• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Шілде, 2019

Алакөл тарихындағы алғашқы музей

1112 рет
көрсетілді

Айдыны шалқар, суы шипалы Алакөлдің Шығыс Қазақстанға тиесілі жа­ғалауы жылдан-жылға абаттанып, ажарланып келеді. 2014 жылға дейін бұл жағалауда қарабайыр демалатын жұрт бүгінде заманауи демалыс орындарында тынығып, соңғы үлгідегі сервис түрлерін тұтынады.

Суы минералды қоспаларға бай жағалаудағы демалыс қалашығы инфрақұрылыммен қамтылған, жолдары түгелдей асфальтталған, орталығы ар­батқа айналған, әр жерде ат­қақтаған субұрқақтар балдыр­ғандардың ажырамас ермегіндей. Серуендеп келушілер үшін бүкіл қажеттілік қарастырылған. Содан да болар Алакөлдің Шығысына келушілердің легі соңғы жылдары үдей түсіп, 2018 жылғы маусымда демалушылар саны жарты миллионнан асыпты. «Облысқа әкім болып келген сәттен Алакөлді абаттандыруға айрықша көңіл бөлген Даниал Ахметовтің ұйға­рымымен биыл да осы өңірдің имиджіне үлес қосатын тағы бір ерекше қадам жасалды. Ол қадам – туристерге рухани кеңістік ұсыну, алыс-жа­қын­нан келген қонақтарды еліміздің тарихи және мәдени ерекшеліктерімен таныстыру. Сол арқылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көзделген туған жер қасиетіне бойлау, тарихи сананы қалыптастыру, патриоттық сезімді арттыру сынды басымдықтарды жүзеге асыру. Осындай келелі ойларды жүзеге асырудың бірден-бір жолы – музей екен. Сол музей бүгінде ел игілігіне қызмет көрсетіп тұр. Аймақ басшысы таяуда жаңа музейде болып, музейдің келушілерге сапалы қызмет көрсетуіне сәттілік тіледі», дейді Семейдің тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбаев.

Иә, бұл қандай музей? Тара­тып айтайық. Алакөл алқымында орналасқан ежелгі елді мекен – Жарбұлақ ауылы. Үржар ауданына қарасты бұл мекен қазіргі таңда Қабанбай ауылы деп аталады. Облыс басшысының пәрменімен былтыр осы ауылда үлкен екі қабатты Мәдениет үйі бой көтерді. Аталған ғимарат­тың үлкен бір аумағы музейге арналған. Тарихи-өлкетану бағытындағы жаңа музей облыс­тық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының кү­шімен жабдықталып, пай­далануға беріліп отыр. Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты бұл мәдени шаңырақ Алакөл тарихындағы алғашқы музей.

Жаңа музейдің өзіне тән ерекшеліктері бар. Бір ғана «Ші­ліктінің Алтын адамы» мен «Үр­жар ханшайымы» іспет­ті ерек­ше экспонаттың өзі көрер­менді көне замандарға жетелеп, тарихымыздың сан алуан қатпарынан сыр шертеді. Өл­кеміздің жауһар жәдігерлері мен қазақ этнографиясының сан алуан көрінісі, көне заман ғажайыптары бәрі де осында тоғысқан. Мұнда келген адам халқымыздың байырғысы мен бү­гінгісін салыстыра отырып, та­ным көкжиегін кеңейте тү­суге жа­рарлық деректермен қауы­шады.

«Жаңа музей жобасының мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Туған жер» бағдарламаларының аясында еліміздің киелі жер­лерін, мәдени мұрасын, қазақ менталитетінің ұлттық қырларын зерттеу, тілін, музыкасын, мә­де­ниетін, әдебиетін сақтау бағы­тындағы бастамаларды жетілдіре түсу. Халқымыздың баға жетпес рухани мұрасын қоғам ортасында насихаттаудың керегесін кеңейте отырып жұрт санасына сіңіру. Сол арқылы өскелең ұрпақтың ел-жерге деген сүйіспеншілігін, ата-баба мұрасына деген мақтанышын, жауапкершілігін, Отанын қор­ғауға, оның өркендеуіне, рухани байлыққа деген құштарлығын қалыптастыру. Түптеп келгенде, ел тәуелсіздігінің мазмұны мен маңызын тарихи мысалдармен аша отырып, тарихи сананың орнығуына ықпал ету. Ежелгі дәуірден егеменді шаққа дейінгі заманның қайсысын алсақ та, қазақ даласы өркениет көшінің бастауы мен ізгілік көшінің қостауында болғандығы тайға таңба басқандай анық. Ұлы дала кеңістігінде мақтан тұтарлық тарихи жетістіктеріміз жетерлік. Соның бір шоғыры осы музейде. Ал мақтана білу үшін рухани қазынамыздың қадіріне бойлауымыз керек. Жер түбіндегі Жарбұлақта жаңа музей ашудың мақсаты да – сол», дейді Қайрат Сабырбаев.

Біздің дәуірімізге дейін III-IV ғасырларда ғұмыр кешкен қо­ғамның патшайымы мен ханшайымы төрінде тұрған Қабанбай ауылындағы жаңа музей құрамында жеті зал бар. Әуелгі зал «Үржар ханшаймы» деп аталса, келесі екі зал «Археология» және «Шығыс Қазақстанның киелі жерлері» деп аталады. Бұлар ғимараттың бірінші қабатында орналасса, екінші қабатында «Тәуелсіздік», «Этнография», «Көшпенділер мәдениеті» мен «Палентология және табиғат» залдары бар. Әр зал белгіленген тақырыптар мазмұнына қарай жәдігерлермен жабдықталып, өзіндік өрнек тапқан. Тиісінше техникалық құралдар да қарастырылып, сенсорлы киоск, QR-код секілді виртуалды көріністер де енгізілген.

Қорыта айтқанда, жұмысын енді бастаған жаңа музей адамзат тарихының даму кезеңдері: тас, қола, темір және орта ғасыр дәуірлерінен бастап бүгінгі дербес қоғамға дейінгі аралықты қамтуға бағытталған. Сонымен бірге сонау шалғай елді мекенде, әсіресе бірі саяхаттап, бірі сайрандап келетін қауымға бұл музей «Ойнай да білген халыққа, ойлай да білген лайық!» деген насихатты ұсынуды көздейді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы