• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
17 Наурыз, 2010

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ: ЕҢКЕЙГЕННІҢ ЕҢСЕСІН ЕҢБЕК ТІКТЕЙДІ

839 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысы жер асты қазба байлықтарына бай болмағанымен мемлекеттің ең басты құндылығы – адам ресурстарына бай. Республикамыздағы тұрғындардың әрбір бесіншісін құрап отырған облыс қазақтың Қалтайы – Қалағаң Мұхамеджанов айтқандай, ұлыстың ұйытқысы, қазақы болмыстың қалпын бұзбай сақтаған киелі аймағы. Оңтүстік – аграрлы өңір. Мақтаарал, Сарыағаш, Сайрам сияқты аудандарының халқы шағын облыстарға пара-пар, отыз-қырық мың халық тұратын ауылдары кейбір облыстардың екі-үш ауданын орап алатын оңтүстіктің тізгінін Елбасы Асқар Мырзахметовтің қолына ұстатқанда іскерлігіне, табандылығына үміт артқан еді. “Қазақстанды оңтүстіктің жалғыз өзі-ақ жеміс, көкөніс өнімдерімен толық қамтамасыз ете алады”, деген облыс басшысы бұл сөзінің жел сөз емес екендігін дәлелдеді. Ресей, Қазақстан, Беларусь мемлекеттері арасындағы Кеден одағы аясында Мәскеуден келген делегация да оңтүстікпен осы бағытта қанаттасып жұмыс жасауға уағда байласып, екі жақты жұмыстарды бастап кетті. Асқар Исабекұлының облыс тізгінін ұстағанына жақында жыл толды. Осы сәтті пайдаланып, көкейдегі біраз сауалдарымызға жауап алған едік. – Асқар Исабекұлы, өзіңіз бас болып оңтүстіктің барлық аудан, ауылдарын түгел аралап, түйінді мәселелерді жіліктеп, әрқайсына әлеуметтік карта жасаттыңыз. Жұрт дұрыс қабылдады. Әйтсе де “Асатпай жатып құлдық деме”, дейді халық нақылы. Сіз және сіздің орынбасарларыңыздың, басқарма басшыларының аяғы тиген ауылдардың бәрі проблемаларын бойынан бір демде сыпырып тастай алмайтыны анық. Соның ақыры қалай болады, қыруар жұмыстарды дағдарыс жағдайында бүйірі солып тұрған бюджет көтере ала ма? – Біз облыстың 900-ге тарта ауылын аралағанда проблемаларды бір күнде, бір жылда шешіп тастаймыз деген мақсат қой­ған жоқпыз. Халықты олай алдарқатуға бол­майды. Облыстың төлқұжаты – әрбір елді мекеннің төлқұжатынан тұрады. Олар­дың проблемаларын толық біліп алмай бастаған іс кібіртіктей береді. Бар­лық елді мекендерді аралағаннан кейін тал­дап, қайсысы бірінші кезекте, қайсысы екінші кезекте шешілетін мәселе екенін екшедік. 2010 жылдан 2012 жылға дейінгі бюджеттік бағдарламаға лайықтап түздік, компьютерге ендірдік. Мен әкім болам ба, басқа әкім бола ма, бюджетті жоспар­ла­ған­да көрпені қай ауылға тартам, қайсы­сында қандай проблема бар еді деп бас қаты­рып отыр­майды. Бірінші кезекте шешілетін мәсе­ле­лер жіліктелген, шетінен қарап, жұмыс жасай береді. – Халық пайдасына жұмыс жасайтын жақсы бастама екендігі көзге ұрып тұр... – Осы тұрғыдан келдік қой. Бұл жерде нақты жүйе қалыптасты. Бәрі дайын, ком­пью­терде тұр. Халықтың санына, мәселе­нің күр­делілігіне орай кезек-кезегімен орын­да­лады. Мұндай жүздесулердің тағы бір пай­да­лы жағы – халықтың арыз-шағымы тыңдалды. Қарапайым жұрттың атқарушы биліктің қабылдауына бәрі бірдей жете бермейді. Әр басшының саласы бойынша атқаруға тиісті жұмысы бар, соның бәрін ысырып қойып, адамдарды қабылдауға уақыты жетпейді. Белгіленген кесте, бағдарланған жоспар бар, ол орындалмаса жұмыс ақсайды. Әлгіндей жүздесуде арыз-шағымдардың негізі барлары шешілді, біразы жауапты орындарға тапсырылды. Әр ауылға жасалған әлеуметтік төлқұ­жат бойынша 2010 жылғы бюджетке аса діл­гір, кезек күттірмейтін мәселелерді ен­дір­дік. Бір ауылға ауыз су, бір ауылға ем­хана, енді бір ауылға сапалы жол салу керек. Нақты шешілгенін мысал үшін айта