

Жұма, 29 наурыз 2013 1:13

Осы елге жолымыз түскеніне тұп-тура жиырма жыл болған екен. 1993 жылы Иран Ислам Республикасында Қазақстан мәдениетінің күндері ұйымдастырылған еді. Сол сапардан алған көп-көп әсер кезінде жазылмай қалды. Газетке қайта келіп, 2002 жылдан «Әлемге әйгілі» авторлық айдарын ашқаннан кейін де Иран жайында қалам тербеудің бір сәті түспей-ақ қойды.

Жұма, 29 наурыз 2013 1:13

Осы елге жолымыз түскеніне тұп-тура жиырма жыл болған екен. 1993 жылы Иран Ислам Республикасында Қазақстан мәдениетінің күндері ұйымдастырылған еді. Сол сапардан алған көп-көп әсер кезінде жазылмай қалды. Газетке қайта келіп, 2002 жылдан «Әлемге әйгілі» авторлық айдарын ашқаннан кейін де Иран жайында қалам тербеудің бір сәті түспей-ақ қойды.

Жақында биыл «Оскар» сыйлығын иемденген «Арго» операциясы» фильмін көргеніміз баяғы әсердің біразын жадымызда жаңғыртып жібергені. Атақты актер Бен Аффлектің бұл режиссерлік жұмысы 1979 жылғы дүниені дүңкілдеткен оқиғаны – Теһрандағы АҚШ елшілігін басып алу хикаясын арқау еткен. Сол жылы Иранда діни радикалдық революция жүзеге асып, шах елден қуылған, жиырма жылдай бойы жырақта жүрген аятолла Хомейни отанына оралып, билік басына келген болатын. Монархия құлатылып, ислам республикасы орнатылысымен кезінде шах арқа сүйеген Америка Иранның №1 жауы деп жарияланған еді. Фильм Америка дипломаттарының бір тобын елден жасырын алып шығудың шым-шытырық шырғалаңдарын басынан аяғына дейін экраннан көз алдырмайтындай әсерлі, шып-шымыр, жұп-жұмыр өнер туындысына айналдырған. Бірақ біздің айтпағымыз ол фильм жайында емес. Ол фильм сол кезде де, одан бұрын да дүйім дүниеге даңқы дүбірлеген, қазір де аты адамзат аузынан түспей тұрған бөлекше мемлекет – Иран жайында жазуға ойтүрткі ғана.

