• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Маусым, 2019

Әлеуетіміз бен мүмкіндігіміз жетеді

269 рет
көрсетілді

Қазақстан – әлемдегі өркениетті мемлекеттердің арасынан өз орнын лайықты алуы керек. Осы мақсатта елімізде ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформаларға байланысты атқарылуға тиіс 10 бағытты қадап тапсырған болатын.

Қызылорда облысының әкімі, об­лыс­­тық Nur Otan партиясы филиа­лының төрағасы Қырымбек Көшер­баев­тың төрағалығымен өткен жиында Мем­лекет басшысының сайлауалды бағ­дар­ламасынан туындайтын міндет­тер­ді жүзеге асыруда партия алдындағы негізгі жұмыстар талқыға салынды.

Жиынға төрағалық еткен облыс әкімі алдымен Президент сайлауын­да қызылор­да­лықтардың 81,6 пайы­зы сайлауға қатысып, 75,3 пайызы Прези­дент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдап дауыс бергендігін айт­ты. «Бұл – ауызбіршілігі мен ынтымағынан айнымаған Сыр халқы­ның елдің болашағы үшін Тұңғыш Президент – Елбасының сараб­дал саясатын жалғастырушы Қасым-Жомарт Кемелұлына артқан зор сенімі», деді Қ. Көшербаев.

Жиын барысында партияның облыс­тық филиалы төрағасының бірінші орын­­басары Ақмарал Әлназарова атқа­рыл­ған жұмыстармен қатар сайлау нау­қа­­ны барысындағы ерекшеліктерге де тоқталып өтті.

Сондай-ақ ол Вirge акциясы аясында өңірде 32 мыңнан астам анкета жинақталғандығын айтты. Олардың 27591-і кандидатты қолдау хаттары болса, 4500-і ұсыныстар мен проблемалық мәселелер екен.

– Талдау нәтижесі көрсеткендей ұсы­ныс­тардың 15,7%-ы әлеуметтік кепіл­дік­терді қамтамасыз ету, 9,4%-ы білім, 7,0%-ы тұрғын үй және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылығы және 5,1%-ы  денсаулық сақтау жүйесіне қатысты. Өңірлік деңгейде жедел әрекет етуді талап еткендері сайлау науқаны барысында тиісті мекемелермен шешілді. Ал стратегиялық аймақтық және рес­пуб­ли­калық пакет мәселелері сарапталып тиісті органдарға жолданады, – деді А.Әлназарова.

Сыр өңі­рі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­масына алғашқы болып үн қосып, өз алдына орталық құрып, іргелі іс бастаған облыстардың қатарында. Бұл ба­ғытта облыстық партия филиалы сая­си кеңесінің мүшесі, «Сыр медиа» ЖШС директоры Аманжол Оңғарбаев өз ұсы­ныс­тарын ортаға салды.Оның айтуынша ұлттық рухты ояту, жаңғырту үшін алды­мен атақоныс – ауылдың рухын көтеру керек.

Елдің әлеуметтік-экономикалық даму жолында 10 бағыттан тұратын Мем­лекет басшысының тапсырмасын саяси кеңес мүшелері де бір ауыздан қолда­ды. Ондағы әрбір бағытқа жеке-жеке тоқталып, оны жүзеге асыру бағы­тындағы ұсыныстарымен бөлісті.

Мәселен, облыстық партия филиалы саяси кеңесінің мүшесі, облыстық партия филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Наурызбай Бай­қадамов Президенттің саяси тұғыр­на­ма­сының негізгі бағыт­тарының басында қарастырылған сыбайлас жемқорлықты жою мәселесіне тоқталды.

– Сыбайластықпен күрес барша­мыз­ға міндет. Осы орайда Президент қыркүйек айына дейін жемқорлықты барынша төмендететін реформалар топтамасын дайындауды тапсырды. Өзіне тікелей бағынатын Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл  агенттігін құрып, нақты шаралар қолға алынып жатыр. Олардың қатарында бағыныштылары сыбайлас жемқорлыққа барған жағдай­да бірінші басшылардың орнынан түсу институтын іске асыру тетігі қосы­ла­тынын айтты. Бұл біздің барлы­ғымыздың әуелі өзіміз үшін жауап­кер­ші­ліктерімізді арттыруды талап етеді, – деді Наурызбай Байқадамов.

– Бірден айта кетейін, Президент тапсырған бұл міндеттерді жүзеге асы­ру­ға біздің әлеуетіміз бен мүмкін­ді­гіміз жетеді және оған қажетті алғы­шарт­­та­рымыз да бар.

Өздеріңізге белгілі, 2019 жылғы 7 ақпанда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңе­сі­нің қарауына өңірдің бірқатар өзекті проблемалық мәселелерін ұсынған болатынбыз. Кеңес отырысының нәтижесімен Қызылорда облысының әлеуметтік-эконо­микалық дамуының кешенді жоспары әзірленіп, Үкімет бұл қаулыны бекі­тіп, аймақтың дамуына келесі 3 жыл­ға қосымша 219 млрд теңге қаржы бөлінді.

Қашанда Сыр еліне көңілі ерекше Елбасы бұл жолы да халықтың талап-тілегіне, біздің ұсынысымызға өз қол­да­уын білдірді, – деген облыс басшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа аймаққа жасаған айрықша қамқорлығы үшін облыс жұртшылығы атынан шынайы алғыс білдірді және нәтижелі еңбекпен лайықты жауап беретіндіктеріне сен­дір­ді. Мемлекет басшысының 10 нақты бағытының облыста орындалуына мүм­кін­дік бар екендігін айтты.

Мысалы, 2018-2020 жылдар облыс әкімдігі мен мәслихат, Nur Otan партиясы филиалымен, қоғамдық кеңес және кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Кәсіпкерлікті қолдаудың 3 жылдығы» деп жариялаған болатын.

Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға биыл­ғы жылы барлық қаржыландыру көзде­рінен 34 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Соның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылады. Салықтық база дамып, жергілікті бюджет нығаяды, қоғам­дық-саяси тұрақтылық орнығады.

Саяси Кеңес отырысында партияның облыстық филиалының төрағасы әрбір ұсынысқа ерекше мән беріп, тиісті орган басшыларына жұмысты жетілдіру бағытында нақты тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аймақта осылайша кезең-кезеңімен орындалып жатыр.

 

Қызылорда облысы