Иә...
Екі бірдей ұлы құрлықты тел еміп, екі дүниенің мақсат-мұратын бауырына басып, тең ұстаған Ұлы дала елінің тағдырлы, тағылымды тарихында жаңа дәуір басталғанын бәріміз де ой-санамызбен, жүрегімізбен сезіне түскеніміз анық...
Сондықтан болар...
Осы күндерде Қазақстан есімді Алтай мен Атыраудың, Қыр мен Сырдың, Алатау мен Қаратаудың арасын алып жатқан Алаштың атажұрты толқу мен тебіренудің, таңдану мен таңдаудың, сұрақ пен жауаптың қара орманына айналғандай күй кешті. Даусы жер мен көкті жалғаған саяси доданың аламанына көмілгендей болдық. Қалың қиқу арасынан сүрінген ат пен жығылған шабандоздың жанға батар кескінін де, ежелгі көшпелі жұрттың көсемдік қалыбы мен шешендік салтын да, жаһанданумен жарыса келіп, төрімізге ұмтылған уақыт шіркіннің жан шошыр сықпытын да көрдік... Көре жүріп, үйренгеніміз де, жиренгеніміз де, түйе жүріп, күйінгеніміз де, сүйінгеніміз де бар... Демократия дейтін желеумен саяси технологияның небір санаға сыя бермейтін үлгілері іске қосылып, әлеуметтік желілер желдей ескені өтірік емес...
Дегенмен...
Сайлау барысынан аңғарған бір ақиқатымыз – күйінуден гөрі – сүйінудің, жиренуден гөрі үйренудің басым түскені. Сыртта жүріп, өздерінше «халықшыл» болғансып, халықты арандатуға итермелеген «қалталылардың қайырсыз» күресінің іске аспағаны да сол үйрену мен сүйінудің көзге көріне бермес қуат-күшінің пәрменділігінен, мықтылығынан болды-ау деп ойлаймыз.
Қалай болғанда да, кешегі жалпыхалықтық сайлау қазақстандық демократияны ғана емес, ұлт үшін, ұрпақ үшін аса маңызды ұлы құндылығымызды – тәуелсіздігімізді, тәуелсіздігін аялай білер халқымызды сынға қатар салды. Бұл сайлау бұл екі ұғымның тамыры мен тағдыры біте қайнасқан киелі де қасиетті бір бүтін ұғым екенін дәлелдеді. Бірінсіз бірін елестету мүмкін емес осынау қос ұғымның арасына сызат түскен елдерде қан төгіліп, шаңырағы ортасына түсіп, есігі мен бесігі қирап, төрі тілім-тілім болып жатқаны жасырып, бүгер сыр емес. Жаңа ХХІ ғасыр босағасын мыңдап емес, миллиондап азып-тозып аттаған, елінен, жерінен безіп, «босқын» атанып, кім көрінгеннің есігін телім-телімі шығып күзеткен жұмырбас пенделердің қайғы-қасіретін жеңілдетудің қалай қиын екеніне көзіміз жете түсіп отырған жоқ па?!
Адамзат баласының ұлы бесігі – Жер есімді планета.
«Кемедегінің жаны – бір» дейді біздің халық. Егер ғаламды көк мұхитқа теңеп, жерді сол мұхит өрімен жүзіп келе жатқан кеме деп елестетсек, адамзатқа ортақ ғаламдық құбылыстардың қай-қайсысынан да қазақтың Ұлы даласы шет қала алмасы хақ. Күнгейлі өзгерістерден де, көлеңкелі тұстардан да... Аласапыраны мол қос ғасыр тоғысында бұл ұстаным – Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде түбегейлі түлетіп, әлемге танытқан, қазақтың атын алты құрлыққа жайған Нұрсұлтан Назарбаев дәуірінің ең басты саяси тұғырнамасы болғанын төрткүл дүние жақсы біледі. Осы саясат Қазақстанды өсірді, өркендетті. Елбасы жүргізіп келген көпвекторлы саясаттың арқасында кешегі ғасырдың ұлы қасіреті көкірегін шұрық тесіп, қырық жыл бойы ядролық сынақ дейтін аждаһа жан-жүрегін қырық жамау еткен ежелгі жұрттың еңсесі тіктелді, жиырма сегіз жыл ішінде дамыған елдер санатына қосылды. Қазақстан іргесі берік мемлекетке айналды.