кетейін. Мәселен, ауыз су туралы. Облыста 900 елді мекен болса, оның 66-сы ашық су көздерін, 21-і бұлақ суын, 13-і тасы­малды суды, 71-і ұңғы суын, 247-сі құдық суын тұтынады. Қалып отырған 482 елді ме­кендерде су құбыры болғанымен, оның 42-сі қайта құруды қажет етеді. Осы жылы оның 11-іне республикалық бюджет есебінен қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Ал, 31-іне жобалау-сметалық құжаттары жоқ болғандықтан, оны жасауға 120,2 млн. теңге облыстық бюджеттен қаралды. Ағымдағы жөндеуді қажет ететін 199 елді мекеннің, бірінші кезекте жөндеуді қажет ететін 99 елді мекеннің мәселесі де толығымен шешіледі. Құдық суын пайдаланатын 247 елді мекеннің  232-сі санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Қалған 15-не құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. 71 ұңғы суын пайдаланатын елді мекеннің 65-і санитарлық талаптарға сәйкес. Қалған 6 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүр­гізіледі. Ашық су көздерінен пайдаланатын 66 елді мекеннің, 6-уына құрылыс жұ­мыстары жүргізіледі. 54 елді мекеннің ЖСҚ-ын жасауға қаржы қаралды. Та­сымалды суды пайдаланатын 13 елді ме­кен­нің мәселесі де келесі жылы толығымен шешіледі. Соның нәтижесінде облыстың 486 мыңға жуық тұрғыны қосымша таза ауыз сумен қамтылатын болады. Халықтың денсаулығы – мемлекеттік мүдде. Атамыз қазақ “ауру – астан” дейді. Ал, асыңыз сусыз жасалмайды. Осыған барынша мән беріп жатырмыз. Тағы бір қамтылған мәселе – облыс­тың өндірісі, өнеркәсібі. Өзіңіз білетіндей, халыққа бай облыста еңбек ресурсы жо­ға­ры болғанымен, бюджеттің басым көп­шілігі республикалық субвенциядан құра­лады. Жергілікті жердің кірісін көтеру үшін өндіріс орындарын дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашудың жолдарын қарастыру керек. Елді аралағанда қасыма сала басшы­ларынан бөлек екінші деңгейдегі банк басшыларын, қаржы институттары өкіл­де­рін ертіп алдым. Ауыл-ауылдарда бизнес жо­баларының жәрмеңкесін өткіздік. Қо­лынан бизнеспен, кәсіпкерлікпен айна­лы­су келетін, бірақ қаржылық мүмкіндіктері шектеулі азаматтар қызығушылық білдіріп, бизнес-жобаларын қолға алды. Ауылдың жағ­дайында да атқарылатын жұмыстар көп. Малды ауылдар бір шайлық сүт беретін сиырларының әлденешеуінің орнын жа­ба­тын асыл тұқымды сиыр алудың жөнін білді. Көкөніс, майлы дақылдарды өсіруде де жаңа агротехнологияға негіздеп, мол өнім алуға болады. Жұмыс жоқ деп бір жамбасынан екінші жамбасына аунап түсіп жататындарға несібені кім береді. Мына көрші республикадан атажұртына оралып жатқан ағайындарымыздан іскерлікті әбден үйренуге болады. Оларға жер берсең бол­ды, шырайын кіргізеді. Енді олардың қата­рына өзіміздің ағайын тартылып, ауыл шаруашылығымен дендеп айналыса баста­ғаны қуантады. Үкіметтің, әкімнің міндеті – жұмыс жоқ деген елдің қарнын тоғайтатындай ақ­ша беру емес, отбасының мойнынан ке­дей­лік қамытын алып тастардай кәсіп тау­ып беру. Кейде қаржы емес, ұйымдастыру жұмысындағы кемшіліктер де қолбайлау болып жатады. Бұл жағынан да көмегіміз әзір. Оңтүстіктің жұрты қара шаруаға пы­сық, өмірге бейім келеді. Бизнес-жобалары бойынша талай азаматтар жаңа жұмыс орындарын ашып жатқаны қуантады. – “Жол картасы” бойынша тиімді жұ­мыс жасаған облыстардың бірі – Оңтүстік. Былтырғы оқу жылында бір мезетте 23 мектеп пайдалануға берілді. Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев “мұндай оқиға республика тұрғай, дүние жүзіне сес көрсеткен алып Кеңес Одағының да қолынан кел­меген”, дегенді айтты. Оңтүстікте халық көп, оқушылар мектепке сыймай жатыр, білім ошақ­тарының көбісі апаттық жағдайда екен деп Үкімет белсенділік танытты дейін десек, қаржы дағдарысы құрсаудай қыспаған жылдары неге осындай кең­дік жасалмаған деген сұрақ туады. Мұны Үкімет кеңесінде есеп бергені­ңізбен байланыстыруға бола ма? Қазақстанға дені сау білімді ұрпақ керек дегенді Елбасы жиі қайталайды. Жалпы, облыста денсаулық сақтау және білім беру бағытында биылғы жылы қандай жұмыстар атқарылады? – Қазақ әдебиетінің бәйтерегі, мемлекетіміздің мақтанышы Мұхтар Әуезов “Халық пен халықты, адам мен адам­ды теңестіретін нәрсе – білім” деді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та жастармен кездесуде Қазақстанның келе­ше­гі білімді ұрпақтың қолында екенін үне­мі айтып, әрі осы мақсатқа мемлекет тара­пынан орасан қаржы бөлгізіп келеді. Уа­қытында әбден қалжыраған, экономикасы әлсіреген Жапония, Корея мемлекеттері талапты, талантты ұл-қыздарын жиып, бар қаржыларын қолдарына беріп, елді көтеру үшін ілім, білім алуға мықты мемле­кет­тер­дің оқу орындарына аттандырған екен. Нәтижесі әлемге белгілі. Сол білімді ұрпақ қос мемлекетті дүние жүзіндегі ең мықты мемлекеттердің кеуде тұсына көтерді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері біз де білім сапасының деңгейін көтеруге күш са­лып жатырмыз. “Болашақ” бағдарла­ма­сы­нан бөлек оңдаған мың жастарымыз шет­елдердегі іргелі оқу орындарында оқи­ды.  Елбасымыз та­лантты ұрпағымыздың бағын ашу үшін Ас­танадан халықаралық университет аштырды. Оңтүстік Қазақстан облысының оқу­шылары республикадағы құрдастарының бестен бірін құрайды. Мектептерде 500 мыңнан астам балаларымыз оқып жатыр. Алайда, мектеппен қамтуда атқарылатын жұ­мыстар көп. Сонау, Қазақстанның эко­номикасының қиын уақыттарында үш, төрт ауысымда оқитын, саман кірпіштен салынған мектептер оңтүстікте көп болды. Ол проблемалар біртіндеп шешіліп келеді. Көп жылдан бері шешімін таппай келе жат­қан 62 апатты мектеп болса, оның 45-і осы жылы облыс бюджеті есебінен жаңадан бой көтеретін болады. Үш ауысымда оқы­татын 29 мектептің мәселесі де толығымен шешіледі. 2010 жылы құрылысы 2000 жыл­дың басында басталып, аяқталмай қалған білім беру және денсаулық сақтау салалары нысандарының мәселесі толығымен шешімін таппақ. Сондай-ақ, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы аясында құ­рылысы 2008 жылы басталып, құрылыс құны қымбаттаған 13 мектепті осы жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз. Елбасының тапсырмасына сәйкес “Ба­лапан” бағдарламасы аясында 2010 жылы мектепке дейінгі 7 мың орындық 118 білім беру мекемесін ашу жоспарланған. Соның нәтижесінде облыстың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз етілуі 18 пайызға артатын болады. Сонымен қатар, 2010 жылы республикалық бюджеттің есебінен 4,2 мың орындық 13 балалар бақшасының құрылысы жүргізілетін болады. Бі­лім сапасын көтеру мақсатында мектептердің ма­териалдық-техникалық базасын ны­ғайтуға көңіл бөлініп отыр. Тозығы жеткен парталар мен тақталар толығымен ауыстырылып, қажеттілікті 100 пайыз қамтамасыз ету мақсатында 100 мың парта мен 6250 тақта алуға облыстық бюджеттен 1,2 млрд. теңге қарастырылуда. Қосымша 556 млн. теңгеге 5247 компьютер алынатын болады. Типтік мектептерде лингафондық, мультимедиялық кабинеттер құру жалғастырылады. Денсаулық сақтау саласы туралы айтар болсақ, облыстық бюджет есебінен 81 ғи­мараттың іргетасы қаланбақ. Сөйтіп, бірін­ші кезекте салуды қажет ететін 4 ауылдық аурухананың, 2 алғашқы медициналық көмек көрсету емханасының, 1 туберку­лез­ге қарсы диспансердің, 1 жедел жәрдем бе­кетінің, 36 