• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Сұхбат 19 Маусым, 2019

Тиімді менеджмент – университет жетістігінің басты факторы

1075 рет
көрсетілді

Бүгінде еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің алдында кешенді міндеттер тұр. Ол өндіріс көлемін арттыру, бәсекеге қабілетті, экспортқа бейімделген ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және осы саладағы еңбек өнімділігін 2022 жылға қарай 2,5 есе арттыру. Аталған міндеттерге қол жеткізу үшін Қазақ ұлттық аграрлық университеті жаңа буындағы білікті мамандарды дайындап, тиімді менеджмент қолдану арқылы әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орнына трансформациялануда. Осы орайда біз университет ректоры, ҚР ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Исабайұлы ЕСПОЛОВПЕН сұхбаттасып, оқу орнында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар барысымен және трансформациялау тәжірибесімен бөлісуді өтіндік.

– Тілектес Исабайұлы, Сіз бас­қа­рып отырған университет Қазақ­станда алғашқылардың бірі болып зерттеу университетіне трансформациялануда. Қол жеткізген нәтижелер туралы айтып берсеңіз?

– Әлемдік деңгейдегі университет­терді құрудың халықаралық тәжірибесі негізінен үш бағыттан тұрады. Ол үздік­терді қолдау, жоғары оқу орындарын біріктіру және жаңадан құру (Назарбаев Университеті). Біздің оқу орнымыз бірінші жолмен дамып келеді және осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізуде.

2001 жылдан бастап дәстүрлі жоға­ры оқу орны ретінде білім, ғылым, өн­ді­ріс интеграциясы үрдісін бастады. «АгроДаму» аграрлық ғылыми-өндірістік консорциумы құрылды, оның құрамына жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары, тәжірибелік стан­салар, ірі агроқұрылымдар кірді. Университет Қазақстан-Америкалық «Extension» ақпараттық-консалтинг орта­лығы, Фермерлердің жоғары мек­тебі және «Агробизнес және құқық» ха­лықаралық институты арқылы фермер­лік шаруашылықтармен белсенді қа­рым-қатынас жасай бастады. Білім алу­шылардың тәжірибеден өтуі үшін әр аймақта оқу-ғылыми-өндірістік орта­лықтар құрылды.

Аграрлық білім берудің «мектеп (лицей) – колледж – университет» үздіксіз жүйесін қамтамасыз ететін «өмір бойы оқыту» қағидасына негізделген «Агро білім беру» халықаралық қауымдастығы және кіші академия ашылды. Халық­аралық ғылыми-білім беру консор­циумы жұмыс істеп тұр. Университет 15 халықаралық қауымдастықтар мен ұйым­дардың белсенді мүшесі, ТМД елдеріндегі Жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының ректорлары кеңесіне төрағалық етеді. «Centеr of Excellence» академиялық ұтқырлықты дамытудың модельдік орталығы, Халықаралық пәнаралық мектеп (KIIS) құрылған. Агроөнеркәсіп кешенінің мамандарын дайындаудың барлық бағыттары бо­йынша Халықаралық қысқы және жазғы мектептер бар. О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты, «Таза планета» орталығы және «Достық» студенттік ассамблеясы құрылған.

2010 жылы университетке иннова­цияға бағытталған жоғары оқу орын мәртебесі берілді. Осы жылдан бас­тап еліміздегі университеттер ішінде алғашқы болып, жобалық басқарудың халықаралық стандарттары негізінде ғылыми орталықтар мен жоғары оқу орындарының 13 халықаралық сарапшысымен бірлесіп, Ұлттық зерттеу уни­верситетіне трансформациялану үрдісін бастады.

Трансформация нәтижесінде халық­аралық стандарттарға сәйкес 96 білім беру бағдарламасы бойынша 217 жаңа білім беру траекториялары әзірленді. Еуропа, Азия және АҚШ-тың жетекші серіктес оқу орындарымен қос диплом беру бойынша 12 бағдарлама енгізілді.

