Жол құрылысы сапасы мәселесінің алдымыздан шыға беруі оған деген қажетті бақылау мен зертханалық жұмыстар деңгейінің төмендігінен орын алып жүргені де мәлім. Келешекте оны бақылаудың басты жолы қандай болмақ? Елімізде құрылған жаңа құрылымдардың бірі – «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК осындай олқылықтардың орнын толтырмақ. Ақтөбе облысына келген жұмыс сапары кезінде аталған орталықтың бас директоры Замир Сағыновпен аз-кем пікір алмасудың сәті түскен-ді. Оның айтуынша, орталық республика аумағында жүргізілетін барлық жол құрылыстарының сапасын қатаң бақылаудан өткізбек. Бұл ретте басты назар жол құрылысы материалдарына зертханалық жұмыстар жүргізуге бағытталады. Тұтастай ел өңірлерінде істі алға апару үшін орталықтың филиалдары құрылған. Осындай біртұтас құрылым мен кешенді көзқарас республикалық маңызы бар жолдардың сапасын тексерумен шектелмей, сонымен бірге облыстар мен елді мекендер аралығындағы жолдардың жай-күйін бақылауға да мүмкіндік береді.
Облыстық, республикалық және халықаралық автожол құрылысы қызу жүргізіліп жатқан Ақтөбе аймағы үшін аталған орталықтың қызметі ауадай қажет-ақ. Өйткені қомақты қаражатқа жол салынғанымен сапасы төмен болса, одан не қайыр. Сондықтан жаңадан құрылған орталық филиалының жұмысын шұғыл ширату керек-ақ.
Осы орайда бірінші кезекте қажетті материалдық-техникалық базаны жасақтауға көңіл бөлініп, филиалға жылжымалы зертхана сатып алу жөнінде шешім қабылданды. Сондай-ақ штаттық кестесін толықтыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
– Сапалы жол ұғымының мағынасы терең, ауқымы кең. Бұл – елдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішінің басты белгілерінің бірі. Осы тұрғыда ұлттық орталықтың облыстағы бөлімшесін қолдауға, жол сапасын жақсарту үшін барлық мүмкіндіктерді жасауға әзірміз, – деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Облыс орталығындағы жол сапасын бақылау жөніндегі зертхана Ақтөбе қаласының іргесінде орналасқан. Оның жетекшісі Светлана Қарымсақованың айтуынша, мұнда жол сапасын тексеруге қатысты қойылатын барлық талаптар мен нормативтер сақталған. Соған сәйкес барлық шикізат қоспалары араластырылып, асфальттың алғашқы сынама нұсқасы алынады. Сынама оң көрсеткіш көрсеткен жағдайда ғана негізгі өнім шығаруға тапсырыс беріледі. Зертхана қызметімен танысуды мақсат еткен арнайы топ «Асфальт» ЖШС-ға барған кезде зертхана сарапшылары мен мамандары Ақтөбе-Орск тас жолына қажетті құрылыс материалдары қоспасына тексерулер жүргізуде екен.
Зертхана – кез келген асфальт шығаратын зауыттың басты тұтқасы, басты өлшемі. Аталған сала өкілдерінің тұжырымдауынша, өнім сапасына қатысты қойылған өлшемдер орындалмаса немесе тиісті талаптарға сәйкес келмесе, мұндай көріністер бірнеше рет қайталанса, айыппұл салынып, зауыттың сертификаты қайтарылып алынады. Яғни Жол активтері сапасы ұлттық орталығының құзырымен мәселенің бұлайша қойылуы жол сапасына деген шынайы жанашырлық пен жауапкершілікті қалыптастырады.
Жол ең алдымен негізгі шикізат материалдарының сапасы жоғары болған жағдайда берік болады. Айталық, арнайы қоспа қосылмаса, кейбір қиыршық тастар битуммен араласпайды. Мұның өз тәртібі мен қолданылу шарттары бар. Өндіруші оны белгіленген мөлшерге сай қоспаса, өнім сапасыз болып шығады. Осы тәрізді кем-кетіктің бәрі зертханада анықталады. Жалпы, сапалы асфальт кем дегенде 17 жылға дейін сыр бермеуі керек.
Ақтөбе облыстық әкімдігі мен Жол активтері сапасы ұлттық орталығы арасында меморандумға қол қойылды. Сәйкесінше облыс аумағындағы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың бәрі бақылауға алынбақ. Сонымен бірге өңірде жол сапасын бақылайтын зертханалар мен оның материалдық-техникалық базасы арта түседі, ең бастысы жол құрылысы сапасын анықтау үшін инновациялық технологиялар енгізіледі деп күтілуде. Міне, автожол сапасына байланысты бұған дейін орын алған түйткілдер осылайша тарқатылмақ.
АҚТӨБЕ