• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Маусым, 2019

Зардап шеккендермен кездесті

302 рет
көрсетілді

Кеше Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Түркістан облысының Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты аймаққа арнайы келді. Сапар барысында ол қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындармен кездесіп, апатқа байланысты құрылған облыстық жедел штабтың жұмысымен танысты. Сондай-ақ гуманитарлық көмек бойынша өзге өңірлерден келген заттарды қарсы алу жұмыстарына қатысып, зардап шеккен ата-аналармен және балалармен жұмыс істеп жатқан психолог мамандармен кездесті.

М.Әшімбаев алдымен облыстың Ордабасы ауданы Төреарық ауылындағы Тәуке хан мектебіне ат басын бұрды. Бұл жерде төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс тұрғындарының бір тобы уақытша орналастырылған. Олармен кездескен партия Төрағасының бірінші орынбасары апаттың айтып келмейтінін назарға алып, жағдайдың бақылауда екенін және қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ төтенше жағдайдың Қазақстан халқы үшін үлкен сынақ болғанын айтып, бұл сыннан да сүрінбей өтетінімізге сенім білдірді.

– Бұл төтенше жағдай қазақ­стан­дықтарды одан әрі біріктіріп, ұйыстыра түскенін көріп отырмыз. Осы жерде өз еркімен келіп, қолдау көрсетіп жүрген бел­сенді азаматтар да өте көп. Бұл – біздің бекем бірлігіміздің жарқын көрінісі. Біздің күшіміз – бірлікте. Сон­дықтан бұл сыннан да мойымай, еңсе­мізді тік ұстап шығатынымызға кәміл сенемін, – деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар ол Ордабасы ауда­ны­ның Ақжол ауылында орналасқан жедел штабқа арнайы келіп, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Бұл жерде апаттың зардаптарын жою жұмыстарын үйлестіру ісі қолға алынған.

Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінен Арысқа қарай гуманитарлық көмектер ағылып келіп жатқаны белгілі. Бұл халқымыздың бірлігі мен біртұтастығын көрсетеді. Осы істе Nur Otan партиясы да белсенді әрекет етуде.

– Қазіргі таңда партияның бас­тамасымен еліміздің 9 облысынан гуманитарлық көмектер келіп жетті. Алдағы уақытта бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасады. Енді біз құрылыс материал­дарын және басқа да қаланы қалпына келтіру жұмыстарына қажетті заттарды жіберу мәселесін қарастырамыз, – деген М.Әшімбаев зардап шеккендерге көмек ретінде аударылған қаражаттың ашық әрі әділ жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ ол жағдайдың тұрақты және Мемлекет басшысының бақылауында екенін де тілге тиек етті.

Сапарының соңында М.Әшімбаев Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мем­ле­кет­тік университетінің №5 жатақханасына келіп, осында орналасқан балалармен жұмыс істеп жатқан психолог мамандармен кездесті.

Айта кетейік, қазіргі таңда партия жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің мамандары апат болған аймаққа келіп, ата-аналар және балалармен жұмыс істеуде. Психологиялық көмектен бөлек, олар Кеңестің мобильді штабын құрып, аймақтардан келген гуманитарлық көмекті жинап, тарату жұмыстарын үйлестіруде. Кеңес жұмыстарының аясында «Ниет» қоғамдық қоры 2400 баланы киім-кешекпен қамтамасыз етсе, «Қасиетті жол» қоғамдық қоры ерекше күтімді талап ететін балалары бар отбасыларды уақытша тұрғын жайларға орналастырды.

 

Түркістан облысы