Университет ұлттық жоғары оқу орны ретінде Қазақстанның 20 университетімен қос диплом бағдарламасы бойынша аграрлық бейіндегі мамандарды бірлесіп оқытады, сондай-ақ еліміздің өңірлері үшін магистранттар мен докторанттарды мақсатты түрде дайындайды. Барлық білім беру бағдарламалары халықаралық аккредиттеуден өткен. ҚазҰАУ зерттеу университетіне трансформациялану нәтижелері Үкіметте, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрліктерінде бірнеше рет баяндалды.

2015 жылы ЖОО-ның трансформа­циясы нәтижесі мен тәуелсіз сарапшы­лардың ұсынысы негізінде Үкімет Қау­лы­сымен Қазақ ұлттық аграрлық уни­верситеті, Жәңгір хан атындағы Ба­тыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Білім және ғылым министрлігінен Ауыл шаруашылығы министрлігінің қара­мағына берілді. Аталған жоғары оқу орындарының және Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ғылыми-зерттеу инсти­туттарының тиім­ді қызмет атқаруы үшін «Ұлттық аграр­лық ғылыми-білім беру орталығы» ком­мерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Оның құрамына үш оқу орнынан басқа 23 ҒЗИ, 14 тәжірибелік станса, білімді тарату және коммерцияландыру орталықтары енді.

2016 жылы Үкімет Қаулысымен Қазақ ұлттық аграрлық университеті шаруашылық жүргізу құқығындағы рес­публикалық мемлекеттік кәсіп­орыннан коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылды. Бұл университетке академиялық еркіндік алуға, автономияға көшуге және мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып, өзін-өзі қаржыландыру қағидаларын іске асыруға мүмкіндік берді.

– Алдымыздағы жаңа оқу жылында республикамыздың жоғары оқу орындары коммерциялық емес акционерлік қоғам (КеАҚ) мәртебесіне өтеді. Өзіңіз басқарып отырған Қазақ ұлттық аграрлық университеті бұл мәртебеге 2015 жылы ие болып, түр­лі бағыттарда жүйелі жұмыстарды бастап та кетті. Осы орайда, өз тәжіри­бе­леріңізбен бөлісіп, аталған құры­лымдық өзгерістер жөнінде кеңірек айтып берсеңіз.

– Жарғылық капиталында 100% мемлекеттің қатысуы бар коммерциялық емес акционерлік қоғамы мәртебесін алу ережелері еліміздің «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы» заңдарында белгілен­ген. Бұл жерде мемлекет жалғыз акционер болып табылады.

КеАҚ құрғанда университетте директорлар кеңесі, басқарма, корпоративтік хатшы сияқты басқару органдары жасақ­талып, жаңа Жарғы мен жоғары оқу орнының даму жоспары және басқарудың ұйымдастырушылық құрылымы бекіті­леді. Директорлар кеңесі университет стратегиясын, даму жоспарын, қаржылық есебін және басқа да маңызды құжаттарды бекітеді және барлық құрылымдық бөлімшелер оған есеп береді. Акционерлік қоғам өз қызметін тиімді жүргізу мақсатында қаржы тартып, өз акцияларын шығарады. Ең басты мәселе – КеАҚ қызметінен түскен таза кіріс акционерлер арасында бөлінбейді, тек университеттің дамуы үшін пайдаланылады. Тағы бір артықшылық: КеАҚ кез келген қаржыландыру көздерінен инвестиция тартып, сонымен қатар басқа да білім беру ұйымдары сияқты мемлекеттік тапсырыспен оқитындарға арналған стипендияға, академиялық ұтқырлыққа, шетелдік ғалымдар мен топ-менеджерлерді шақыруға мемле­кеттік бюджеттен қаржы ала алады. Университет бекітілген Жарғысына сай кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады.

Осы орайда Қазақ ұлттық аграрлық университеті еліміздегі барлық жоғары оқу орындарымен әріптестік байла­ныс орнатып, трансформациялау мен ком­мерциялық емес акционерлік қо­ғам­ға өту барысында жинақталған тә­жірибелерімен бөлісуге дайын екенін айтқым келеді.

– Университетке коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесі бе­ріл­геннен кейін ғылым-білім бе­ру инфра­құрылымында қандай өзге­рістер болды?

