Бейсенбі, 25 сәуір 2013 2:33
Қазір елімізде болып жатқан жол-көлік оқиғаларында есеп жоқ. Олардың бәзбіреулері туралы естігенде төбе шашың тік тұрады. Бұлардың көпшілігінде жүргізушілердің жауапсыздығынан қаншама адам өлімге ұшырап жатады.
Мына оқиға да солардың бірі жайлы дерек білдіреді.
Бейсенбі, 25 сәуір 2013 2:33
Қазір елімізде болып жатқан жол-көлік оқиғаларында есеп жоқ. Олардың бәзбіреулері туралы естігенде төбе шашың тік тұрады. Бұлардың көпшілігінде жүргізушілердің жауапсыздығынан қаншама адам өлімге ұшырап жатады.
Мына оқиға да солардың бірі жайлы дерек білдіреді.
Бұл оқиға өткен жылғы қыркүйектің 30-ы күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18.30 шамасында орын алды. Осы сәтте облыстың Жаңақорған ауданы аумағындағы тас жолдың бойымен құйғытып келе жатқан жүргізуші Нұрлан Әбдіраманов кенет өзінің басқаруындағы «Nissan Murano» көлігінің тізгініне ие бола алмай, жол жиегінен асып аунап түсті.
Ең қайғылысы сол, көлік аударылған кезде оның салонында отырған Индира Әбиева және Нұрбина Еспенбетова есімді екі жолаушы бірден тіл тартпай кетті. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бірақ алдын ала тергеу барысында жәбірленуші мен сезіктінің толық келісімге келулеріне орай қылмыстық іс өндірістен қысқартылған.
Әйткенмен, арада біршама уақыт өткеннен кейін қаза болғандардың бірінің анасы Г.Әбиева аудандық прокуратураға арыз жазып, қабылданған шешіммен келіспейтінін жеткізді. Себебі, сезікті Н.Әбдіраманов марқұм болған қызының қырқын, жүзін, жылын өткізуге толық көмектесемін деп уәде бергеніне қарамастан, күйеуі Б.Әбиевтен алдап кешірім алып, қарасын көрсетпей кеткен. Сонымен қатар, облыстық ішкі істер департаменті анықтау басқармасының сезікті Н.Әбдірамановқа ҚР ҚК-нің 67-бабы 2-бөлігінің талаптарын қолдануда оқиға салдарынан екі адамның өлімге ұшырағанын назардан тыс қалдырғаны анықталды.
Осыған орай Жаңақорған аудандық прокуратурасы аға анықтаушы Т.Нұрымбетовтің қылмыстық істі өндірістен қысқарту туралы қаулысының күшін жойып, істі облыстық анықтау басқармасына тергеуді жаңғырту үшін кері жолдады. Нәтижесінде, басқарма аталған қылмыстық істі қайта қолға алып, қосымша тергеу амалдарын ұйымдастырды. Осы бойынша Н.Әбдірамановқа ҚК 296-бабы 3-бөлігімен айып тағылып, Жаңақорған аудандық сотына жолданды. Ал сот Н.Әбдірамановты тағылған айып бойынша кінәлі деп танып, оны 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сонымен қатар, оған ҚК-нің 63-бабы қолданылып, 2 жыл сынақ мерзіміне жіберілді.
Жаңақорған ауданы прокурорының көмекшісі Руслан Алатаевтың хабарлауынша, аудандық прокуратура аталған арызды қарау барысында қылмыстық іс бойынша заң бұзушылықтарды анықтап, облыстық анықтау басқармасының аға анықтаушысы, полиция подполковнигі Т.Нұрымбетовтің тәртіптік жауапкершілігін шешу үшін тәртіптік өндіріс қозғаған. Оның қаралу қорытындысы бойынша облыстық ІІД бастығының бұйрығымен аталмыш қызметкерге ескерту берілді.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.