Осы жылдар ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев елдің ішкі тұрмысы мен қиындықтарын күрделі кезеңде Үкімет басқарған Премьер-Министр ретінде қалай ой-санасы арқылы өткізе білсе, Елбасы қасында жүріп, өзін тынышсыз әлеммен тілдесе білер тәжірибелі Сыртқы істер министрі екенін халықаралық деңгейде танытты.
Ол сабырлы Сенат Төрағасы ретінде Қазақстанның қалыпты дамуына мүмкіндік тудырар тиісті заңдармен қамтамасыз ету процесін де мүлтіксіз атқарды.
Ол түркі әлемінен Біріккен Ұлттар Ұйымына Төраға орынбасары болып сайланып, әлемдік дипломатияның үлкен мектебінен өтті...
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан халқының басым даусын алып, мәреге айқын жеңіспен жеткен жаңа Президентіміз – есімі саяси кеңістікте танылғалы елге қызмет ету мен ел тізгінін ұстаудың абыройлы жолынан өтіп келе жатқан мемлекетшіл, қоғамшыл, халықшыл тұлға.
Жаңа Президентіміздің сөз бен іс арасындағы бірлік жайлы айта келіп, ел ішін цифрлармен алдаусыратпай, нақты біткен істермен қоғам бүтіндігін қамтамасыз етуге, экономикалық дамудың көрінісін уәдемен емес, біткен іспен бедерлеуге шақырғаны халық ойынан шықты.
Сондықтан...
Өзінің сайлауалды бағдарламасында ел іргесінің бүтіндігі мен тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген ұлан-асыр игіліктерімізді сақтаудың басты серті – бірлікке, төзімділікке, ынтымаққа шақырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың миллионсанды электоратқа қаратып айтқан әр пікірі, әр ойы қалай өтімді, қоғам өмірі үшін тиімді болып естілсе, ұлықтау рәсіміндегі Қазақстан жұртшылығына арналған жолдау сөзі де солай анық, ашық, мақсаты айқын, ел, халық мүддесін қорғауға бағытталған бағдарлы сөз болды. Саяси бағытымыз бен экономикалық бағдарымыздың ендігі өрісі қалай болмақ деген іргелі сауалдарға нақты жауаптар айтылды.
Жаңа Президентіміз: «Бұл жеңіс – халқымыздың жеңісі болды!» деген алғысқа толы аталы пікірді өрбіте отырып, ол өзінің ел басқару ісінде Тұңғыш Президентіміз жүргізіп келген стратегиялық бағыт-бағдарды жүйелі түрде жалғайтынын, басшылыққа алатынын, сайлауалды платформасындағы сабақтастық, әділдік, өркендеу дейтін халық тағдырын көлденең көкаттылардың көкпарына салдырмас, уақыт сұраныстарына сай ұлттың өмір сүру қабілетін қамтамасыз етер арналы үш ұстанымға негіздеді. Мемлекетіміздің сыртқы саясаты мен ішкі саясатындағы ел болашағын анықтайтын күретамыр оқиғалар мен принципті мәселелердің қай-қайсысы да ашық, әділ, өркениетті жолмен өрістеуіне толық жағдай жасалатынын қадап айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсіміндегі бағдарлы сөзінде өзінің саяси тұғырнамасы еліміздің әрбір азаматының басты сұраныстарына жауап берер бес мәселеге айрықша тоқталды. Бірінші кезекте ел дамуын қамтамасыз етер Қазақстанның үшінші жаңғыртылуын, бес институттық реформа мен өзге де стратегиялық құжаттарда көрсетілген даму мен өрістеудің жолдарын жүзеге асыруға ден қоятынын; екіншіден, күн тәртібінде тұрған өткір әлеуметтік проблемаларды шешумен айналысатынын; үшіншіден, қазақстандық кәсіпкерлерді қолдайтын, инвестициялар тартып, оларды қорғайтын, іскерлік белсенділікті ынталандыратын орта қалыптастыратынын; төртіншіден, қоғам бірлігін қамтамасыз етіп, әр азаматтың құқығын қорғауға күш салатынын; бесіншіден, қашанда және қай жерде де Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғауды өзінің басты мақсаты ететінін айрықша бөліп айтты.