Өткен жылы бір тамаша кітап жарық көрді. Атақты француз шығыстанушысы Жан-Поль Рудың «История Ирана и иранцев» деген еңбегі (Санкт-Петербург, 2012) тарихты әрі ғылыми тиянақтылықпен, әрі қызғылықты баян етуге болатынының айшықты айғағы. Сол автор айтады: «Иран тарихы бүкіл әлем тарихымен ажырағысыз. Оны білу кез келген тарихшыға, қай салада жүрсе де кез келген білімді адамға қажетті» деп. «Олардың тарихы шамамен үш мың жылды құрайды. Екі жарым мың жыл бойы ирандықтар өздері жайында айтуға мәжбүр етті. Не дері бар, бұл бір керемет, өйткені, оларға дәйім шабуыл жасаумен болды, жерлерін басып алды, бағындырды, кейде мұндай жағдай ғасырларға созылды, оларды жаулағандардың осалы жоқ – гректер, арабтар, түркілер, моңғолдар. Ассимиляцияның немесе ашықтан-ашық қырып-жоюдың салдарынан ирандықтар талай рет жар жағасына тірелді, жер бетінен жойылып кете жаздады. Әйтсе де, олар тірі қалды. Әрбір шапқыншылық олар үшін өткен күнмен оқыс, қинала қоштасу болды, өздерін өзгертті, тағдырларын талайлы етті, дегенмен, соның бәрі баянды бітті. Әрбір шапқыншылық олардың қиындыққа қайыспастығын, бірегейлікке беріктігін бекемдеп, өмірге қайта келтіріп отырды, осы жолда олар, әрине, жаңғырды, жаңарды, бірақ өздерінің тұрақты ұстанымдарын, өмір салтын, сезім сипатын және ең бастысы, ойлау жүйесін сақтап қала алды» деп. «Ирандықтарға бүгінде көне замандағы ұлылық тән емес. Бұл халық қартайған сайын қалжырап бара жатқандай. Олар өздерінің тарихи жолын ежелгі дүниені жарқ еткізген отты шапақтың аясында бастады, сол тұста Заратуштра, Кир мен Дарий адамзатқа ұлы тағылымдар танытқан болатын, алайда, кейіннен ирандықтар ондай жарық нұрға бөлене алмай-ақ қойды» деп. Тіпті: «Олардың тірі қалғаны қудаланып, қуғындалмағанынан емес, өйткені, олар елден қуып шығарылды немесе ассимиляцияға түсірілді, болмаса, бүгінде өзгелердің билігімен жүріп-тұрып жатыр. Шығыс Еуропа далалары түркілендіруге, одан кейін орыстандыруға түсті; Батыс Түркістанның далалары түркілерге тиіп, Қазақстанға қарап кетті. Согдианада ирандықтар өзбектерге қарап, қазір Самарқанд пен Бұқара сияқты бірен-саран үлкен қалаларда ғана тұрады» деп те жіберетін жерлері бар. Бұл ел туралы тағылымды туындының тағы бірі – Павла Рипинскаяның «Эти поразительные иранцы» (М., «Астрель», 2006) деген кітабы. Иран азаматына тұрмысқа шығып, халықтың әдет-ғұрпына әбден қаныққан журналистің жазбалары нақтылығымен, шынайылығымен ерекшеленеді. Жалпы, Иран туралы дерек-дәйек іздеген адамға керекті әдебиет аузы-мұрнынан шығып жатыр. Иранистика кешенді ғылым саласы ретінде ХІХ ғасырдың өзінде қалыптасып үлгерген. М.Дьяконовтың «Очерк истории Древнего Ирана», В.Массонның «Средняя Азия и Древний Восток», В.Бартольдтың «История Ирана с древнейших времен до конца ХVІІІ в.», Б.Гафуровтың «Таджики» деген сияқты классикалық еңбектерінің, ондаған кітаптардың, жүздеген мақалалардың сыртында қазір тұтас интернеттік иранис­тика да бар. Сонымен біз бүгін өзіміздің қолымыз жеткен мәліметтерге сүйене отырып, «Әлемге әйгілі» айдарының аясында Иран Ислам Республикасының кешегісі мен бүгінгісі жайында әңгімелейміз.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ

Былайша қарасаңыз, кім-кімге де Иран жайында әңгімелеп жатудың қажеті шамалы сияқты. Жүз жиырма мың шумақтан тұратын әлемдегі ең көлемді дастан «Шаһ­на­маны», оны жырлаған Фирдоусиді кім білмейді? Рудакидің, Омар Һәйямнің, Руми­дің, Сағдидің, Хафиздің, Жәмидің жұпар жырларына кім елтімейді? Кирдің, Дарийдің жойқын жорықтары жайында оқы­маған кім бар? Исфаһан мен Шираздың бұлбұл бақтарының даңқына кім қанық емес? Мұның бәрі әрбір ойлы сана иесіне жақын жайлар. Өзімізге бейімдеп сөйлесек, «Асфаһани алдаспан», «Қорасанға қой айтып», «Кербаланың шөліндей»… деген сөз­дерді қай қазақ қолданбайды? Дүниенің ең бір дүри-гауһар мекенін Иран бағына теңей­тініміз тағы рас. Бірақ, соның өзінде де біз­дің Иранмен байланысымыз өзгелердің байланысынан басқашалау.

Иранның затынан бұрын атын айтсақ та жақындығымыз бірден-ақ көрінеді. Қазақта «арыс» деген сөз бар ғой. Иран елінің аты дәл осы сөзден шыққан. «Среди индо­иранцев (и только среди них) был широко распространен термин арья – «благородный». («История древнего мира. Ранняя древность», М., 1983, 330-бет). «С мидийс­ко-ахеменидской эпохи ираноязычное население уже преобладало в Иране. Само его название происходит от слова арий, как называли себя ираноязычные племена (мидяне, персы и др. в Иране, скифы и сарматы, древние народности Средней Азии и т.д.)» («История Востока. І. Восток в древности», М., 1997, 275-бет). Елдің қазіргі аты ежелдегі Аиранам, яғни «арийлер елі» деген сөзден. Страбон еңбектерінде Ария сөзі қолданылған. Халықтың өз атауы –ирани.

