Ол былай дейді: «Газет тілшілері нағыз алаңғасарларша сауал қойып, не болса соны сұрайды. Күнге қарап тұрып, осы күн шапағын шашып тұр ма дейтінін қайтерсің?» Дене бітіміне қолының ұзындығы сәйкес келмейтін, 213 см шеңберде кез келген қарсыласын шақ келтірмейтін Чарльз күндіз-түні соңына ере жүріп, мазалайтын репортерлерге осылай баға берген. Әттең, небәрі 38 жыл ғана ғұмыр кешкен атақты Сонни Листон журналист қауымының ақымақ та емес, алаңғасар да емес, кейіпкері туралы болашақ мақаласының мазмұнын ашу үшін «миы ашып», ой үстінде толғатып, жұлдыздың алдында бірнеше бағытта «әмбебеп қызмет атқарып тұратын» ерекше қасиеті барын білмей кетті...
Үнемі ой үстінде жүретін журналист деген қауым бар. Ойсыз пенде болар ма? Алайда, журналист қауымының ерекшелігі – оның тәулік бойындағы ойлау қабілетінің әмбебаптығы мен жеделдігі. Нөмірге салынатын репортаждың бүтінделген бас-аяғы, тақырыбы, ертеңгі мақаланың жобасы мен ауқымы, жарыққа кешегі шыққан мақаласының «буы», дәл осы тұста аяқастынан келе қалатын нөмірдің кезекшілігі... толып жатқан тағы басқа да тіршілікте жиі кездесетін қолбайлаулар мен ой ойлаулар кейде, сұхбат алуға келген кейіпкерінің алдында оны, Сонни Листон айтқандай, «біртүрлі» мінезде көрсетіп, таңғалдырып танытары анық! «Әдеби стиль мен көркемдеп жақсы жазу журналистің ұлан-асыр қызметінің титтей бір бөлшегі ғана» дегенді баспасөз саласының керемет білгірі әрі кеңесшілігі зор британдық журналист Дэвид Рэндалл да бекер айтпаған-ау!
Үкімет қайтадан даралап ресми күнді бекітіп берген кәсіби мереке үстінде жоғарыдағыдай «күннің шапағы» туралы тарихи дерек еске тектен-тек түскен жоқ. Оның үстіне бүгінгі көбіміз – екі дәуір журналистикасының куәгеріміз. Ол кезде астанамыз – Алматы. Бұрын-соңды ой түгілі санамызға кірмеген журналистермен өткізілетін «пресс-конференция» – баспасөз мәслихаты деген құбылыс шықты. Сирек көрсетілетін шетелдік кинофильмдер арқылы ғана көзтаныс болған сол пресс-конференцияларға қатысып, «жаңаға бейімделіп, еркін журналистика дегеннің қыр-сырына үйрене бастағандай» болып қалғанымызбен, мұндай жиында қазақ тілінде бір сұрақ қойылып, оған жауап қайтарылса, соның өзі үлкен жеңіске баланатын. Әдеттегідей ол жылдары да орыс тілі алда жүрді. Президент Назарбаевтың өзі бастап қазақша сөйлегеннің өзінде бұрын-соңды мұндай «шаршы алаңға шығып бағын сынамаған кешегі кеңестік тілшілер», әйтеуір, еңсені басқан бір тылсым күш кедергісінен өте алмай, кібіртіктеп жатар едік, өтірік емес. Марат Тоқашбаев, Өмірсерік Жұман, Әшірбек Көпішев, Тілекқабыл Мыңжасар сынды әріптес ағалар – «мұзжарғыш кемелер» қатыспаған кейбір жиналыстар «қазақ тілінсіз» өтетін. Қазақстанға тәуелсіздік шапағатын шашқан тұста бірге келген түріктің ақмылтық тілшісі Енес Жансевер біз секілді күніне Президент резиденциясынан бастап, кем дегенде екі-үш жерде үздіксіз өтіп жататын әлгіндей пресс-конференцияларда көшті қазақша бастап, сауалды қазақша қоятын. Қандай жиын болмасын, қандай шетелден келген қонақ болмасын ол сауалды қазақ тілінде жолдайтын. Мұны көрген «Біз де ояна бастадық». Бірде сол Енесіміз Қазақстан Республикасының Қорғаныс министріне әдеттегідей майда қоңыр даусына салып сауал жолдар тұста «Күрметті Президент...» деп «жаңылысты». «Президент емес» генерал тілшінің бұл қылығына тулап қалды. Сасып-салбырайтын ол емес, екінші сауалын да қазақша қойды. Қазақша біліп тұрғанымен намысқой министріміз алған бетінен қайтпай «баршамызға түсінікті тілде» жауап қатты. Қарашадай ғана түрік баласының тәуелсіздік таңында қазақ тілінің қамын жеп тұрғанын бізден, қазақ тілді журналистерден басқа ешкім шын бағалай алмады. Ең болмаса «біз секілді де» орысша жоқ Енес Жансевердің 30 жылға жуық бұрын Алматыда жасаған ерлігі естен кетер емес.
Қазір еліміздің бас газеті «Egemen Qazaqstan» газетінде үш тілді тілшілер қызмет атқарады десеңіз біреу сенер, біреу сенбес... Пресс- конференциялардағы қазақшаның да мысы басым! Айтпақшы, әлем журналистерінің арасында қағидат боп қалған «Журналист – әлемдегі ең еңбекқор жалқау адам» сөзін қалай топшылар едіңіз?! Шіркін, қазақ журналистерінің мэтрі Шерхан Мұртазаның айтқан «Журналистер де атан түйе секілді. Арқалағаны алтын болғанымен, жегені жантақ» деген сөзін ше?!
Мереке, құтты болсын әріптестер!