Іс-шараға «Халық демографиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұматай Әлиев, филология ғылымдарының докторы, доцент Алмасбек Әбсадықов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бауыржан Ибрагимов, қаламгер Көпен Әмірбек және мемлекеттік органдардың, өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысып, өз ойларын ортаға салды. Конференцияның негізгі мақсаты – дүниежүзілік демографиядағы Қазақстан халқының даму тенденцияларын талқылау. Түрлі сала мамандарының басын қоса отырып, еліміздегі демографиялық ахуал бойынша шешімін таппаған сұрақтардың жауабын іздеу.
Халық демографиясын көтеру бойынша іргелі еңбек жазған ғалым Жұматай Әлиевтің сөзінше бүкіл әлем бойынша 20 миллионға жуық қазақ бар екен. «Қазіргі таңда елімізде демография бойынша бірде-бір институт жоқ. Біз соны ашып, қолға алып жатырмыз. Осыдан 20 жыл бұрын Мақаш Тәтімов екеуміз халық демографиясы туралы кітап жазған болатынбыз. Сол кітапта жазған нақты мәселелеріміз әлі күнге дейін толық шешілген жоқ. Бүгінде қазақ халқының саны 20 миллионнан асады деп сенімді түрде айта аламын. Бұл деректерді уақытында дәлелдеп бергенімізбен, құлақ асатын ешкім болмай тұр», дейді ол.
Қазіргі таңда сырттағы қазақтардың ең қалың шоғырланған жері – Өзбекстан Республикасы. Онда 2 миллионға жуық, Ресейде – 740 мың, Түрікменстанда – 90 мың қандасымыз өмір сүреді екен. Бұдан бөлек Қытайда 1,5 миллионнан астам, Моңғолияда – 100 мың, Ауғанстанда 25 мың қандасымыз тұрады.
Қазақстан халқы, соның ішінде қазақ ұлты тарихтың ауыр кезеңдерін басынан кешіріп, зардаптарын әлі тартып келе жатқаны белгілі. Соның бір бағыты – ұлттық демографиямен тікелей байланысты. Демографиялық мәселелер дін мен діл, денсаулық, көші-қон, әлеуметтік қорғау, сыртқы байланыс сияқты салалардың бірлесіп зерттеуі арқылы жүзеге асырылуы тиіс.
Статистика комитетінің ресми дерегі бойынша, Қазақстанның халық саны қарқынды түрде өспесе де, алға жылжу бар екені байқалады. Мысалы, 2018 жылы республикамызда халық саны 18 157 337 жетсе, 2019 жылдың басымен салыстырар болсақ 1,31 пайызға артып, 18 395 567 тұрғынға жеткен. Бала туу көрсеткішінде де аса қатты өзгеріс жоқ. 2017 жылы республикамызда 390 мың сәби дүниеге келген. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 5 мыңға кем. Ал рекордтық көрсеткіш 1987 жылы тіркелген екен. Онда Қазақстанда 417 мың бала туылған.
Жұматай Әлиев халық санын көбейту үшін халық арасында бала тууды дәріптеу керек деп санайды. «Қазіргі таңда теледидар, газет-журналдарда бала туу туралы аз айтылып жатқан жоқ. Мемлекеттің, еліміздің болашағын ойлаған әрбір отбасы халық санын көбейтуге өз үлесін қосуы керек. Әйтпесе, кең-байтақ жерімізді қалай сақтап қаламыз?», дейді Ж.Әлиев.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның соңында демографиялық дамудың алдағы бағыттарын дұрыс жолға қою үшін, жан-жақты пікірлер ортаға салынды.