Енді осы арадан мынандай мәселе шығады. Ертеректегі «Қазақ ССР тарихы»­ кітаптарында скифтерді, сақтарды, мас­сагеттерді «ираноязычные племена»­ деп анықтайтын. Андрон (Андронов емес, өйткені, ол мәдениеттің жәдігері алғаш табылған жердің аты – «село Андроново», ол Андронның селосы дегенді білдіреді, «Иваново детство» фильмінің атын біз «Ивановтың балалық шағы» деп алмаймыз ғой) мәдениетінің өкілдерін академиялық ғалымдар индоирандықтар деп санайтынының себебі Андрон, Қарасу және Беғазы-Дәндібай мәдениеттерінің мұ­рагерлері болған сақ тайпаларының шы­ғыс­ирандық сәйкестендірілуіне («восточноиранская идентификация») байланыс­ты. Археологтардың пікірі бойынша, бұл сабақтастық жерлеу орындары мен рәсім-салт­тардан, қару-жарақтан, керамикадан, ат әбзелдерінен және тұрмыс заттарынан та­­ны­лады. «Олар ежелгі парсылармен тығыз қарым-қатынас жасаған, тіпті б.д.д. VІ-V ға­сыр­ларда Ахеменидтер империясының құ­рамына да кірген», делінеді «Қазақстан та­­рихында» (1 том, А., 2010, 158-бет). Дұры­сын­да, бұлай айтудың өзі де аздық ете­ді. Сақтар сол империяны құруға тікелей қа­тыс­қан дейміз біз.

Мәселенің бұлайша қойылуында таң­данарлық дәнеңе жоқ. Кезінде «Большая советская энциклопедия» атты 30 том­дық басылымның әр сөйлемі, әр сөзі салмақталып, сараланып­ ба­рып жарық көрген. Сол еңбектің 10-томындағы «Иран» деген мақалада б.д.д. 2-ші мыңжылдықтың барысында Иран тер­риториясына индоирандық тілдерде сөйлеген индоеуропалық тайпалардың ене бастағаны («либо через Ср.Азию, либо через Закавказье; от названия этих народов арий происходит совр. название Ирана (др.-иран. Aryanam – «страна ариев»). В 1-м тыс. до н.э. иран. языки стали господствующими в И.») (БСЭ, 10-том, М., 1972, 406-бет) айтылады. Бұл тұжырымды «История Востока» атты 6 томдық академиялық еңбек те (М., 1997, 1-том, 276-бет) қуаттайды. «Предки западноиранских племен покинули свою прародину еще до становления в евразийских степях кочевого скотоводства и разделения племен на кочевников и земледельцев» (283-бет) деп нықтап қояды. Мәселенің тіпті басқаша қойылуы да мүмкін дейтініміздің мәнісі осында: бізге жер түбіндегі Иранның тілі қалай келген демеу керек шығар, біздің тіліміз жер түбіндегі Иранға қалай жеткен деу керек шығар, бәлкім?.. Сақтардың Иран қырқасына Орта Азиядан барғанына күмән келтіру жөнсіз. Ғылыми әдебиетте бұл жайды авторлардың бәрі бірауыздан айтады. Ал ел барған жерге тіл баратыны тағы талассыз. «Авестадағы» Хваризам – Хорезм, Сугда – Согдиана, Маргу – Маргиана, Бахтри – Бактрия екендігі анық. Ал Систан атауын «История Востока» (1-том, 278-бет) «от Сакастан» – по имени проникших туда в конце I тысячелетия до х.э. ираноязычных кочевников – саков» деп түсіндіреді. Айтқандай, осы жай бұрынғы «Қазақ совет энциклопедиясында» да (9-том, 619-бет) бар. Жаңа жерге топоним тасу қай заманда да болған. Қазіргі Түркия жеріндегі Ұлытау, Қаратау, Келес деген сияқты жер атаулары соның бір дәлелі.

