Бұл марапатты бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Ақордада өткен Қазақстан Президентінің сыйлықтарын беру, гранттарын тапсыру және алғыстарын жариялауға арналған салтанатты шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәліге тапсырды. Осы рәсім барысында ел газеті – «Егеменнің» БАҚ саласына қосқан елеулі үлесі және биыл басылымның шыға бастағанына 100 жыл толып отырғаны айрықша аталды.
Күні кеше Мемлекет басшысы тапсырмасының негізінде Үкімет 28 маусымды бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні ретінде ресми бекітіп, қаулы шығарды. Бұл шешім еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуын ақпараттық тұрғыда қамтамасыз ету ісінде өзіндік орны бар журналистер қауымына ерекше көзқарастың белгісі болды.
Салтанатты іс-шарада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің ел өміріндегі рөліне тоқталды.
– Болашақты – саясаткерлер, өткенді – тарихшылар, ал бүгінгіні журналистер ойлайды деген қағида бар. Бірақ, меніңше, журналистер болашақты да, өткенді де ойлайтын бірегей қауым деп айтуға болады. Халыққа ел ішіндегі оқиғалар жөнінде хабар таратып, шұғыл әрі шынайы ақпарат беру – сіздердің кәсіби міндеттеріңіздің арқасы, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар журналистердің Арыс қаласында болған төтенше жағдайды еліміздің түкпір-түкпіріне дер кезінде жеткізгенін атап өтті.
– Бұл әрине барша халықтың жанына батқан оқиға болды. Осындай жауапты сәтте сіздер – отандық БАҚ өкілдері бүкіл Қазақстан жұртшылығы арыстық ағайынмен бірге екенін халыққа жоғары деңгейде жеткізе білдіңіздер. Барлық журналистерге алғысымды, ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
Президент озық технология заманында медиа саланың мүмкіндіктері өте ауқымды екенін жеткізді. Мемлекет басшысы журналистиканың жаңа дәуірінде ғаламтор және әлеуметтік желілердің айрықша рөліне тоқталып, ақпараттың ашық, жедел және қолжетімді болуы жетістіктің басты өлшемдеріне айналғанын айтты.
– Мемлекеттің әлеуетін нығайту, экономиканы дамыту, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру – бүгінде еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттер. Отандық медиа-қауымдастықтың сындарлы негізде ұйысуы, журналистердің белсенді азаматтық ұстанымы, олардың кәсіби деңгейі және әділдігі – ақпараттық кеңістіктегі табысты жұмыстың негізгі шарттары. Мемлекет өз тарапынан БАҚ-қа қолдау көрсете береді, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен Мемлекет басшысының Өкіміне сәйкес Қазақстан Президентінің сыйлықтары «Жас Өркен» ЖШС бас директоры Жүсіпбек Қорғасбекке, «Комсомольская Правда – Казахстан» газетінің бас редакторы Виктор Кияницаға, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанға, «Астана» телеарнасының талдаушы-редакторы Жайна Жақсылықоваға тапсырылды. Гранттарға «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Рауан Мыңбаев, «Qazaqstan» телеарнасындағы «Мәселе» талдамалық бағдарламасының жүргізушісі Нартай Сәрсенғалиев, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Маңғыстау облыстық филиалының шеф-редакторы Әсем Сартбаева ие болды. Ал ел Президентінің Алғысы «Егемен Қазақстан» газетімен бірге, «Экспресс К», «Знамя Труда» және «Шалқар» радиосы шығармашылық ұжымдарына берілді.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хаттарын «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Хабар» телеарнасы талдамалық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы Александр Трухачев, «Qazaqstan» телеарнасының жүргізушілері Қымбат Досжан және Дана Нұржігіт, «Хабар 24» телеарнасының шеф-редакторы Шалқар Қожаев, «Qazaqstan» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Ерлан Атамбай, «Литер» газеті бас редакторының орынбасары Жанна Ойшыбаева, «КТК» телеарнасының бас директоры Эльмира Джамилова, сондай-ақ «Қазақпарат» ХАА және «Жетісу» телеарнасы алды.
Қазақстан-Ресей және Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын нығайтуға белсенді атсалысқаны үшін Бүкілресейлік мемлекеттік телевизия және радио хабарларын тарату компаниясы мен «CCTV» халықаралық телеарнасы Қазақстан Президентінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мемлекет басшысының атынан еліміздің барлық өңірлеріне жіберілген алғыс хаттар үздік журналистерге салтанатты түрде табыс етілетін болады.