дәрігерлік амбулаторияның, 35 ме­дициналық пункттің мәселесі толығы­мен шешіледі. Сонымен қатар, 27 ден­сау­лық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өткізіледі. Мәдениет және спорт салаларында да атқарылатын жұмыстардың ауқымы үлкен. Еліміздің рухани астанасы Түркістан қа­ла­сы­ның тарихи құндылықтарын сақтау және келер ұрпаққа дәріптеу мақсатында “Ежелгі Түркістан” тарихи-мәдени этно­гра­фиялық орталығының құрылысына облыстық бюджеттен қаржы қаралды. Осы жылы аудандық деңгейдегі 4 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіледі. Облыстық филармонияның жаңа ғимараты іске қо­сылады. Алдағы уақытта облыс орталы­ғы­нан цирк ғимаратын салу жоспарлануда. 2010 жылы мәдениет, спорт, туризм са­ла­ла­рын дамытуға 4,7 млрд. теңге қаралды. Яғни, бұл өткен жылмен салыстырғанда 23,7 пайызға көп. Облыстың құрама ко­ман­даларының мүшелерін дайындау және олардың республикалық және халық­ара­лық жарыстарға қатысуына 1 млрд. теңге қарастырылды. Ескірген 4 спорт нысанын заманауи талаптарға сай жақсартуға 185,3 млн. теңге бағытталуда. 2003 жылы бастал­ған Шымкент қаласындағы Қажымұқан атындағы орталық стадионды қайта жа­ңар­ту жұмыстарын аяқтауға 221,1 млн.теңге қаралған. Сонымен бірге, қалада “Спорт­тық манеж” кешенінің құрылысы бас­тала­ды. Ипподром күрделі жөндеуден өткізіліп, теннис корының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Мәдениет саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүріп жатыр. Шымкентте өткен “Алтын жебе” халықаралық анимациялық фес­ти­валіне келген шетелдік кәсіби аниматорлар “қазір бұл өнер бас иесіз қалды. Бас қо­са­тын орталығымыз Шымкент болса екен”, – деп лебіздерін айтып еді. Биыл осы фестиваль өз деңгейінде өтеді. – Асеке, Елбасымыз мемлекеттің әлеуе­тін күшейту үшін экономиканы әртарап­тан­дыру, заманауи технологияларды қолдану және инновациялық құрылымдарды қалып­тастыру, ұтымды жобаларды енгізу жөнінде Үкіметке тапсырмалар берді. Біздің облыстағы жағдай қандай? – Оңтүстікте бұл бағытта игілікті жұ­мыс­тар жалғасын тауып жатыр. 2009 жылы қар­жыландыру көздері бойынша өнер­кә­сіп­тің негізгі капиталына бағытталған ин­вес­тиция­лар көлемі 71,2 млрд.теңгені құра­ды, оның ішінде 17,1 млрд.теңге шетел ин­вестициялары игерілді. Несиелік ресурстар және кәсіп­орын­дардың өз қаржысы есе­бінен іске қосылған инвестициялық жоба­лардың жалпы құны 12,0 млрд. теңгені құрайды. Осы қаржыға 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, жаңадан 1060 жұмыс орны ашылды. “Кентау трансформатор зауыты” АҚ-тың импорт алмастыру аясында “Кернеу­лігі 35-110 кВ электр трансформаторларын шығару” жобасы іске қосылды. Жылдық қуаттылығы 450 дана трансформатор шы­ғару­ға жететін зауытта 120 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл жаңа өндіріс орны Қазақстан аумағындағы отандық электр­мә­шинесін жасау тарихын­дағы тұңғышы. Өндірісте Италия, Германия, Швей­цария­ның заманауи технологиялары мен құрал-жабдықтары қолданылуда. “Барыс 2007” ЖШС-нің “Әр түрлі ма­карон өнімдерін өндіру” жобасы ендірілді. Оның қуаттылығы жылына 25 000 тонна, жал­­пы құны 1 500,0 млн. теңге. Жаңадан 120 жұ­­мыс орны ашылды. Бұл өндірісте ІТ тех­но­­логиялары қолданылып, макарон өнім­де­рі­нің 20 түрі шығарылады, Орталық Азия аума­­ғындағы ірі өндірістердің бірі болып табылады. Мақта кластерін әрі қарай дамыту мақ­сатында “Оңтүстік” арнайы экономикалық аймағы құрылысын жүргізу жалғасуда. 2009 жылы аймақтың инфрақұрылымын дамытуға республикалық бюджеттен 2,1 млрд. теңге бөлініп, толықтай игерілді. 