Сол замандардан бері Тұран мен Иранның арасындағы барыс-келіс пен алыс-берістің нақты дәлелінің тағы бірі – қазіргі қазақ тіліндегі парсы сөздері. Немесе тіпті – қазіргі парсы тіліндегі сақ сөздері!.. Бүгінгі Орталық Азияның, Пәкстанның, Ауғанстанның, солтүстік Үндістанның жеріндегі сақтар б.д.д. І ғасырдың ортасына дейін-ақ жергілікті халықтармен сіңісіп кетті, сақ тілі Хотанда Х ғасырға дейін сақталды делінеді ғылымда. Сонда олардың сөздерінен жергілікті халықтарға, соның ішінде ирандықтарға ештеңе қосылмауы мүмкін бе? Мүмкін емес. Қарап отырсаңыз, қазақ тіліндегі фарсизмдер делінетіндердің дені заттық мәдениет ұғымдары – реалиялар. Мысалы, абат, азық, ақыр, палау, алқа, алша, ара, арша, әбзел, бақ, дастарқан деген сияқты. Реалиялар өте ерте қалыптасады әрі өзгеріске көп түсе қоймайды. Атқа парсылардан бұрын қонған сақтар ат әбзелдеріне ат қоймай күтіп отыра бермеген шығар. Ал арабизмдердің қа­зақ тіліне көп кейін келгені ағза, азан, ақирет, ақырзаман, амал, аманат, әзірейіл, әлем, әріп, бақалшы деген сияқты сөздердің сипатынан-ақ көрініп тұр. Әрине, тарихи дамудың әлдеқайда жоғары шегіне шыққан кезінде парсы тілінің қазақ тіліне әсер-ықпалы анағұрлым артық болғаны анық. Қалай дегенде де, ирандықтардың мәдени субстратында сақ-скифтер қалдырған із айқын.

Біз Иран-Тұран қарым-қатынастарының күрделі сипатын аңғарту үшін сақтар мен парсылардың байланысына әдейі көбірек тоқталдық. Ал Иранның ғасырлар бойында Шығыста ерекше орын алғаны белгілі, ұлы Кирдің, одан кейін Дарийдің тұсында бүкіл Батыс Азияның Жерорта теңізі мен Анатолиядан Сырдарияға дейінгі ара­лықты жайлап жатқан Ахемен империясы дәурен сүргені, македониялық Александр жорықтарынан кейін елдің Грекияның табанына түскені, ұлы жаһангердің өлімінен соң эллиндік Селевкидтер мемлекетінің құрамына қосылғаны, б.д.д. ІІІ ғасырдың орта­сында қазіргі Иран мен Түркіменстан шегінде Парфян патшалығы құрылғаны, бара-бара соған бүкіл Иран территориясы қарағаны, Сасан әулетінің (ІІІ-VІІ ғасырлар) заманында зороастризм қалыптасып, «Авестаның» канондық мәтіні бекітілгені, сол тұста манихейлік діні орныққаны, күшейген Сасан мемлекетінің Оңтүстік Арабияны, Сирияны, Палестинаны, Египетті басып алып, Византияға қатер төндіргені мектеп оқулықтарынан да жақсы мәлім.

«Әлемдік дінге айналған бірде-бір дін, христиандық та, буддизм де, басқалары да дәл исламдай тез танылған емес. Бірде-бір тіл дәл араб тіліндей халықаралық деңгейде тез мойындалған емес. Бірде-бір өркениет дәл ислам өркениетіндей тез қалыптасқан емес. Құмнан шыққан арабтар хижрадан (622 жыл), Мұхаммед пайғамбардың Мединеге көшуінен жүз жылдан сәл ғана астам уақыт өткенде Батыс Еуропаның қақ жүрегіне – Пуатьеге жетті, оларды сол жерде Карл Мартелл тоқтатты, 751 жы­лы Орталық Азияның жүрегіне жетті – Талас өзенінің бойында қытайлардың тас-талқанын шығарды» – Жан-Поль Рудың осы сөздерінен кейін (аталған кітап, 194-бет) араб жаугершілігі заманында Иранның Араб халифатының құрамына тез-ақ қосылғанына, араб тілінің талай ғасырлар бойы мемлекеттің және әдебиеттің тіліне айналғанына таңданудың жөні жоқ. Осы тұста қазақ оқырманы үшін қажетті мына бір ойды ортаға сала кетейік. Иранды исламдандыру үдерісі тұсында елді арабтандыру қатар жүргенін ұмытуға болмайды. Сирия, Египет, Тунис, Ирак сияқты елдер сол заманда арабтілді мемлекеттерге айналғанымен қоймай, бара-бара тіпті араб елдері болып та кеткен. Иран ше? Иран исламды сол елдердің бәрінен тезірек және толығырақ қабылдай тұрып, ирантілді мемлекет ретінде сақтала алды. Сол арқылы Иран Иран болып қалды. Ислам әлемінен өзгеше орын алды. Әйтпесе, араб тілі о бас­та парсыларға рухы жағынан тіпті кереғар келетін семит тобының тілі ғой.