– 2015 жылы университет­те Агро­тех­нологиялық хаб – Агроөнер­кәсіп­тік кешеніндегі инновациялық техно­логиялардың Халықаралық зерттеу инс­титуты ашылды. Оның мақсаты отандық аграрлық секторға жаңа білім мен технологияларды іздестіру, тарту және трансферттеу болып табылады. Агрохабтың қызметі әлемнің же­тек­ші жоғары оқу орындарымен жә­не ғылыми орталықтарымен тығыз ынты­мақтастықты дамытуға ықпал етеді. Агрохаб құрамына 6 ғылыми-зерттеу инс­титуты, 6 халықаралық инновациялық орталық және 31 зерттеу зертханасы кіреді. Олар: Қазақстан-Жапон инно­вациялық орталығы, Қазақстан-Корей инновациялық орталығы, Тұрақты даму орталығы, «Тағам өнімдерінің техно­логиясы мен сапасы» орталығы, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы, Инновациялық жылыжай, Агротехнопарк (бизнес-инкубатор, стартап – жобалар және т.б.). Осындай дамыған инфрақұрылым соңғы төрт жылда университет ғалым­дарына АШМ, БжҒМ, БҰҰ Даму бағ­дар­ламасы бойынша 2 млрд теңгеге жуық сомаға 300 ғылыми жобаны орын­дауға, серіктестермен бірлесіп 3 млрд теңгеден астам сомаға 50 ғылыми жобаны коммерцияландыруға мүмкіндік берді. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске енгізу 48%-ды құрады. Университет 116 млн теңге көлемінде БҒМ коммерцияландыру кеңсесін қаржыландыру байқауының жеңімпазы атанды.

ИИДМБ аясында 1,1 млрд теңгеге 4 инновациялық ғылыми-білім беру зертханасы құрылды. 2019 жылы 1,9 млрд теңге сомаға өсімдіктердің микро­клоналдық көбею зертханалары, сүт бойынша референттік зертхана құрылады, сонымен қатар Digital орталығы мен Қазақстан-Беларусь агро­инженерлік инновациялық орталығы толық жабдықталады. Зертханалар мен орталықтар еліміздің АӨК өзекті мәселелерін шешуге бағытталады. Мы­салы, қазіргі уақытта Қазақстанда мал басының 50-ден 69%-ға дейінгі үлесі үй шаруашылықтарында шоғырланған. Жыл сайын Қазақстанға басқа елдерден 600 мың тоннадан астам сүт және сүт өнім­дері, оның ішінде халық тұтынатын қоюландырылған тәтті сүттің 80%-ы экспортталады. Жаңадан ашылатын сүт өнімдері сапасының референттік зертханасы сүт және сүт өнімдері сапа­сының ондаған көрсеткіштерін жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта Вагенинген (Нидерланды) уни­верситетімен бірлескен жұмыстар атқарылуда.

Digital орталығын дамыту ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы туралы барлық деректерді шоғырландыруға, GIS технологияларының көмегімен көптеген көлемді деректерді талдаудың жұмыстарын жеңілдетуге және жақсар­туға мүмкіндік береді.

Ауданы 845 га құрайтын «Агро­уни­верситет» оқу-тәжірибе шаруашылығы негізінде Агротехнопаркті дамыту бо­йынша жұмыстар жалғасуда.

Азия даму банкінің қолдауымен су шаруашылығы саласында мамандар даярлау орталығы болып табылатын Су хабы құрылды. АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын зерттеу қызметімен және Мичиган штатының университетімен Жер және Климаттық хабтар ашу бо­йынша жұмыстар жүргізілуде. Олардың мақсаты – Қазақстан мен Орталық Азия елдері үшін жер және су ресурстарын тиімді басқару жөніндегі мәселелерді шешу. Жүргізілген жүйелі жұмыс уни­верситеттің 9 халықаралық және Ұлттық рейтингте беделді орын алуына және 2023 жылға қарай QS-300 рейтингісінде әлемдік деңгейдегі университет болуына мүмкіндік береді.

– Университетті басқарудағы тиім­ді менеджмент моделінің негізгі мақсаты неге бағытталған?

– Жоғары оқу орнын ғылыми-зерт­теу университеті ретінде дамы­туда жіберілген қателіктер мен қиын­дықтарды талдау, бағалау барысында табыс факторлары – ғылыми таланттарды шоғырландыру, ресурстармен қамтамасыз ету және тиімді менедж­мент жүргізу керектігін түсіндік.Уни­верситетте корпоративтік бас­қа­руды дамыту – адамдар-үрдістер-технологиялар сияқты тиімді және икемді модель құ­руға бағытталған.

