• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Шілде, 2019

Сенім грамоталарын қабылдады

367 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Ақор­дада Таиланд Король­ді­гінің Төтенше және өкі­летті елшісі Расса Джа­ли­чандрадан, Иордания Хашимиттік Король­дігінің Төтенше және өкі­летті елшісі Юсеф Әб­дел­ғанидан, Венесуэланың Төтенше және өкілетті елшісі Энрике Антонио Акунья Мендозадан сенім грамоталарын қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел­ші­лердің бәрін Қазақстандағы дип­ломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, мем­лекетаралық қатынастарды одан әрі нығайту ісінде табыс ті­леді.

Мемлекет басшысы Расса Джаличандрамен кездесу барысында Таиландтағы сайлаудың табысты өтуімен және елдің жаңа Премьер-Министрінің сайлануымен құттықтады.

– Қазақстан мен Таиланд барлық салада, соның ішінде сая­си, экономикалық және мәде­ни бағыттарда достық қатынас­тар­ды жемісті дамытып келеді. Таи­ландқа біздің елімізден ту­рис­тер көп барады. Сіздің еліңіз – қазақстандықтардың сүйік­ті жерлерінің бірі. Елдеріміз ара­сын­дағы өзара қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға септігіңізді тигізетініңізге сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Юсеф Әбделғанимен кездесуде Қа­зақ­стан мен Иордания арасындағы ық­палдастықтың жоғары дең­гейде екенін атап өтті.

– Елдеріміз арасындағы қа­рым-қатынастардың жақсы дамуына Король ІІ Абдалла зор үлес қосты. Бүгінде екіжақты ынты­мақтастық өзара достық пен сенім негізінде табысты дамып келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эн­ри­ке Мендозамен кездесуде өза­ра байланыстардың одан әрі ны­ғая беретініне сенім білдіріп, дип­ло­матиялық жұмыста табыс тіледі.

– Елші мырза, жаңа қыз­ме­тіңізбен құттықтаймын. Сіз Венесуэланың Қазақстандағы алғашқы Төтенше және өкілетті елшісі болғандықтан, екі тарап үшін де бұл Сенім грамотасын тапсыру рәсімінің маңызы зор. Басшыларыңыздың біздің елімізде елшілік ашу және дипломатиялық миссия басшысы ретінде сізді жіберу жөніндегі шешіміне ризашылық білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елшілер Мемлекет басшысына сенім грамоталарын тапсырған соң жеке-жеке брифинг өткізді.

– Бүгін Таиланд Корольдігінің жаңа елшісі ретінде Қазақстан Президенті, аса мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сенім грамотасын табыстау құрметіне ие болдым. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланғаннан кейін сенім грамотасын тапсырған бірінші елші болу – мен үшін үлкен мәртебе. Сенім грамотасын тапсырған соң Тоқаев мырзамен шағын әңгімелесу мүмкіншілігі болды. Біз қазіргі уақытта Қазақстан мен Таиланд арасындағы қатынас өте жақсы деген ортақ пікірге келдік, – деді Таиланд Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Расса Джаличандра.

Сонымен қатар Расса Джа­ли­чандра биыл Бангкок пен Нұр-Сұлтан қаласы арасындағы дос­тықтың 15 жылдығы екендігін айтып, қазіргі уақытта Таиланд елшілігі Нұр-Сұлтан қаласы күні мерекесін атап өтуге дайындалып жатқанын атап өтті.

Қазақстан Президентіне Сенім грамотасын тапсырып шыққан Иордания Корольдігінің елшісі Юсеф Әбделғани Қазақстан мен Иордания Корольдігі арасын­да тығыз қарым-қатынас орна­ған­дығына назар аударды. Екі ел арасында үкіметаралық комиссияның жұмыс істейтіндігін, мәдениет, білім және өзге де салаларда бір­қатар келісім жасалғанын айтты.

– Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Иорданиямен жақсы қарым-қатынасты жолға қою үшін көп еңбек сіңіргендігін айрықша атап өткім келеді. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Иордания Корольдігімен ара­дағы қарым-қатынасты одан әрі дамытуға барлық уақытта дайын екенін айтты, – деді Юсеф Әб­делғани.

Ал Венесуэла елшісі Энрике Антонио Акунья Мендоза жаңа тарихи кезеңді бастан кешіріп отырған Қазақстан халқы мен Үкі­метіне бейбітшілік, өр­леу мен гүлдену тілейтінін жеткіз­ді. «Қазақстандағы біздің миссия­мыздың басты мақсаты – үкімет­теріміздің арасындағы саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық ынтымақтастықты нығайту, ха­лық­тарымыздың арасындағы дос­тық пен ынтымақтастық байла­ныстарды күшейту, – деді елші.