Сол сын сағатта парсы тілін қарапайым пахлави түрінде сақтап қалған феномен күш – ауыл-ауылда, үйді-үйде тек өз тілінде сөйлеуін қоймаған қарапайым халық болса, оны өз тұғырына қайта қондырған, тіпті бұрынғысынан да биіктеткен адам – Фирдоуси. Оған сипаттама беру артық. В.Ломовтың: «Ұлыларды салыстырып жату мағынасыз әурешілік, сөйтсе де, Азияның Еуропадан үлкендігі қаншалықты даусыз болса, Фирдоусидің кез келген Еуропа ақынынан үлкендігі соншалықты даусыз» деген сөзін келтірумен шектелейік. Парсы поэзиясының жарық жеті жұлдызы (Фирдоуси, Рудаки, Омар Һәйям, Руми, Сағди, Хафиз, Жәми) жайында да жайыла жазып жатпай-ақ қояйық. Кемеңгер Гетеге бір досы: «Сіздің не арманыңыз бар екен. Әлемдегі ең жоғары дәрежеге жеткен ақын бір өзіңіз ғана болып тұрсыз ғой?» дегенде: «Жоқ, олай демеңіз, сонау Шығыстың атағы көкпен таласқан жеті ақыны тұрғанда бізге үлес қайда. Егер мені солармен салыстырса, олармен арамыз аспан мен жердей болар еді», деп ұлылық пен кішілікті қатар көрсеткенін еске салып қана өтейік. Парсы мен саққа, Иран мен Тұранға ортақ данышпандар Заратуштра мен Анахарсистің өздері неге тұрады? Иран мен Тұран демекші, Тұрмағамбет шайыр «Шаһнамаға» кіріспеде: «Сөзінің көбірегі көрінеді, Тұранмен соғыстыру Иран елін. Екеуі о басында туысқанмен, Шайқаған бір-бірінің шалқар көлін. Өздерің оқығанда байқарсыңдар, Себепші болғандығын оған ненің. Ираннан Рүстемдей батыр туып, Тұранның талқандаған тау мен белін», деп төгілткен тұста мәселенің мәнісін дәл айтқан. Жалпы, о бастағы туысқандар бір кетіссе қатты кетіседі. Мысалы, арабтар мен еврейлер сияқты. Оның үстіне жаугершілік заманда, соғыстан олжа түсіру айыпталмайтын дәуірде неше түрлі жағдай болған ғой. Біраз тарихшылар Кирдің Сыр бойына жорығы массагеттердің тонаушылық шабуылдарына кек қайтарудан туған деп те санайды.

Отаршылдық ойрандарын ойға алғанда мына дүниеде бәрі де салыстырмалы екенін естен шығармаған жөн. Дәурені жүріп тұрғанда тіршілік иесін түгел тітіреткен Парсы империясының да басынан бағы тайған, жат жұрттықтарға күні қараған кезеңдері көп. Мынаны айтсақ та жетер: 1750 жылы таққа отырған Кәрім хан кейінгі 700 жылдың ішінде билік басына келген бірінші ирандық екен!..

