Біздің ауыл малды ауыл еді. Шаруашылыққа байланысты қойшы, тракторшы, шопырға жұмыс бар болғанымен, қыз балаға жоққа тән. Контордағы үш-төрт хатшылық, кеңселік қызмет кімге жетсін? Сондықтан мектеп бітірген қыздардың дені оқуға, болмаса ағайындарын жағалап қалаға кететін.
Ауылда қыз жоқ. Қойшы, шопыр және тракторшы жігіттерге қиын. Бірақ құдыреті күшті Құдай олардың басын екеу етуді ойластырып қойыпты. Көктемгі сақман, күзгі қырқым кезінде аудандағы училищенің қыздары біздің ауылға аспаннан түскен періштелердей болып сау етіп келе қалады. Содан араға апта салмай жатып үйлену маусымы басталады. Қыздармен бір ауыз сөйлескен жігіттер кешкісін әбден қыз алып қашып үйреніп қалған күркілдек «Москвич», есігін қатты жапса іштен ашылмайтын, дөңгелегінің бүрі кеткен «Жигулиге» көздеген аруын арқалап мінгізіп, үйіне бір-ақ түсіреді. Сол қыздардың көнбегені некен-саяқ. Ал бүгінде сүйіп-күйіп қосылғандардың жартысы жыл айналмай жатып, ажырасып жатыр. Бір қызығы, сақманға келген және пойыздан түсіріп алған сол жеңгелеріміздің бәрі қосағымен жақсы өмір сүрді. Ауылдың маңдайалды келіндері болды. Үлкендерден осындай, «басы қатты, аяғы тәтті» оқиғаларды әбден естіген болу керек, Қызылорда облысының үш жігіті қыз алып қашу «операциясына» алаңсыз-ақ барған екен. Бірақ соңы өздері үшін өте ауыр аяқталарын білмеген сыңайлы.
Басы жақсы-ақ болған. Қалыңдық алып қашуға бекінген жігіт екі ауылдасын ертіп қалаға келеді. Бұрын сөз байласып, кейін хабарын үзген бойжеткеннің үйін торуылдайды. Таңертең жұмысқа бармаққа шыққан қыздың алдын кес-кестеп, машинамен апарып тастамақ ниеттерін айтады. Жағдайды түсінген бойжеткен қызметтерінен бас тартқанымен, еліріп алған үшеу көлікке күшпен отырғызады.
Құйындап өз аудандарына қарай тартады. Сорына қарай, желдей есіп жылдамдығын асырып келе жатқан машинаны жергілікті полиция қызметкерлері тоқтатады. Ар жағы белгілі. Ботадай боздап отырған қыз, репеті кеткен үш жігіт. Қыз алып қашқыш бозымбайлар полиция бөліміне жеткізілген. Өткен жылдың ортасында қозғалған іс жуырда аяқталды.
«Аталған қылмыстық іс Қызылорда қаласының №2 сотында қаралды. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 125-бабының 2-бөлігі 1-тармағымен іс қозғалды. Сол бойынша кінәлі деп танылған сотталушыларға 7 жылға шартты жаза тағайындалды», дейді Қызылорда қаласы сотының баспасөз қызметі.
«Ойнақтаған бота от басады» дейді халық даналығы. Кезінде сөз байласқан қызының көнбегеніне қарамай алып қашқан жігіт өзімен бірге достарын да темір торға сүйреп кетті. Өкінішті...
Жоғарыда айтқанымыздай, бұрынғының оқиғалары ғой. Қазір заман басқа, заң басқа. Қызды еркінен тыс алып қашу адам өміріне қастандық жасағанмен бірдей. Қылмыстық кодекстің арнаулы бабы бар.
«Атам алып қашып келіпті. Әжем ләм демей келін болып түсіпті» деген бүгінде өткеннің ертегісі болып қалды. Қыз алып қашудың қаһармандарына үш жігіттің оқиғасы сабақ болса, қанеки.
Қызылорда облысы