2010 жылы арнайы экономикалық аймақ аумағында 3 жаңа кәсіпорын іске қосы­лып, шетел және отандық инвесторларды тарту, арнайы экономикалық аймағының қызметін кеңейту жұмыстары жалғасын табады. Қазіргі таңда “Оңтүстік” АЭА дамыту кеңесімен түріктің Erol Boz ком­паниясы мен Қазақстанның “Ал-Мугний”  кәсіпорындарының инвести­циялық жобалары мақұлданды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы және елді индустрия­лан­дыру картасы аясында 2010 жылы облысымызда 8 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Қорытындылай келе, осы жобалар іске асы­рылып, облысымызда биыл жалпы құны 55,4 млрд. теңге инвестицияны құ­рай­тын жобалар құрылысының жұмыстары жүргізіледі. Бұл құрылыс жұмыстарына бүгінгі күні 1,9 мың адам тартылып отыр. Кәсіпорындар толық іске қосылғанда 2,2 мың адам тұрақты жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, Елбасы Жолдауында айтыл­ған­дай, 2014 жылға дейін Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту арқылы өндіріс көлемі ұлғайтылып, мұнай өңдеу жылына 4 млн. тоннадан 6 млн. тоннаға жет­кізілетін болады. Бұл еліміздің мұнай өнімдеріне деген тапшылығын толығымен шешетін болады. Аймақты индустрияландыру картасына 32, 7 млрд. теңгені құрайтын, кәсіпорын­дар іске қосылғанда 2,2 мың адамды жұ­мыс­пен қамтитын 19 жоба іріктеліп енгі­зіл­ді. Сонымен қатар, аудан және қала­ларда 4,6 млрд.теңгелік 31 инвестициялық жобалар іске асырылу үстінде. Осы инвес­тициялық жобалардың жүзеге асырылуына барынша қолдау жасау жұмыстары қарастырылуда. Облыс экономикасын ғылыми-тех­ни­калық дамыту мақсатында Оңтүстік Қа­зақстан облысындағы аймақтық технопарк ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу, көмірсутегі шикізатын қайта өңдеу, құрылыс материалдарының химия­лық технологиялары, табиғатты қорғау технологиялары және экологиялық таза ми­нералды тыңайтқыштарды өндіру бағыт­тарында жұмыс істеуде. Қазіргі таңда онда жалпы құны 57,0 млрд.теңгені құрайтын 32 инновациялық жобаның базасы құрылған. Олардың ішінен фосфор және металлургия өнеркәсібі қалдықтарының негізінде цемент өндіру, кальций карбидін өндіру өндіріске енгізілуде. Сонымен қатар, ба­зальт­тан минералды мақта өндіру, көмірді жерасты газға айналдыру технологиясы, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу арқылы жылу, отын және басқа да пайдалы өнімдер алу, жергілікті шикізаттан автоклавты емес пенобетон өндірісі сияқты инновациялық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіледі. – Бұрынғы фосфор зауытының орнын абаттандырып, аумағында индустриялық аймақ құруды қолға алдыңыздар. Бұл жо­балар үлкен өндірістері жоқ оңтүстікті өрге сүйрейтін локомотив бола ала ма? Кә­сіп­керлер “Максимум” аймақтық инвести­ция­лық орталығы” ЖШС-нің көрсеткен қыз­ме­тіне разы, осы жұмыстың әрі қарай осындай қарқынмен жалғасарына үмітті... – Бұрынғы фосфор зауытының орнын­да индустриялық аймақ құру арқылы жаңа инвесторларды тартып, химия, мұнай өнімдері, құрылыс индустриясы салалары­мен ұштастыру біздің 2010 жылғы басты мақсаттарымыздың бірі болып табылады. Онда түгендеу жұмыстары кезінде анық­тал­ған 337 гектар жердің 150 гектарын бо­са­тып, барлық инфрақұрылымдарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Келешекте құрылатын индустриялық ай­маққа қажетті инфрақұрылымдардың  қа­зіргі күндегі жағдайына сараптама жасал­ды. Алдын ала есептік сметалық құжатта­ма­ларға сәйкес, инфрақұрылымдарды қалпына келтіру үшін барлығы 1,5 млрд. теңге қажет екен. Қазіргі таңда, бұрынғы өндіріс аумағында 20 өнеркәсіп кәсіп­орындары жұмыс жасауда және онда 1000 адам жұмыспен қамтылған. Бұл өнеркәсіп кәсіпорындарының ішіндегі 13 кәсіпорын­ның даму жоспарлары бар. Олар іске асырылған жағдайда 1200 адам жұмыспен қамтылатын болады. 