Иран тарихында түріктердің алар орны да бөлекше. Он бірінші ғасырда парсы жеріне басып кірген оғыз түріктер 1040 жылы Данденакан деген жерде Ғазнауи әулетінің әскерін талқандады да, Салжұқтар (Селжүктер) мемлекетін құрды. Салжұқтар елді сұлтанаттарға бөліп, атабектер арқылы басқара жүріп, Иранның тұтастығына қатты сына қақты. Он үшінші ғасырда моңғолдар тепкісіне түсіп, кейіннен Шыңғыс ханның немересі Құлағу құрған ильхандар (елхандар) ұлысына кірген Иранды біраз уақыт жалайырлар да билеген. «Еке Ұлыс жарым әлемді дәргейіне келтірген замандарда жалайыр Шығыста Қытай-Шүржен тарабына жайылып, Батыста – Жошы, Шағатай ұлыстарына кеңінен таралады, әсіресе, Құлағу билігіндегі Иран жұртында айрықша ықпалға ие болыпты, кейінірек, империяның ыдырау кезеңінде жалайыр әулеті байтақ Бағдатты алып, Терістік Ирақ, Күрдстан мен Әзірбайжан шегінде дербес, жаңа бір ұлыс құрады (1336 – 1432)» (М.Мағауин. Шыңғыс хан, А., 2011, 252-бет). Иранға Әмір Темір әмірін жүргізген заманның әңгімесі өзінше бөлек. Ол тұста Темір империясының құрамына қосылған бұл елде Аққойлы (Аккоюнлу), Қарақойлы (Каракоюнлу) мемлекеттері құрылғаны, олардың негізгі арқа сүйегені Кіші Азиядан келген түркілік көшпелі тайпалар – қызылбастар болғаны да тарихтың өзінше бір қызғылықты беттері. 1722 жылы ауғандар Иранға шабуыл жасап, Исфаһанды шауып, таққа Махмұд ханды отырғызғанда Сефевидтер әулетінің соңғы әміршісі Нәдір шах оны баласымен қоса өлтіріп, Иранда Афшаридтер билігін орнатқан. Нәдір шах сол кезде тіпті мемлекеттік дінді аз уақытқа сүннизм етіп те жіберген. Айтқандай, өзіміздің Махамбеттің арғы тегі қызылбастардан, қызылбас болғанда да дәл сол Нәдір шахтың тікелей өзінен тарайды деп санайтын көзқарас та жоқ емес қой.

Он тоғызыншы, жиырмасыншы ғасыр­лар, әсіресе, мыңжыл­дық­тар тоғысатын тұс Иран­ды талай-талай сынаққа сал­ға­ны талассыз. Заманында жаһанның жартысындайын жайлаған жұрттың жетінші ғасырдан бері өз билігінен айырылып, жиырмасыншы ғасырдың ортасына жеткенше өз тарихын басқаларға жаздыртып келгені, ақыр аяғында адамзат шежіресіндегі көне де жарқын өр­ке­ниеттің күйреуіне – иран­тілді кеңістіктің әңкі-тәңкісі шығуына әкелгені баршаға белгілі. Әңкі-тәңкісі шыққаны емей немене, егер ирантілділер бүгінде үш-ақ мемлекетте (Иран, Ауғанстан, Тәжікстан) саны басым халық күйінде қалса, оның біреуінде, міне, отыз бес жылдан бері зобалаң жалғасып жатса, тағы біреуі күнін зорға көріп, шекарасын шетелдіктерге күзеттіріп отырса, тағы біреуі әлемдегі барланған мұнай қорының шамамен 10 пайызына (132 млрд. баррель), дүние жүзіндегі табиғи газ қорының 16 пайызына ие бола тұра, экономикалық қуаты ішкі жалпы өнім көлемі бойынша Азияда тек Қытайды, Жапонияны, Үндістанды, Оңтүстік Кореяны ғана алға сала тұра, өзіндік дербес сая­сат жүргізе алмай отырса. Екінші дүниежүзілік соғыс бастала салысымен мол мұнай көзі үшін Иранды КСРО мен Англияның екі жақтап бақылауға ала қойғаны, 1943 жылғы Теһран конференциясында үш елдің басшылары – Рузвельт, Черчилль, Сталин соғыстан кейінгі Иран тағдырын да айқындағаны, соғыс біте салысымен, 1945 жылы алдымен елдегі әзербайжандардың, артынша күрдтердің республика құрып, бөліне қалғаны, оларды қан төге жүріп таратып, ел тұтастығын зорға сақтай алғаны мұның көп дәлелінің бірі. Қазір де Иранның жақсы аты шығып тұрғаны шамалы. Ол елді демократиялық талаптарды түгел сақтамайды деп те кінәлайды, атом бомбасына ие болуға жанталасып жатыр деп те күмән айтады. БҰҰ мінберінің өзінен «Американың көзі жойылсын!», «Израильдің аты өшсін!» деп сөйлеуден тайынбайтын ел басшылығының ондай күмән айтуға жиі-жиі ілік беріп тұратыны да рас. Иранның ядролық бағдарламасының бейбіт сипаты немесе олардың шынында да байытылған уран арқылы ядролық қару жасаудан тайынбайтыны (оны екі мақсатқа да қолдануға болатыны белгілі) деген сияқты мәселелерді талқыға салып жату ағымдағы саясатқа көп соға қоймайтын, танымдық-тағылымдық тұрғыдағы бұл айдардың табиғатына тән емес. Сөйтсе де, біз Иран елінің мемлекеттік мерекесі – 1 сәуір – Ислам революциясы күні қарсаңында жариялап отырған бұл мақаламызда алдағы айда Алматыда қайтадан жалғасатын алтылықтың араағайындық келіссөздері адамзатты жаппай қырып-жою қаруынан құтқару жолындағы бір белес болады деп сенгіміз келетінін айтпай да кете алмаймыз.

