Оның айтуынша, Президентке азаматтар тарапынан тұтынушылық кепілсіз несиелерді төлеуге көмектесу туралы көптеген өтініш келіп түсуде. Оның ішінде әлеуметтік жағынан әлжуаз азаматтар, бұл – көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жетім балалар түрлі себептерге байланысты өмірлік қиын жағдайларға тап болып, өздеріне алған несиелік міндеттемелерді өтей алмай жүрген осы санатқа жататын азаматтардың несие борышы мемлекет тарапынан өтелмек. Жарлықтың мақсаты – өмірлік қиын жағдайларға тап болған қазақстандықтарға жәрдемдесу, өз отбасыларының қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беру.
− Жарлықта Үкімет пен Ұлттық банкке бір жолғы акция ретінде келесі шараларды қабылдау тапсырылды. Тікелей атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттың әрбір қарыз алушысына мемлекет екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдарында негізгі борышы мен оған есептелген сыйақының жалпы 300 мың теңгеге дейін қарызын жабады. Сонымен қатар қарыз бойынша жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспайтын болуы керек. Банктер мен шағын қаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық несиелері бар барлық азаматтар үшін 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жинақталған айыппұлдар мен өсімақылар алынып тасталады. Бұл есептен шығару екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдары есебінен жүзеге асырылмақ, – деді Ә.Смайылов. Бұған қоса, мерзімі өткен, берешегі 90 күннен асып кеткен жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша кредитті берумен және оған қызмет көрсетумен байланысты тұрақсыздық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салынады.
Қазіргі уақытта бұл бағытта атқарылатын жұмыстар басталып та кетті. Банктердегі тізімді айқындау, әлеуметтік қамсыздандыру органдарының тізімімен салыстыру жұмыстары жүргізілуде. «Барлық санаттағы азаматтардың тізімін банк мекемелерінің мәліметтерімен салыстырып жатырмыз. Себебі нақты санаттағы азаматтардың қарызын өтейтінімізді білуіміз керек», деген Ә.Смайылов шілде айында қарызды өтеуге байланысты қаражатты пысықтау жұмысы Парламентте қаралатынын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта республикалық бюджеттен бөлінетін 88 млрд теңгеге қосымша 17 млрд теңге қосу үшін проблемалық кредиттер қорының облигациялары шығарылмақ. Парламенттен өткеннен кейін айқындау, пысықтау жұмыстарын 10 шілдеде аяқтап, бірден несиені жабу бойынша жұмыстар басталады. Жалпы, жұмыс алдағы 2 айда бітеді деп күтілуде.
Тұтынушылық несиелерге қатысты қалыптасып отырған күрделі жағдай қайталанбауы тиіс. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұндай ахуалдың алдын алу мақсатында Ұлттық банк реттеу сипатындағы қатаң шаралар қабылдап, шектен тыс тәуекелге барғаны үшін қаржы ұйымдарына жүктелетін жауапкершілікті күшейтуі тиіс. Қаржылық ахуалын одан әрі нашарлатпау үшін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға займдар беруге заң аясында тыйым салынатын болады. Ұлттық банк кепілсіз тұтыну займдарын беру кезінде қосымша реттеу шараларын қабылдайды. Ә.Смайыловтың айтуынша, қазақстандықтардың несиелері бойынша айыппұлдар мен өсімдерді алып тастау банктерге салмақ түсірмейді.
− Айыппұлдар мен өсімдер бойынша 75 пайызы расында да қаржы ұйымдары тарапынан өтеледі. Бұл жұмысты Ұлттық банк банктермен және шағын қаржылық ұйымдармен бірге келісім бойынша жасайды. Айыппұл, бұл – пайыз. Банктердің өздері қойған пайыздары. Бұл банктерге ешқандай салмақ түсірмейді, – деді Ә.Смайылов. Оның айтуына қарағанда, екінші деңгейлі банктер мен қаржылық ұйымдарда қарыз несиесі өтелетін азаматтардың тізімі бар.
Жиында Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова азаматтардың борыш жүктемесін төмендету жұмысы Жарлықта көрсетілген нақты критерийлерге сәйкес болатынын атап өтті.
− Аталған шаралармен кепілсіз тұтынушылық несиелері бар азаматтардың барлығы қамтылмайды, мемлекеттің көмегіне аса мұқтаж жандар ғана қамтылады. 18 жасқа дейінгі 4 және одан көп баласы бар отбасылар көп балалы отбасы ретінде есептеледі. Базалар бойынша осындай отбасылардың несиелері бар ма екені қаралады. Екінші – асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар. Бүгінде мемлекетімізде асыраушысынан айырылған 600-ге жуық отбасы бар. База бойынша банктермен келісілген түрде осы отбасылардың қаншасы несие төлеп отырғаны қаралады, – деп түсіндірді вице-премьер. Сондай-ақ ол банктер осындай отбасылардың несиесінің бар-жоғын анықтау үшін атаулы әлеуметтік көмек алушылар базасын қарайтынын атап өтті. Бүгінде 240 мыңға жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.
− Олардың барлық деректері тіркелген. Сондықтан да аталған мәселе бойынша біз екінші деңгейлі банктермен кездесеміз. Әрине, олардың барлығы несие алмаған. Бізге олардың ішінен несие төлеп отырғандары мәлім болады, тағы да тексерістер жүргізіледі. Алдын ала деректер бойынша, мемлекет көмегіне аса мұқтаж әрі несиелері бар азаматтар саны 443 мыңды құрайды, – деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі. Сондай-ақ ол осы қаржылай көмекті көрсету кезінде несиенің қандай мақсатта алынғанына қатысты ешқандай да тексеріс жұмыстары жүргізілмейтінін айтты.