• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2019

Атырауда шетелдердегі қазақ диаспорасы балаларының қатысуымен олимпиада өтеді

636 рет
көрсетілді

2-6 шілде аралығында Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің базасында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қазақ диаспорасы балаларына арналған «Қазақстан - ата жұртым, қасиетім - ана тілім» атты ХVI Халықаралық олимпиада өтеді. Олимпиаданың мақсаты - шетелде тұратын қазақ диаспорасының ең дарынды және ең талапты жасөспірімдерін анықтап, олардың қазақ тілі мен әдебиетіне, туған елінің тарихы мен өз мәдениетіне деген қызығушылықтарын арттыру. Бұл туралы БҒМ Баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақ тілі мен әдебиеті бойынша өтетін олимпиадаға қазақ диаспорасының өкілдері тұратын мемлекеттердегі жалпы білім беретін мекемелердің дарынды балалары қатыса алады. Биылғы олимпиадаға Иран, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Монғолия, Қытай, Ресей Федерациясының - Самара, Омбы және Алтай өлкесінен құрама командалар қатысады деп күтілуде. Қазіргі уақытта тіркелген қатысушылар саны - 62 оқушы және 13 жетекші.

Халықаралық олимпиаданың қазылар алқасының төрағасы, Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы және жоғарғы оқу орындарының ғалымдары мен білім қайраткерлерінен құралған.

Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен, медальдарымен және «Дарын» РҒПО грамоталарымен марапатталады. Сонымен қатар жеңімпаз және жүлдегер атанған шеттегі қандастарымыздың балаларына жыл сайын қолдау танытып, Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарының ректорлары өз гранттарын табыстайды.

         Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 2019 жылғы 3 шілде күні сағат 10.00-де Атырау облысының әкімі Н.Ноғаевтың қатысуымен Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында; салтанатты жабылуы, яғни жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 6 шілде күні сағат 11.00-де Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өтеді.