Бір жақсы жері – өмір тек саясаттан тұрмайды, демократияның өлшем-талаптарына да әрқилы қараудың жөні бар. Айналып келгенде, ел болашағында демографияның орны демократиядан артық болмаса еш кем емес. Ең бастысы – ел халқының ертеңгі күніне деген сенімі. Мұнда ол сенім бар. Нық сенім. «Ирандық бэби-бум» делінетін демографиялық жарылыс таңғалдырарлық. 2003 жылғы мәлімет бойынша, Иран халқы 1975 жылғыдан екі есе өскен екен! Бала туу қарқынын тек сексенінші жылдардың ортасында ғана тежей алған (жылына 3 пайыздық өсімнен 1,1 пайыздық өсімге түсірген) бұл елде қазірдің өзінде тұрғындардың 45 пайызы – жиырмаға дейінгі жастар! Жалпы, мұндағы жұрттың 61 пайызының жасы отызға жетпеген. 2050 жылға дейін Иран халқының саны 90 миллионға барады деп болжануда. 2011 жылғы мәлімет бойынша елде 77 миллион адам тұрады. Шетелдердегі иран диаспорасы 4 миллион адам деп шамаланады, олардың көбі 1979 жылғы ислам революциясынан кейін қоныс аударғандар. Халықтың діні қатты, ділі берік, ағзасы таза.  Шерхан ағамыздың Теһранда жүріп, «Иран бақтың елінде Әулиеге табындым. Адамдардың бәрі сау, Мас орысты сағындым» деп өлеңдететіні содан.

Экономикалық қиыншылықтар демографиялық дағдарыс та туындатып жатыр. Көптеген жастар жағдайын дұрыстағанша отбасын құруға асықпайтын мінез шығарған. Иранның мемлекеттік энергетикалық компаниясы ана бір жылы тіпті бойдақ қызметкерлер қыркүйек айына дейін үйленбесе немесе тұрмысқа шықпаса жұмыстан босатылады дегенге дейін барған көрінеді. Иран – көп ұлтты ел. Ел халқының 24 пайызын құрайтын әзербайжандардың өзі 20 миллионнан асады. Шамамен 6-7 миллиондай күрд бар. Мұсылмандардың дені – шииттер. Сүнниттердің үлес салмағы 10 пайыздың төңірегінде.

1993 жылғы сапарымызда бірнеше қалада болғанбыз. Ел астанасы (айтқандай, парсы тілінен бізге ауысқан сөздің бірі осы – астана) Теһранның атауы тех – түп және ран – беткей деген сөздерден құралған. Расында да, қала тау беткейінің етегінде жатыр. Біз орналасқан қонақүйден тау жақтағы бұрынғы шахтың салтанатты сарайы көрініп тұрғаны әлі көз алдымызда. Негізінен таулы-қыратты өңірді алып жатқан Иран қалалары жап-жасыл. Теһранда не көп, парк көп. Шамамен қанша деп ойлайсыз? Еш уақытта таба алмайсыз – қалада 800-ге жуық парк бар. Осындай жасыл желекке орап қоймаса агломерация­сымен қосқанда 14 миллион адам тұратын астанада қиын-ақ болар еді. Теһрандағы бізге ауыз ашқызып, көз жұмғызған жердің бірі – кілем музейі. «Кілем емес, хаты ғой кілемшінің» деп ақын жырлағандай, музейдегі жәдігерліктерді көріп отырып, адамның қабілетіне де, қиялына да шек жоқтығына сенесіз. 1935 жылға дейін Персия атанып келген бұл елдің бас­ты брендтерінің бірі – парсы кілемдері. Олардың әлемге ең әйгілісі, әрине, Пазырық кілемі. Таулы Алтайда, қазіргі Ресей мен Моңғолия шекарасына жақын жерде 1947 жылы табылған ол кілемнің Ахемен әулетінің заманында (б.д.д. 558 – 330 жылдар) тоқылғаны зерттеулер арқылы анықталып отыр. Пазырық кілемін Эрмитаждан көрген адам оның парсы кілем тоқу өнерінің бастау-бұлақтарының бірі екендігіне еш күмән келтірмейді.

