Бұл сапар өзара сенім мен қауіпсіздікті бекіту жөнінде жасалған Вена құжаты аясында атқарылып отыр. 1999 жылы Венада қол қойылған бұл құжаттың басты мақсаты – ақпарат алмасу, әскери сипаттағы қауіпті оқиғалар кезінде әріптестік, әскери қарым-қатынаста сенімсіздік пен күдік-күмәнді жою үшін осындай танысу сапарларын ұйымдастыру, әскери бағыттағы кейбір қызмет түрлеріне бақылау орнату болатын.
Бұл жолғы сапардың басты мақсаты – әскери техника мен қару-жарақты көру емес, жауынгерлермен қарым-қатынас жасап, олардың кәсіби дайындығын байқау, жеке құрамдағы оқыту және тәрбие жұмыстарымен, Ұлттық ұлан сарбаздарының өздеріне жүктелген қызметтік-әскери міндеттерін қалай орындайтынымен танысу болыпты.
Бір сөзбен айтқанда мұндай шаралар отандық әскери қарулы күштердің ашықтығын көрсетеді.
ЕҚЫҰ инспекторлары «Батыс» қолбасшысының орынбасары полковник Павел Ситниковпен және 5517 әскери бөлім командирі подполковник Мақсат Бөлтіріковпен кездесті. Халықаралық бақылаушылар жауынгерлердің күнделікті тұрмысымен танысып, казарманы, спорт қалашығын, асхана мен әскери бөлімнің автопаркін аралады.
- Бүгінгі таңда Азия аумағы әлем халқының назарын өзіне аударып отыр. Қазақстан Республикасы осы өңірде өзіне халықаралық бақылаушыларды кіргізіп, тұрмысымен таныстыруға рұқсат берген жалғыз мемлекет болып отыр. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы Қазақстанмен арада жоғары деңгейдегі қарым-қатынас орнағанына ризашылық білдіреді, - дейді халықаралық әскери бақылаушылар тобының жетекшісі Казо Джозеф Марсель Франсуа.
Мәртебелі мейман қазақстандық сарбаздардың жабдықталуын, тұрмыс жағдайын жоғары бағалап, әскери бөлім басшыларына ашықтығы үшін алғыс айтты.
Батыс Қазақстан