• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Маусым, 2019

Қарағанды маңында «Сарыарқа-Антитеррор-2019» оқу-жаттығуы өтті

430 рет
көрсетілді

Қарағанды облысындағы Спасск оқу орталығының полигонында Шанхай Ынтымақтыстық Ұйымына мүше мемлекеттердің «Сарыарқа-Антитеррор-2019» терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуы өтті.

Шараға Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстан құзыретті   органдарының күштері мен құралдары жұмылдырылды. Сондай-ақ, ШЫҰ бақылаушы мемлекеттерінің, ТМД терроризмге қарсы орталығы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының өкілдері қонақ ретінде шақырылды.

Оқу-жаттығу жиыны барысында ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің қауіпсіздігіне қатер төндіретін халықаралық террорлық ұйымдарға қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен шаралар пысықталды. Жаттығу міндеттері жоғары деңгейде және толық көлмеде орындалды. Терроризмге қарсы құрылымдарды басқару кезінде басқару органдарының үйлесімді іс-әрекеттері қамтамасыз етілді. Лаңкестік әрекеттерге қарсы бірлескен іс-шараларды өткізудің жаңа нысандары мен әдістері қолданылды. Терроризмге қарсы операцияның күштік фазасын өткізу кезінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің арнайы бөлімшелерінің тәжірибелік дағдылары жетілдірілді. Терроризм актілерінің салдарын азайту және жою бойынша өзара іс-қимыл сараланды. 

Оқу-жаттығу жиынының соңғы күнінде сценарий бойынша лаңкестер елді мекенге жарылғыш құрылғы қойған көрнекі оқу-жаттығу көрсетілді. Әскерилер алдымен тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, бомбаны залалсыздандырды. Сол арада пиғылы теріс залымдар автобусты басып алып, 15 адамды кепілдікке алған болатын. Қылмыскерлердің біразы қоршаудан қашып шығып, әкімшілік ғимаратқа кіріп үлгерді.  Дегенмен, әскерилер оларды қоршап алып, тұрғындарды аман-есен құтқарып, алға қойылған міндетті абыроймен орындап шықты.

– Оқу-жаттығудың белсенді кезеңіне Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан қатысты. Операцияның табысты аяқталғанын айту керек. Менің ойымша, барлық бөлімшелер сауатты түрде және ұйымшылдықпен әрекет етті. Қорыта айтар болсақ, ШЫҰ аясындағы ынтымақтастық міндетті түрде оң нәтижеге жеткізетін болады, – деді Ресей ФҚҚ басшысының бірінші орынбасары Сергей Смирнов.

Айта кету керек, полигонда болған оқиғалар сценарийі шынай жағдайға мейлінше жақындастырылып құрылды. Ұйымдастырушылар оқу-жаттығу барысында жинақталған тәжірибе ШЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздікті және қазіргі кездегі болуы мүмкін қауіп-қатер жағдайында жедел міндеттерді орындауға игі ықпалын тигізетінін атап өтті.

Оқу-жаттығу аясында әскери техникалар мен қару көрмесі ұйымдастырылып, арнайы мақсаттағы және басқа да әскери бөлімшелер көрнекі машықтарын көрсетті.