Президент Тоқаев өз сөзінде мына аласапыраны мол әлемнің «жедел өзгерістер дәуіріне аяқ басқанын», технологиялар мен экономикалық және әлеуметтік тәртіптердің ауысқанын айтты. Адамдардың мінез-құлқы мен жастардың дүниетанымындағы түбірлі өзгерістерді ескере отырып, қоғам өмірін жаңарту, жаңғырту керектігіне ерекше мән берді. Бұл орайда тәуелсіз Қазақстанның күллі қажыр-қайраты мен мемлекет ретінде өзін өзі сақтау, қорғау бағытында «жаңа сын-тегеуріндер мен бой көрсетер қатерлерге» лайықты жауап беру, халықаралық абырой-беделімізге көлеңке түсірмеу, барынша биік ұстауға күш салатынына айрықша мән берді. Қарапайым халықтық тілімен өрсек, бұл – әлемнің қуатты елдермен қалыптасқан, қалыптасып келе жатқан қарым-қатынасын бұзбауға, көршілермен тату-тәтті болуға, өңірлік жанжалдарға жол бермеуге, «досты жоғалтпауға, қастан дос жасауға» ұмтылу дейтін ескі дәуірлерден келе жатқан елдік қарым-қатынас пен ел іргесін аман ұстаудың көреген мектебі.
Жаңа Президентіміздің сөз бен іс арасындағы бірлік жайлы айта келіп, ел ішін цифрлармен алдаусыратпай, нақты біткен істермен қоғам бүтіндігін қамтамасыз етуге, экономикалық дамудың көрінісін уәдемен емес, біткен іспен бедерлеуге шақырғаны халық ойынан шықты. Барымызды сақтай отырып, баянымызды өрістетуге бағыттар ашық, айқын ұсыныстар мен тапсырмалар мол болды. Соның бірі, бірегейі – елдің өрісін кеңейтіп, өркенін өсірер, ел болашағы мен ертеңін қалыптаса бастаған әлемдік өзгерістердің күнгей-көлеңкесін ескере отырып, стратегиялық міндеттерді шешуге, ұлттың ұлы құндылықтарын дамытуға ықпалы мол қоғамды саяси трансформациялау процесі.
Қоғамды саяси трансформациялау дейтін тамыры терең, тағылымы мол процесс. Бұл процестің қанаты қалай кең болса, ауқымы да соншама зор екені айтпай-ақ түсінікті. Түптеп келгенде, «трансформациялау» дейтін ұғымның төркінінде саяси, экономикалық реформаларды жүзеге асырумен қатар, ұлттың «Рухани жаңғыру» атты іргелі бағдарламасына өріс ашу жолдары жатқаны да ақиқат.
Президент Тоқаев мұндай әлеуеті зор, орындалуы күрделі тарихи міндет жүгін халықтың қолдауымен жүзеге асатынына сенетінін өз сөзінде ашық айтты. Сене отырып: «Біздің мемлекеттік биліктің формуласы: Күшті, өкілетті Президент – ықпалды жұмыс істеуге қабілетті Парламент – халыққа есеп беретін Үкімет. Нақ осындай саяси жүйе күрделі геосаяси жағдайларда мемлекетіміздің талаптарына барынша толық сәйкес келеді, алдымызда тұрған стратегиялық міндеттерді шешуге ықпал етеді» деп қоғам дамуы туралы өзінің өзекті ой-пікірін түйіндеді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің бұл айтулы тарихи сөзін Қазақстан халқына ғана емес, жалпы Қазақ елін тәуелсіз мемлекет ретінде танып, мойындаған төрткүл дүниенің түтіні түзу ұшар, туырлығы мықты, үлкен-кіші елдерінің бәріне қарата айтқаны шүбәсіз. «Біз әлемге ашықпыз, үздік табыстарға, жетекші технологияларға ұмтылып отырмыз. Адамдардың игілігі үшін жасампаз өзгерістер мен прогресті түсінуім, міне, осындай» дей келіп: «...билік адамдардың талап-тілегіне құлақ асуға, проблемаларды жергілікті жерде шешуге, азаматтар алдында тұрақты есеп беріп тұруға міндетті» деген түйінді ой-пікірі, берілген тапсырмалары осы сөзіміздің айғағы.