2009 жылы “Максимум” аймақтық ин­вес­тициялық орталығы” ЖШС-нің жар­ғы­лық қоры 3,3 млрд. теңгені құрады. Осы қаражат келесі іс-шараларға бағытталды. “Максимум” аймақтық инвестициялық ор­талығы” ЖШС 2009 жылы 878,9 млн. тең­геге 15 ірі жобаны қаржыландырып, іске асы­руға кірісті. Жобаны іске асыру бары­сында 499 жаңа жұмыс орнын ашу және облыс бюджетіне 124,7 млн. теңге аудару көзделіп отыр. Негізгі азық-түліктердің ба­ғасын төмендету мақсатында 11 әлеуметтік дүкен және 10 дүңгіршек құру жобасы іске асырылды. Жоғарыда көрсетілген қа­ра­жаттан “Максимум” аймақтық инвести­ция­лық орталығына еншілес “Ырыс” ШНҰ” ЖШС арқылы 551 жобаны 1,0 млрд. теңгеге қаржыландыру мақұлданды. Сонымен қатар, жобалардың 97,5 пайызы ауылдық елді мекен кәсіпкерлері болып табылады. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 847 жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке 46,6 млн. теңге көлемінде төлемдер аударылады. Осыған қоса “Максимум” аймақтық ин­вестициялық орталығы тамшылатып суғару жүйесін және интенсивті техно­ло­гия­ларды ендіруді қамтамасыз ететін “Агроконцерн” ЖШС-ні құрды. Оның негізгі мақсаты – ауылшаруашылық өнім­де­рін өңдеушілерді қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге демеу жасау, облыстың экспорттық мүмкіндіктерін да­мыту, тамшылатып суару жүйе­сін орнату, ауыспалы егістіктің жаңа үлгідегі әдістерін қолдану, тиімділігі жоғары да­қылдардың көлемін ұлғайту және егістік ал­қаптардың құрылымын оңтайландыруды қамтамасыз ету. Жоғарыдағы тапсырмаларды жүзеге асы­ру үшін “Агроконцерн” ЖШС-нің жар­ғылық капиталы 1 млрд. теңгеге қар­жы­ландырылды, сонымен қатар “Қазагро­қар­жы” АҚ қаржыларын тартуын көзделіп отыр. 2010 жылы “Максимум” аймақтық ин­вес­тициялық орталығының жарғылық ка­питалы 3,0 млрд. теңгеге ұлғайтылды. 2010 жылы “Максимум” басқа да қаржы ұйым­дарымен бірігіп жобаларды қаржыландыру көздерін жоспарлауда. Бүгінгі күнге “Қаз­агроқаржы” АҚ, “Агро несие корпора­ция­сы” АҚ, “Даму” КҚҚ” АҚ жобаларды бірігіп қаржыландыру келісім-шартына қол жеткізіп отыр. Жақында жүн өңдейтін цех іске қо­сылмақ. Бұл жоба “Максимум” аймақтық инвестициялық орталығы арқылы қар­жы­ландырылды. “Шымкент-Кашемир” ЖШС облыстағы барлық өндірілетін өнімді өңдейтін болады, бұл 6,7 мың. тоннаны құрамақ. Бұл жобаның нәтижесінде 150 жаңа жұмыс орны ашылады. Болашақта бұл өндірісті “Оңтүстік” АЭА аумағына көшіру жоспарлануда. Бүгінгі күні Қытай Халық Республикасына 3,0 мың. тонна (6,0 мың. тонна шикізат түрінде) өңделген жүнді өткізуге келісім-шарт жасалған. Бұрын облысымыздың барлық өндірілген жүннің 10 пайызы ғана өңделіп, ал қалған бөлігі өртеліп тасталатын еді. Енді бұл мәселе толығымен шешімін тауып отыр. – Халық адал ұлдарын ешқашан ұмыт­пайды. Қазақ жәдігерлерін түгендеп, Қожа Ахмет Ясауи кешеніне реставрация жасау кезінде министр бола тұрып, жұмысшылар­мен бірге қолына күрек алған белгілі қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековті, бюджет қаржысынсыз Шымкентке дендробақ, ипподром, зоопарк, балалар темір жолы секілді ғаламат жұмыстарды атқарған Асанбай Асқаровтай ағаларымыздың еңбегі ғасырлар бойы айтыла береді. Жақсы ағалардың дәстүріне адалдық сізден де байқалады. Қожа Ахмет Ясауи хик­меттерін қызыл гранит тасқа қашап жазғыз­ды­ңыз. Ұлы Абайдың мұражайы іске қосыл­ды. Бизнестің әлеуметтік жауапкер­ші­лігі ая­сында