Сонымен қатар аталған мемлекеттік бағдарламаны және оған ілеспе заң жобасын қабылдау Қазақстанның саяхат үшін тартымды 50 елдің қатарына кіруіне жол ашады екен. Бағдарламаның тағы бір жағымды жағы 75 мыңнан астам ауыл тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылатындығы болып отыр.
Сөз жоқ, Үкіметте қаралған бағдарлама жобасының кісі қызығарлықтай тартымды жағы мол және бұл еліміз үшін жаңа саланың аяғынан тік тұрып кетуіне жәрдемін тигізетіні анық. Дегенмен осындай жақсы жақтарымен қатар бағдарламада әлі толық ашылмаған мәселелер де жоқ емес секілді.
Біраз жыл бұрын Египетте он шақты күн болдық. Сонда бес мың жылдай уақыт бұрын салынған атақты перғауындар пирамидаларын көрдік. Қызыл теңіз жағалауында орналасқан осы елдің әлемге белгілі курорты Шарм-эш-Шейхта екі-үш күн демалдық.
Мұнан кейін Иорданияда болғанымызда екі жарым мың жылдай уақыт бұрын іргесі қаланған ежелгі Петра қаласын аралап көрудің сәті түсті. Ірі таудың жақпар тастарына ойып салынып, бағаналармен әрленген сарайлардың бетқалыптары бізге тым бертін пайда болғандай әсер қалдырды. Бірақ жол бастаушының сөзіне қарағанда, екі жарым мың жылдай уақыт бұрын бұл тас үңгірлер керуендер тоқтайтын мекенге айналып, сауда-саттық қызып жатқан нағыз гүлденген қала болған көрінеді. Мұнан кейін бізді осы елдегі Өлі теңіз жағалауына апарып демалдырып, суға шомылдырды.
Аустрия астанасы Вена қаласында болғанымызда Еуропаны билеген атақты Габсбургтер әулетінен шыққан бірнеше императордың тұрағы болған Шёнбрунн сарайының қырыққа тарта бөлмесін араладық. Жол бастаушымыз «мына бөлмеде Наполеон Бонопарт бірнеше күн болған, мына бөлмеде бала Моцарт патшайым Марии Терезиидің алдында өз өнерін көрсеткен, мына бөлмеде АҚШ пен КСРО басшылары Кеннеди мен Хрущев кездесіп, келіссөз жүргізген» деп бір бөлмеден екінші бөлмеге ауысқан сайын әр бөлменің бай тарихына тоқталып, бізді қызықтыра түседі.
Басқа да бірқатар елдің осындай тарихи орындарын аралап көрудің сәті түсті. Айтпағымыз, әлем танитын атақты тарихи орындар – туризм табысының басты көзі. Мәселен, Венадағы шағын ғана Шёнбрунн сарайына жылына 7-8 миллион турист келеді екен. Ал Мысыр пирамидалары мен ежелгі Петра қаласына келушілер одан көп болмаса, аз емес.
Сол секілді еліміздің ұлы тарихы тәуелсіздік жылдарынан бері адамзат қауымына енді ашылып келеді. Әлем халықтарына скифтер, кумандар, массагеттер, сарматтар атты бірнеше атаумен мәлім болған бір ғана сақ мәдениетінің іздерінің өзі неге тұрады?! Есік қорғанынан, Берелден, Шіліктіден табылған алтын адамдар осы сақ мәдениетінің белгілері ғой. Сақтарды Еуропа халықтары тым ертеден әрі жақсы біледі. Тіпті ежелгі грек мифологиясындағы басы адам, денесі жылқы тәріздес келетін кентаврлар бейнесі жылқыны үйретіп міну дегенді білмеген еуропалықтардың атқа мінген сақтарды алғаш көрген сәттерінде пайда болған түсініктері негізінде қалыптасқаны енді белгілі болып отыр.
Қазір адамзат қауымы Қазақстанды сақтардың тарихи Отаны ретінде мойындай бастады және мұны дәлелдейтін деректер ашылып жатқан археологиялық қазбалар арқылы жыл өткен сайын көбейе түсуде.
Екіншіден, адамзат қауымы Қазақстанды кешегі дүниені шулатқан, Жер шарының жартысына үстемдік құрған Алтын орда империясының Отаны ретінде таныды. Беларусь президенті Александр Лукашенконың Ресей мен Украинаның арасындағы Қырым мәселесіне қатысты «егер мынау менің тарихи жерім деп таласа беретін болсақ, онда Ресейге Сібірді Қазақстанға беруіне тура келеді, өйткені Сібір кешегі Алтын орданың иелігіндегі жер болатын» деп айтып салған бір ауыз сөзінің өзі неге тұрады. Алтын орда – байтақ империяға орыс халқының берген атауы. Негізінде оның ежелгі атауы Жошы ұлысы болатын. Жошының өмір сүрген жері – Қазақстан жері. Мазары Ұлытаудың бойында тұр. Ұрпақтары да біздің елде сақталды. Жошының ұлы Бату хан – Алтын орда империясын құрушы, Еуропаны жаулаушы, Ресей мемлекеттігінің негізін қалаушы ретінде тарихқа танылды. Ал Алтын орданың ең гүлденген тұсындағы астанасы Сарайшық (ежелгі атауы Сарай Берке) қаласы да Қазақстан аумағында тұр.Біздің ойымызша, осының барлығы – Қазақстан туризмінің келешегі үшін өте құнды нысандар, болашақ мол табыс көзі. Өйткені қазіргі туристер мынандай елді көрейін деп келмейді, мынандай тарихи нысанды көрейін немесе мынадай тамаша табиғат ортасында демалайын деп келеді. Соңғы бір-екі жылдың өзінде Алакөл демалыс орнын жолға қойдық. Қазір онда келетіндер саны біз жоғарыда әңгіме қылған Шарм-эш-Шейхтан аз болмаса керек. Бірақ бұл – негізінен алғанда ішкі туризм көзі. Онда барып демалатындар – қазақстандықтардың өздері. Ал бізге сырттан туристер тарту үшін Мысыр пирамидаларындай, ежелгі Петра қаласындай, Шёнбрунн сарайындай дүние жүзіне белгілі ірі тарих қажет. Біз үшін бұл – сақтар мен ғұндардың, Алтын орданың тарихы және солардан қалған тарихи нысандар.
Біздің ойымызша, осы мәселені жуықта ғана Үкіметте еліміздің туристік саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының жобасын мақұлдатып алған Мәдениет және спорт министрлігіндегілер ескеруі керек. Біздің бұл жобаға тағар мініміз жоқ. Онда бәрі ескерілген секілді. Әсіресе туристік инфрақұрылымдарды дамыту мәселесі. Туристік инфрақұрылымдарсыз қазіргі туризмді елестетудің өзі мүмкін емес. Бір өкініштісі, бұл бағдарламаға белгілі бір идеялық қазық жетпей тұрған секілді. Идеялық мығым қазық болмай, белгілі бір істі дамытуда шашыраңқылық орын алады. Осыдан қаржыны тиімсіз жұмсау басталады. Қысқасын айтқанда, шетелдік туристер Қазақстанға не үшін келуге тиісті? Қандай қызық көру үшін келеді? Осы сұрақтың жауабын қазірден бастап ойлану керек. Ал ішкі туризм бағдарлама жобасында белгіленген 2 триллион теңге ақшаны жұмсаған жағдайда уақыт өте келе бұл іс өзінен өзі жолға түсетіні айқын.