• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Шілде, 2019

Ағылған көмекте есеп жоқ

401 рет
көрсетілді

Қалада апаттан зардап шеккен тұрғындарға, әсіресе балаларға гуманитарлық көмектен тыс, психологиялық көмек көрсетілуде. Алғашқы күннен бастап 180 ерікті практик-психологтар мен педагог-психологтар Арыста жүр.

24 мыңнан аса адам эвакуацияланған орталықтарда сәбилердің жан дүниесіндегі соққыны емдеген гештальт-терапевт психологтар қазір сол жерде емдік шараларды жалғастыруда. Бүгінгі таңда тұрғындардың бастан кешкен эмоцияларын зерттеу, болған оқиғаны түсіндіру психологтардың негізгі терапиясы болып отыр.

Сондай-ақ еріктілер халық арасында «бактериологиялық қару-жарақтан, радиациядан және апаттан көптеген адам қайтыс болды» деген ақпараттың жалған екенін түсіндіріп жүр. Әлеуметтік желілерде жұртты дүрліктірген «Арыстықтар далада босып жүр. Оларға азық-түлік жетпей жатыр» деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Себебі апаттан зардап шеккен арыстық­тарға Қазақстанның түкпір-түкпірінен көмек келуде. «Арыс, біз біргеміз!» акциясы бүкіл республика бойынша ұйымдастырылды.

Жергілікті билік өкілдері сол көмекті рет-ретімен қала тұрғындарына үлес­тіруде. Ал баспанасыз қалған тұрғындар­ды уақыт­ша қоныстарға орналастыру бо­йынша жүйелі жұмыс жолға қо­йыл­ған. Арыс қаласындағы Ережепбай Мол­­дабаев атындағы орта мектепте тұр­ғындар уақытша қоныстанатын 800 орын дайындалды. Мұнда жарылыс салдарынан үйлері толық бұзылған және жарамсыз күйге түскен тұрғындар орналасуда. Бұл орталықта қоныстанушылар 3 мез­гіл тамақпен және жатын орындар­мен қамтылды. Балаларға арналған ойын алаңшалары да қарастырылған. Ал жары­­лыс­тан зақым келген үйлер толық жөн­дел­ген соң тұрғындар өз шаңырақ­тарына оралмақ.

Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккен тұрғындарға жан-жақтан келіп жатқан гуманитарлық көмек күн санап ұлғаюда. Бүгінгі күнге дейін қоймаға 270 тонна қажетті азық-түлік өнімдері, киім-кешек, гигиеналық заттар жиналса, соның 198 тоннасы тұрғындарға берілді. Гуманитар­лық көмектің 70 тоннасы кеше таратылды. Қосымша Арысқа қарай 10 жүк көлігі келе жатқанын айта кетейік.

Күні кеше Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, БҚО, СҚО, Павлодар, Қос­танай, Алматы облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларынан Арысқа жіберілген 150 тонна заттың 80 тоннадан астамы тұрғындарға таратылды. Нұр-Сұлтан қаласы мен өзге де аймақтардан азық-түлік тиелген жүк көліктері Арысты бетке алды.

Арыстағы төтенше жағдайға байланысты «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры­на түскен қаржы көлемі 1 млрд теңгеден асты. Қор әлі де шотта жинақталып, арнайы ко­мис­сия арқылы тұрғындарға берілетін болады.

Қаладағы барлық үйге суық су келді. Алайда кеше орталық желіде шыққан ақаудан 1500-дей абонент уақытша сусыз қал­ған еді. Жөндеу жұмыстары барысында су жеткізу желісін үзген снаряд табылды. Ақауды жөндеу жұмыстары аяқталған соң тұрғындарға су тұрақты беріле бастады.

30 маусым күні Арыс қаласының 140 оқу­шысы Ақмола облысындағы Бурабайға оқу­шы­лар лагеріне демалысқа кетсе, 200 оқу­шы Нұр-Сұлтан қаласына жол жүрді. Олар­дың қауіп­сіздігіне тәлімгерлер жауап беретін болады.

Арыстық балаларды демалысқа жіберудегі басты мақсат – төтенше жағдай факторлары салдарынан мектеп оқушыларына психологиялық көмек көрсету. Осы орайда жиыны 340 оқушыны ата-аналары Шымкент қаласындағы темір жол вокзалынан шығарып салып, сәт-сапар тіледі.

Айта кетейік, Арыс қаласындағы 40 мектепте 19 916 бала білім алады, мектепке дейінгі ұйымдарда 5071 бала тәрбиеленіп жатыр. Жалпы, бүгінгі күнге дейін арыстық 570 бала жазғы саяхатқа жіберілді.