Тәуелсіздік монументі асқақ­та­ды, ден­дро­бақтың екінші тынысы ашылды. Алаштың ардақты ұлы Тұрар Рысқұловтың ескерткіші тұрғызылды. Баланы өмірге әкелу жөнінен рес­публиканың көшін бастаса да жас жұбай­ларға арналған оңды Неке сарайы болмаған Шымкентте осы оқылықтың орны толты­рылып жатыр. Қалтадан ақша суырып беру әркімге қиын, ал сіз қалай жол таптыңыз? – Данышпан бабаларымыздың уақыт елегінен өтіп, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлағатты нақылдарының түйі­ні өз еліңдей ел болмас, береке-бірлікті бол, Отаныңды өлшеусіз сүй, оған қал­тқы­сыз қызмет ет, бірақ міндет етпе дегенге тіреледі. Батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болсаң елге пайдаң тисін, дейді. Осыны әрбір қазақ азаматы жадында ұстауы тиіс қой. Өзіңіз атап айтқандай, біз биз­нес­тің әлеуметтік жауапкершілігі аясында талай шаруаны бюджет қаржысынсыз ат­қара алдық. Кәсіпкер азаматтарымызға рах­мет. Айттық – түсінді. Соның нәти­же­сінде 20-ға жуық нысан бой көтерді. Биыл да сол жұмыстар жалғасады. Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында “Даңқ” мемо­риалын ашуға дайындық жүргізіп жатыр­мыз. Ұлттық құндылықтарымызды түген­деу барысында ән әлемінің падишасы атан­ған Шәмші Қалдаяқов ағамызға арнап “Шәмші әлемі” гүлзары ашылады. Ескерткіші қойылады. Бізде жалындап тұрған, жүрегінің оты бар, намысты, қайратты, білімді жастардың үлкен шоғыры өсіп келеді. Бұрынғы Жастар үйінің Опера және балет театрына айналып кеткендігі белгілі. Осы олқы­лық­тың орнын толтыру үшін жастар орталы­ғын ашуды күн тәртібіне қойып отырмыз. Абайдың шығармаларын жастанып оқитын жасөспірімдер еліміздің келешегін кемел етеді. Ертеңгі болашағымыз, үмітіміз деген соң сол жастардың өсуі үшін жағдай жасауымыз керек қой. Ойға алған шаруалар көп. Бюджет қаржысына әркім-ақ сала алады. Біз мемлекеттік сатып алуға ба­ғытталған нысандардың жобалық-сме­та­лық құжаттарын талдау барысында нақты есептеулер жасадық. Жобадан артық жа­зылған қаражаттар табылды. Соның нәти­жесінде 13 млрд. теңгедей қаражат үнем­дедік. Бұл қаржы облыстық филармония секілді сақалды құрылыстарды аяқтауы­мызға мүмкіндік берді. Құрылысы көптеген жылдарға созылған нысандардағы жұмыстарға биыл нүкте қойылады. – Сөз реті келгенде айта кетейік, об­лы­сымызда майданнан оралған ардагерлері­міз­дің ішінен көзі тірі бір Батыр қалды. Ол – Тоғанбай Қауымбаев. Осы ақсақал пәтерге зар болып жүр... – Ел басына түскен нәубеттен же­ңіс­пен оралған майдангерлеріміздің ерлігі еш­қашан ұмтылмайды. Сол сұрапыл соғысқа біз­дің облыстан 132 мың адам аттанған екен. Содан бүгінге аман жеткені 1471 ғана. Отан үшін от кешкен ағаларымыздың құр­метіне Абай саябағындағы “Даңқ” мемо­риа­лына барлығының атын қастерлеп жаз­дық. Ардагерлерді және тыл еңбеккер­ле­рін марапаттауға жалпы 740 млн. теңге қаралып отыр. Ал, Батыр атамыз жайлы әңгімеге кел­сек, ол кісі уақытында заңды пә­терін ал­ған. Өмір болған соң әртүрлі жағ­дай бола­ды, ол жағынан да хабар­дармыз. Ел басына күн туғанда етігімен су кешкен Батыр ағамыздың пәтері жайлы мәселені шештік. – Облыста кадр резерві туралы ереже дайындалды. Жемісі қандай? – Бұл – үлкен мәселе. Сырттан кадр шақырмай, облыстың өз ішіндегі жақсы мамандарға тізгін ұстатқанға не жетсін. Жергілікті жердегі білікті, білімді ма­ман­дарға көрінудің үлкен мүмкіндігі беріліп отыр. Елбасының сенімімен қызметке тағайындалғанымда кейбіреулердей өз командаммен келіп, сыпырып-сиырып әкімдерді орнынан алып тастаған жоқпын. Маған оларды неге ауыстырмайсың деп сын таққандар болды. Олар да адам