Президент аузымен айтылған кадр іріктеуде мемлекеттік басқару жүйесіне меритократиялық негізде тек лайықты, білімді адамдарды ғана алуды; биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыруды; жүйелі түрде азаматтық қоғам орнықтыру ісін жолға қоюды; жастармен жұмыс жүргізуді барынша күшейту секілді қоғам мен билік арасындағы ұғыныстылық пен үйлесімді жүзеге асыру секілді демократиялық құндылықтарды әспеттеу мәселесі де Мемлекет басшысының назарында болатынын аңғардық. Бұл мәселелер, сайып келгенде, ел іргесін бекіту мен қоғам өмірін трансформациялаудың ашық, айқын үлгілері екені даусыз.
Президент Тоқаевтың Ақ Орда төрінен көрінгелі жиі-жиі айтып келе жатқан ел көңілінен шыққан, қоғам көсегесін көгертер ендігі бір іргелі мәселе – қоғам мен билік арасындағы диалогты орнықтыру. Бұл үлгі, бұл жүйе – тәуелсіз Қазақ елінің алғашқы кезден-ақ жалауын желбірете көтеріп, Елбасы хоризмінің арқасында мемлекет іргесін бекіткен үстіне бекітіп келе жатқан қазақ қоғамындағы күнгейлі құбылыстардың бірі екені белгілі. Бұрын диалог Елбасы мен Елбасы сөзіне сенген халық арасында болып келсе, енді сол диалог қоғам мен билік арасын жалғауға, вертикалды билік пен горизонталды халықтық күштің арасына дәнекер болуға тиіс. Ұзын сөздің қысқасы, Қазақ елінің жаңа тарихындағы мемлекет билігін қолына алған екінші Президентіміздің өз сөзімен айтқанда: «Мұндай диалог құрылуы тиіс. Түрлі пікірлер, бірақ біртұтас ұлт. Міне, басты бағдарымыз! Сондықтан мен Қоғамдық сенім ұлттық кеңесін құрған жөн деп шештім. Кеңеске, жастарды қоса алғанда, бүкіл қоғам өкілдері кіретін болады. Ұлттық кеңестің алғашқы басқосуы осы жылдың тамызында өткізіледі».
Көріп отырсыздар, өзгерген өмір мен қозғалыс үстіндегі қоғамның тамыр соғысын жаңылмай тануға себі тиер мұндай диалог билік үшін де, халық үшін де тиімді.
Тәжірибе дейтін ұлы қасиетті сабыр суарып, уақыт шыңдайды.
Тәжірибенің қуатты құрал екенін біздің ел жақсы біледі. Қайыпберен мінезді қазақ атамыздың: «Сабыр деген сары алтын. Сабырлы жетер мұратқа» деуі бекер емес әрине. Сөйте тұрып, сол қазақтың: «Асыл – тастан, ақыл – жастан» дейтіні тағы бар. Ұлы даланың ұлы тарихына ден қойған кез келген зерделі жанның бұл екі ұғымға баға берерде «Дана би», «Бала би» деген халықпен мың жылдардан бері бірге жасасып кел жатқан қанатты қос ұғымды еске алары сөзсіз. Тоқаев ұсынып отырған Ұлттық Кеңес жаһандану дейтін қырық құбылған мінезі бар «жаңа тарих» есімді үміті мен күдігі апы-күпі алысқан әбжәлмен дәуірде ұлтты жолынан жаңылдырмас, сенімді серік етер осы бір құрылымның керегі анық. Әрине бұл Кеңес құрамынан сабырға жүгініп, ұлтқа бағыт-бағдар айта білер бүгінгінің дана билерімен қатар, цифрлы заманның сыры мен сиқырын игерген жалыны мол бала билердің де табылғаны – нұр үстіне нұр!
Иә...
«Толарсақтан саз кешіп», 90-жылдардың топалаңы мен торығуын Азаттық дейтін жалғыз ауыз сөздің қанжығасына жасқанбай байлаған дәуір артта қалды. Ерлік пен елдіктің тарихына айналды... «Аттың жалы, түйенің қомында жүріп», жаһандану дейтін сөзі мен ісі ылғи қабыса бермейтін алакөз құбылысты ырықтаған, заманның күнгей-көлеңкесін қатар көре жүріп, жүрелеп қалған ел экономикасын тіктеген, әлемдік өркениетке еркін араласқан жаңа, жас мемлекеттің алты құрлық алдындағы абырой-беделін бекіткен екі ғасыр тоғысы да сол тұрлаулы тарихтың еншісіне айналып барады... Бір сөзбен айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев дейтін ұлы қазақтың мойылдай қара шашын боз қырау түске бояған, ел шекарасын құжат жүзінде шегендетіп, Арқа төріне астана салдыртқан, ұлт пен ұрпақ санасын еркін ойлап, еркін сөйлеуге қалыптастырған, Батыс, Шығыс дейтін ежелгі замандардан Ұлы далаға көзсұғын қадаумен келе жатқан әккі саясатқа жеңсік бермей, аламан дәуірдің алдынан көрінген ХХІ ғасырдың екі онжылдығы да тұрлаулы тарихтың еншісіне айналып барады...
