...Талдықорған әуежайынан сапар шеккен жолаушылар ұшаққа отырғызу басталған уақытта әрдайым жылы жүзбен сәт-сапар тілеп тұрған оқалы жағалы полицейді жиі жолықтырады. Бұл кісі полиция полковнигі, Талдықорған қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің басшысы Төрехан Бүтіншіновтің өзі еді.
– Полицейдің бір аты – сақшы ғой. Демек, біз адамдардың өмірін сақтаушымыз. Қауіп-қатерден, ұры-қарыдан, жаман ниеттілерден сақтандырушымыз. Қоғамдағы тәртіпті сақтауда да сақ болуымыз керек. Менің ойымша, әр қазақ полицейі осы ұстаныммен жұмыс істеуі тиіс. Сонда елдің құрметіне бөленесің, сеніміне ие боласың, дейді полковник.
Төрехан Бүтіншінов бұл желілік полиция бөлімінде ұзақ жылдан бері қызмет атқарып келеді екен. Қазір әуежайдағы тірлік қызу. Ал бір кезеңдерде Талдықорғанның осы әуежайы ұшақ түгілі, құс қонбайтындай күйге түскен-ді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында облыс тарап, жұрт жаппай көшіп жатқан тұста мемлекеттің нық шегесі, қаланың алтын босағасы сияқты болған әуежайды талан-таражға салудан қорғап, сынық шегесін де көздің қарашығындай сақтап қалуға тырысқан тәртіп сақшыларының қатарында тұрды.
– Әуежай қаланың аспаннан ашылған қақпасы ғой. Қарасаңыз, үйіне асыққан жүздеген адам, жүрегін қуаныш кернеген қаншама тағдыр сағынышын басып, туған қаласына оралып келеді немесе үміт пен арман жетелеген жастар, қызметіне асыққан жандар жан-жаққа ұшып кетіп жатады. Мұны сезіне білу керек. Мен қоластымдағы қызметкерлеріме ұшақ қонатын, ұшатын уақытта жолаушылардың ортасына шығуды әдетке айналдырыңдар деймін, біреудің жүгін көтеріс, біреуге ақ жол тіле. Есесіне жұрт риза. Әлгіндей сезімді бастан кешесің, адамдардың ризашылығын аласың. Жұмысқа да қырағы қарайсың, дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде Алматы облысындағы туристік маусым қызған шағында. Талдықорған әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына тікелей қатынайтын әуе кемелерінен бөлек, Алакөл жағалауындағы Үшарал қаласының әуежайына бет алған жолаушылар ұшағы Жетісу аспанынан күнара қалықтап өтеді. Осы жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – полковник Төрехан Бүтіншінов басқаратын желілік полиция бөлімшесінің тікелей міндеті.
– Жалпы, Ішкі істер министрлігінің көліктегі полиция департаментіне қарасты Үштөбе желілік полиция бөлімінің міндет жүгі салмақты. Бөлімнің қызмет көрсету аумағына Ақтоғай темір жол стансасы мен Сарыөзек бекетіне дейін және Талдықорған – Қарабұлақ – Текелі тармағын қосқанда 500 шақырымнан астам темір жол бойы мен Талдықорған қалалық әуежайы кіреді. Негізгі жұмысымыз 7 ауданның аумағын қамтиды. Біз өз қызметімізде темір жол көлігімен тасымалданатын жүктің сақталуы мен пойыздардың, ұшақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Заңсыз есірткі бизнесімен күресу де біздің парыз. Қазір «Құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік» қағидатын басшылыққа ала отырып, азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеруге де күш салып отырмыз. Бұл – полицияның қылмыстың алдын алу, онымен күресу жұмысын жетілдіріп қана қоймай, қоғамды ізгілендіруге бастайды, дейді полиция полковнигі, Талдықорған қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің басшысы Төрехан Бүтіншінов.
Алматы облысы