• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2019

Шығыс Қазақстанда арнайы штаб құрылды

749 рет
көрсетілді

Түркістан облысының Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету мақсатында Шығыс Қазақстанда арнайы штаб құрылды

Түркістан облысының Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету мақсатында Шығыс Қазақстанда арнайы штаб құрылды. Аймақ басшысының өзі жетекшілік ететін штабтың құрамына облыс әкімінің орынбасарлары, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, БАҚ және қоғамдық бірлестік өкілдері еніп отыр.

Облыс әкімдігінде селекторлық режимде өткен брифингте Даниал Ахметов өңір тұрғындарын, аймақтағы ірі кәсіпорын басшылары мен кәсіпкерлерді Арыс халқына қолдан келгенше көмек көрсетуге шақырды. «Бүгінгі жиынға мемлекеттік қызметшілермен қатар бизнес өкілдері мен журналистерді де шақырдым. Жерлестеріміз арыстықтардың қайғысына бей-жай қарамайды деп сенемін. Кәсіпорын басшылары өз ұжымдарымен кездесіп, әріптестерін қиын жағдайға душар болған ағайынға жәрдемдесуге шақыруы тиіс. Тек мәжбүрлеу дегеннен аулақ болыңыздар. Барлық жұмыс ерікті түрде жүргізілуі керек. Қазір апаттан зардап шеккен отбасылардың балаларын Шығыс Қазақстандағы лагерлерде демалту мәселесін қарастырудамыз», – деді облыс әкімі.

Қазір Шығыс Қазақстанда бірнеше жерде гуманитарлық көмек көрсету пункттері ашылып, жұмыс істеп жатыр. Кеше Өскеменде «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының ғимаратында (Қасым Қайсенов көшесі, 121) осындай пункт ашылған болатын. Мұнда гигиеналық заттар, консервілер, дәнді дақылдар мен макарон өнімдері және жеміс-жидектер, су, балаларға арналған киім-кешектер, көрпе және көрпешілер қабылданады. Аталған филиал төрағасының орынбасары Олег Чугунковтың айтуынша, дәл қазір пунктке қала тұрғындарынан көмек қабылданып жатыр. Жиналған заттар қысқа мерзімде Арысқа жөнелтіледі. Бүгін облыс орталығындағы Халифа Алтай мешіті «Шығыс Арыспен бірге» қайырымдылық акциясын бастады. «Облыстық мешіт пен аудандық мешіттер әртүрлі көмек түрлерін қабылдап, Арыс тұрғындарына жөнелтуге әзір» дейді Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы Ермек Мұқатай.

Сонымен қатар облыстағы барлық Жастар ресурстық орталықтарында (олардың саны – 20) Арыс тұрғындарына гуманитарлық көмек қабылданып жатыр. Өскемендегі гуманитарлық көмек көрсету штабы Потанин көшесі, 27/1 мекенжайында орналасқан.

ӨСКЕМЕН

Суреттерді түсірген Тілеубек ШАЯХМЕТ