Исфаһанға барып, Имам мешітін көрсеңіз де, Әли Қапу сарайын, Қырық ұстын сарайын, Аллаһверди хан көпірін қызықтасаңыз да, Ширазға барып Хафиз бен Сағдидің зиратына тәу етсеңіз де, жалпы көлемі 13 мың шаршы метрдей жерді алып жатқан Кәрім хан қамалын араласаңыз да, Ширазға жақын жердегі Персеполиске (бұл қала «парсылар қаласы» деген мағынада грекше аталып кеткен, әйтпесе, өз аты – «Тахт-е Жамшид», яғни Жәмшид тағы) барып, Ападана сарайына аң-таң қалсаңыз да, ойыңыздан бір күдік кетпес. Ол «Неге қазір бұлай емес?», «Неге бүгінде мына дүниенің бағасы басқаша?», «Өркениеттер бәсекесіне Шығыстың шынымен шыдас бере алмағаны ма?» деген ойлар болуы да әбден мүмкін. Бәлкім, өз көзіңізге өзіңіз сенбей, атам замандағы Азияның артықшылығы ертегіге еліткіштеу елдеріміздің қиялынан туған жоқ па екен өзі дегендей күмәнге де берілерсіз.

Ғылым сөзіне жүгінейік. «История Востока» атты 6 томдықтың 3-томындағы «Шығыс пен Батыс өркениеттері Жаңа заман шегінде» деген тарау былай бас­талады: «Жаңа заман шегінде Шығыс әлемнің ең бай әрі халық тығыз орналасқан бөлігі еді. 1500 жылы Шығыс елдерінде (Азия мен Солтүстік Африка) шамамен 288 миллион адам немесе Жер жүзі халқының 68 пайызы тұрды. Еуропадағы өнеркәсіптік революцияға дейін оған әлемдік өнеркәсіптік (мануфактуралық-қолөнерлік) өндірістің шамамен 77 пайызы тиесілі еді. Салыстырмалы түрде алғанда жоғары түсім беретін анағұрлым құнарлы топырақты өңірлер де осында болатын. Мысалы, Моғолдық Үндістанда Акбардың тұсында (1556-1605) бидайдың орташа өнімділігі гектарынан 12,6 центнерді, арпаның орташа өнімділігі гектарынан 13,1 центнерді құраған, ал бұл көрсеткіш Батыс Еуропа елдерінде тиісінше гектарынан 7-8 центнерді құрайтын. 1500 жылы әлемнің халқы 100 мыңнан асатын 31 ірі қаласының 25-і Шығыста, тек 4-уі ғана Еуропада (2-уі Африкада) болды. ХVІІ ғасырға дейін Шығысқа барып қайтқан еуропалықтарды тауарлардың, әсіресе, маталардың молдығы мен жоғары сапасы, қалалардағы адамның тығыздығы, қолөнершілердің шеберлігі, әміршілердің байлығы мен қуаттылығы таңғалдыратын. Өнеркәсіптік революцияға, іс жүзінде ХІХ ғасырдың басына дейін Шығыс елдері Еуропаға негізінен тұтыну тауарлары мен басқа да дайын өнімдерді экспорттаумен келді» (М., 1997, 28-бет).

Сөйтіп, Иран бақтың елі туралы шабыттанып-ақ жазатындай мақаланы экономикаға тіреп, құрғақ цифрлармен аяқтауға тура келіп тұр. Қаласақ та, қаламасақ та, дүние дидарын үшінші мыңжылдықта алдымен экономика, экономика, тағы да экономика айқындайтыны анық болып отыр. Біз әңгіме арқауына айналдырған Иран елінің ғана емес, барлық елдердің болашақтағы тағдырын жаһандық экономикалық жарыс жанталасындағы жағдайы шешеді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатерінің қатарында жетінші сын-қатер ретінде Үшінші индустриялық революцияны атағаны да сондықтан.

_________________________________________

Суретте: Теһрандағы Азади (Азаттық) алаңы.