Бірінші аспект – адамдар. Былтырдан бері университетте адам ресурстарын дамыту басқармасы (HR) жұмыс жасайды. Қызметкерлердің құзіреттілік критерийлері мен қызметінің нәтиже­сін бағалау тәсілдері қайта қаралды. Ғылыми жобаларды орындаушы, агро­құрылымдарда консалтингтік қызмет көрсетуші қызметтері енгізілді. Шетелдік ғалымдар, ҒЗИ және өндіріс өкілдері университеттің оқытушы-профессорлар құрамы штатының 20%-ын құрайды. Кафедра меңгерушілерінің 57%-ы – жас PhD докторлар.

Цифрлы трансформациялау шеңбе­рінде университет екі негізгі бағытын анықтады. Бірінші – басқарудың бірыңғай экожүйесін қалыптастыру. Осындағы басты мақсат – мемлекеттік және жергілікті атқарушы басқару органдарымен, жоғары оқу орындарымен, колледждермен ашық және үздіксіз өзара қарым-қатынас орнату. Тәуекелге бейімделген автоматтандырылған бас­қару жүйесін құру. Университеттің ішкі бизнес-үрдісін үздіксіз жетілдіру мәде­ниетін дамыту.

Екінші – заманауи оқу үрдісін құ­ру: жаңа интерактивті әдістер мен құ­ралдарды пайдалану, мемлекеттік кәсіп­орындармен ғана емес, жеке бизнестерді тарту арқылы теориядан тәжірибеге көшуді қамтамасыз ету.

Сонымен қатар логика, техника және заманауи ақпараттық технологиялар құралдарын шоғырландыру арқылы білім бағдарламаларын толықтыру. Оқу ор­нының жақын арадағы іске асыратын шешімдері – бизнес-үрдістерді автоматтандыру және менеджменттің тиімді жаңа деңгейіне көтерілу.

Бүгінде университет әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтарымен бірлесіп, жаңа білім мен технологияларды, озық тәжірибелерді шоғырландыруда. Университет өзінің инновациялық дамуында аграрлық және орман ресурстары бағытында мамандар дайындайтын әлемдегі жоғары оқу орындарының ішінде QS рейтингінде бірінші орында тұрған Вагенинген университетінің (Нидерланды) озық тәжірибесіне сүйенеді.

Қазіргі уақытта ҚазҰАУ Вагенинген университетімен «Өсімдіктер туралы ғылым» және «Азық-түлік технологиясы» оқу бағдарламалары бойынша бакалавр студенттерін дайындауда ортақ келісімге келді. Бұл келісім бойынша университетімізде әр бағдарламаға 50 студенттен қабылдап, өз елімізден сыртқа шықпай-ақ сапалы білім беру жоспарлануда. Осы бағытта бірлесіп жасаған жұмыстар жыл сайын 100 студентті халықаралық стандартқа және еңбек нарығындағы сұранысқа сай білікті маман етіп дайындауға мүмкіндік береді. Осындай жұмыстар Огайо штаты (АҚШ) университетімен де жүргізіледі.

Бүгінгі күні оқу орындарында барлық «пул» жобалар студенттерге бағытталған. Университет олардың білім сапасын жоғарылатудағы ұсыныс-пікірлерін толық ескереді және бос уақыттарын тиімді пайдалануын ұйымдастырып, шығармашылықтарын дамыту үшін барынша жағдай жасайды.

Университет бүгінде Қазақстанның озық ЖОО-ларын біріктіретін Акаде­мия­лық адалдық Лигасы құрамының мүшесі. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігімен тығыз жұмыс жүр­гізу нәтижесінде оқу орнымызда жем­қорлыққа қарсы технологиялар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру алаңы ашылуда. Сондықтан университет тиімді менеджмент қолдану арқылы қысқа мерзім ішінде өзінің барлық ресурс­тарын шоғырландыра отырып, білім, ғылым және инновациялық қызмет көрсетуде, аграрлық секторды жедел дамытуда еліміздің осы саланың бәсекеге қабілеттілігінің артуының өзегі болып табылады.