бала­сы. Алғашқы кездесуде-ақ кәсібилігің, таза­лығың таразыға алынады дегенмін, сол қағидамнан айнымаймын. Жалпы жастар­мен жүздесуде бірталайын мемлекеттік қызметке тартуды ойластырдық. – Орман және аң шаруашылығына байланысты өткен кеңесте аң-құстың аяусыз қырылып жатқандығы жайлы қатты айттыңыз. Солардың арасында мемлекеттік қызметкерлер болса, сол күні қызметінен айырылатынын ескерттіңіз. Ал, өзіңіз саятшылыққа қалай қарайсыз? – Бәрі орнымен болу керек. Даланың сәні – сексеуілді тамырымен отап жатса, аң-құсты атып, тауысуға айналса, ол қан­дай саятшылдық. Сондай адамдардың кесірінен бүгінгі ұрпақ ұлы далаға сыймай жосып жүретін киіктерді қызыл кітаптан көретін болды. Ауыл-ауылдың маңында тауықпен бірге жайылып жүретін қыр­ғауыл­дың ит тұмсығы батпас жыңғылдың ішін­де де жанын алатын болды. Еріккен, масыққан адамның ермегіне айналды. Ал, түбі не болады? Осы қанағатсыздық бала­ларға берілмес үшін мектептерде табиғат-ананың байлығын қадірлеу, табиғатқа адалдық туралы тәрбиелеу керек. Сөз жүзінде емес. Болашақты ойласақ – бұл мәселені реттеуге болады. – Оңтүстіктің тумасысыз. Республи­ка­лық деңгейде талай үлкен қызметтердің тұт­қа­сын ұс­тадыңыз. Оңтүстік жайлы жағым­сыз әң­гі­мелерді, анекдоттарды естіп жүрген боларсыз. Мәселен, Астанадағы Есілден ұсталған Шар­дараның алтын балығы сияқты. Неге былайғы жұрт оңтүстік туралы осындай әңгіме айтуға құмар, негізі бар ма? Туған жердің түлегі ретінде намысыңыз да қызатын шығар? – Мемлекеттік қызметкерлерге бір өңірдің түлегі ғана болуға болмайды. Бәріміз Қазақстанның азаматымыз, Отан – ортақ. Елбасы сенім білдіргеннен кейін Қазақстанның қай өңірінде жүрсек те сол аймақта халық, Үкімет көңілінен шығатын­дай жұмыс істеуге тиістіміз. Жалпы, Қазақ­стан азаматтарының, әсіресе, мемлекеттік қызметкерлердің туған жеріне, өсіп-өнген ауылына тартуы өнеге алатын қасиет емес. Біздің міндет – Қазақстандай алып мем­ле­кетті өркениетті елдердің көшіне қосу, бә­секеге қабілетті ету, ел экономикасын көте­ру ісіне қызмет ету. Отаныңды шын сүйсең, шынайы патриоты бол, тұтастай сүй, бөліп-жарма. Менің ұстанған кредом осы. Әйтсе де оңтүстікке негізсіз таңылатын әлгіндей әңгімелер менің де көңіліміне тиеді. Досқа құшағы айқара ашық, ақ дас­тарқаны қашанда даяр тұратын ақжарқын халыққа айтылатын әңгіме емес бұл. Осын­дайда еске түседі. 1986 жылғы атышу­лы оқиғадан кейін ел, жер иесі қазақты сүт­ке тиген мысықтай ету оқиғасы билік­шіл, зорлықшыл Мәскеу тарапынан бол­ған­дығы белгілі. Қазақтардың оқудағы­сы­ның санын есептеп, қызметтегісін шеттете бастағанда ұлттың зиялылары алқақотан отырып, енді қайттік деп мұңайыпты. Сонда Әбіш Кекілбаев ағамыз: “Жігіттер, босамаңдар. Бәріміз жабылып оңтүстіктің тілеуін тілейік. Оңтүстік аман болса, жағаға өзі алып шығады”, деген екен. Бүкіл ұлт­тың үміті болған Оңтүстікті енді жау кет­кен соң қылышыңды қиға шаптың керін келтіріп, қалай жек көруге болады. Оңтүс­тік туралы ғайбат сөз айту бүкіл түркі дүниесі тәу ететін Қожа Ахмет Ясауиге, қазақты ел қылған хан, сұлтан, билері мәңгі демалып жатқан аймаққа тіл тигізу ғой. Солай түсінер едім. Қазақта “Отан – отбасыңнан басталады” деп аталатын ғибратты сөз бар. Өз отбасын азамат қалай жақсы көрсе, Отанын да солай жақсы көруі керек. Елбасымыз айтқандай, “Бізде бір ғана Отан бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан”. Осы Отанымыздың түтіні түзу шығу үшін тапсырылған міндеттерді күн-түнмен санаспай орындауға ұмтылып жүрміз. – Әңгімеңіз үшін рахмет. Әңгімелескен  Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.