Аталған шараға ауылдық елді-мекендердегі өнерпаз жастар іріктеліп алынып, конкурстың облыстық кезеңіне аудандардан он ансамбль қатысты. Сонымен қатар, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының музыканттары Мұхтарбай Рахманқұлов, Дастан Көреген, Дидар Басықараев және Адай Жұмат облыстық конкурста лауреат атанған 5 ансамбльді республикалық кезеңге дайындап, шеберлік сағаттарын өткізді.
Ал, республикалық конкурстың баспасөз конференциясына Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Дәурен Ғылымов, Қазақ ұлттық өнер университетінің «Қорқыт ата» атындағы ғылыми-зерттеу институтының қызметкері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы Әлқуат Қазақбаев, күйші, композитор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов, күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдімомын Желдібаев қатысты. Республикалық өнер додасында еліміздің әр қиырынан келген 16 ансамбль бақ сынасты. Конкурсқа 17 күй ұсынылып, «Көне тараз күмбірі» атты партитуралар жинағының тұсауын қазылар алқасының төрағасы, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев пен күйші, композитор Ермұрат Үсенов кесті. Конкурстың салтанатты ашылуы театрландырылған қойылыммен басталды. Қойылымда Ықылас, Жамбыл, Кенен және Нұрғиса сынды ұлы тұлғалардың бейнелері сомдалды. Сонымен қатар, көпшілік назарына «Тараздан тарту» атты би композициясы ұсынылды. Өз кезегінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова конкурсқа қатысқан ұжымдарға құттықтау тілегін жолдаса, қазылар алқасының төрағасы Әбдімомын Желдібаев оларға шығармашылық табыс тіледі.
Нәтижесінде Бас жүлдені Алматы облысынан келген «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамблі жеңіп алса, І орынды Нұр-Сұлтан қаласнан «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы иеленді. Сонымен қатар, ІІ орын Көкшетау қаласынан «Айнакөл» фольклорлық ансамбліне, Шымкент қаласынан «Тұмар» фольклорлық ансамбліне табысталса, ІІІ орын Ақмола облысынан «Оқжетпес» фольклорлық ансамбліне, Тараз қаласынан «Тараз ғасыр» фольклорлық ансамбліне берілді. Ал, Ықылас Дүкенұлы атындағы жүлдені Қызылорда облысынан «Жігер» этникалық тобы, Жамбыл Жабаев атындағы жүлдені Шығыс Қазақстан облысынан «Сұлу саз» халықтық ән-би ансамблі, Кенен Әзірбаев атындағы жүлдені Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Алатау» фольклорлық ансамблі, Әбдімомын Желдібаев атындағы жүлдені Жамбыл облысының Шу ауданынан «Әсем әуен» фольклорлық ансамблі, Садыхан Әубәкіров атындағы жүлдені Жамбыл облысының Байзақ ауданынан «Шолпан» халықтық ән-би ансамблі Алтынбек Қоразбаев атындағы жүлдені Меркі ауданынан «Меркі әуендері» халықтық ән-би ансамблі иеленді. Сонымен қатар, бірқатар жүлдегерлерге «Үздік шығарма», «Көне Тараз күмбірі», «Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының» арнайы жүлдесі және «Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының» арнайы жүлдесі табыс етілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы лауреат белгісі мен ақшалай сыйлықтар берілді.
Аталған іс-шара аясында бес жүзге тарта өнер шеберлері мен қала жастарының қатысуымен ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – халық мұрасы» атты домбыра party ұйымдастырылды. Мұнда облыстық филармонияға қарасты қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері, Халықаралық конкурстардың лауреаты Адай Жұмат пен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұловтың дирижерлік етуімен Түркештің «Көңілашар» күйі, ҚР Мәдениет қайраткері Аман Молдыбаевтың бастамасымен «Көне Тараз» күйі, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевпен бірлесе «Ерке сылқым» күйі және де Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын» және «Сарыарқа» күйлері орындалды. Конкурстың гала концертінде облыстық филармонияның дәстүрлі әншілері мен жеңімпаз атанған ансамбльдер өнер көрсетіп, мәдени шара Садық Кәрімбаевтың «Жамбыл жастар вальсі» әнімен аяқталды.
Жамбыл облысы