Қазақ елінің тағылымды тарихын үкілеп, үміт пен сенімнің қанатына қондырған тәуелсіздік дейтін киелі де қасиетті ұғымды ұрпақ санасына біржола бекітудің ауадай қажет екенін сезіндік. Тәуелсіздікті сақтаудың, қорғаудың аса күрделі, қасиетті борыш екенін жеткіншек ұрпақ жан-жүрегімен білуі тиіс.
Жаңа Президентіміз ұлт үшін, ұрпақ үшін аса маңызды бұл парызды жүрегі, ойы, санасы арқылы өткізе отырып, аға буын еңбегін жоғары бағалайды. Осының өзі тұлға бойындағы халықтық қалыпты танытады.
Біздер – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев есімді аса көрнекті мемлекет қайраткерін әр кезеңде, әрқилы тарихи оқиғалардың тұсында алыстан да, жақыннан да көрген адамдар санатынанбыз. Ол кісінің сөз бен істің арасына сызат түсірмес тектілігіне, «уәдені құдай аты санар» бекзаттығына, екі сөйлеуді білмейтін ер мінезділігіне, замана болмысын тереңнен танып, болжай білер біліктілігіне, бастаған ісін жеріне жеткізер қайсарлығына, кең ойлап, кең пішер саясаткерлігіне, ұлтының ұлы құндылықтарын жан-жүрегімен бағалай білер азаматтығына сан мәрте көзіміз жеткен.
Осы жолы да адалдықтың ақ жолынан таймай, ойлау мен сөйлеудің, елдік мүдде биігіне көтеріліп, уақыт сұранысына лайық қажетті проблемаларды жинақтап, қорытып, дамудың жаңа кезеңіне өткен Қазақ елінің көшін оң жолға бастар он түрлі бағытты белгілеуі соның айқын дәлелі.
«Біз бабалар дәстүрін қастерлейтін, жаһанның озық жетістіктеріне ұмтылатын халықпыз. Бұл – біздің күш-қуатымыздың діңгегі» дей келіп, Тоқаев сөзінің соңында: «Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдындағы парызым!» деген.
Елі еріне сеніп, ең жоғарғы биліктің тізгінін тапсырды.
Ері еліне сеніп, жоғарғы билік тізгінін бекем ұстап, алда тұрған бес жыл дейтін еңбек пен күреске, елдік міндет пен ересен істер күтер кеңістікті бетке алды.
Ел сенімін арқалаған, жаңа кезең міндеттерін орындауға бел буған тұлға туралы өз ойын тарқата келіп, Тұңғыш Президентіміз бір сөзінде (сайлау қарсаңында): «Мемлекетіміз жалғыз. Мемлекет тізгінін ұстайтын басшы да жалғыз болуы керек. Біздің елдегі жалғыз басшы – Президент. Бәріміз сол болашақ Президентке көмек қолын аямауымыз керек!» деп еді. Елбасы бұл сөзін өзі іргесін бекітіп, әр тасын, әр кірпішін қолымен қалаған, ұйқысыз түндері мен күлкісіз күндерінің тарихи куәсі болған, атағы алты әлемге кеткен Қазақ мемлекетінің болашағын ойлап, қазақ халқының тағдырын толғап айтқаны анық!
Енді, міне...
Халық боп жұмылып, ұлт боп ұйысып, тәуелсіз Қазақ елінің ертеңі үшін жаңа дәуір міндетін бірігіп атқарар кездің келгені ақиқат!
«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген ұлы Абайдың сөзі еріксіз тіл ұшына оралады.
Ел тізгіні көш бастаған ермен бірге, көшін бастар тұлғасын өзі анықтаған елге де сын екенін ұмытпауымыз керек!
Нұрлан ОРАЗАЛИН, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты