Пойыз бағытының өзгертілуіне байланысты кент вокзалынан түсіп, жалдамалы такси қызметіне жүгінген жолаушыларға аудан әкімдігінің жедел ұйымдастыруымен Арал қаласындағы «Арай-Такси», «Шах-Такси» диспетчерлік орталықтарының 50 жеңіл автокөлік және ЖК «Жақсат и К» автовокзалының 2 үлкен автобусы, 1 шағын автобус Сексеуіл теміржол вокзалына жұмылдырылған.
Сонымен қатар, екі жолаушы пойызы («Москва-Бішкек», «Атырау-Алматы») «Сексеуіл» стансасы арқылы Жезқазған бағытымен Алматы, Бішкек қалаларына сапарын жалғастырды.
Қазіргі уақытқа дейін барлығы 350-дей адам әр түрлі бағыттарға жөнелтіліп, қалған жолаушыларға қосымша Қазалы ауданынан 2 үлкен автобус, 2 шағын автокөлік және Төретам қаласынан 3 үлкен автобус жіберілді. Сол сияқты Арысқа азық-түлік жәрдемі де жөнелтілуде.