Жақында Күршім ауданының Қаратоғай ауылында шағын сүт зауыты ашылды. Зауыттың іске қосылуы Алғабас пен Сарыөлең ауылдарында сүт қабылдау бекеттерінің ашылуына себеп болыпты.
– Басқа ауыл тұрғындарынан сүт қабылдайтын арнайы көліктеріміз бар. 40 тонналық тоңазытқыш жұмыс істеп тұр. Енді тұрғындар өздерінде бар сүтті 80-100 теңгеден өткізіп, қосымша табыс табады. Қазір әр сиырдан күніне 15 литр сүт аламыз, сауылған сүт зауытта өңделеді, – дейді ауылда зауыт ашып, жерлестерін жұмыспен қамтуды жоспарлап отырған «Арын» шаруа қожалығының басшысы Бақытжан Баймұхамбетов.
Әзірге сүт, айран, ірімшік, құрт, кілегей сияқты 8 түрлі тауар шығарып, тәулігіне 2 тонна сүт өндіруді алдарына мақсат қылып қойған шаруа қожалығының өнімдері жақын арада аудандағы балабақша, мектеп, әскери бөлім, аурухана сияқты әлеуметтік нысандарға, барлық дүкен сөрелеріне түсе бастайды. Енді Күршім тұрғындары Өскеменнен келетін бағасы 400-500 теңге шамасындағы сүт өнімдерін емес, өздерінде шығатын бағасы 220-250 теңгелік сүт өнімдерін сатып алатын болады.
– Біздің өнімдеріміз табиғи, ешқандай қоспасыз, майлылығы – 2,5, 3,2 %. Әзірге сатылымға шыққан жоқ, құжаттар дайындалып жатыр, – дейді Б.Баймұхамбетов.
Шаруа қожалығы 2 жыл бұрын шұжық, бұқтырылған ет шығаратын цех ашыпты. Мұнда күніне 250 келі шұжық пен 4800 дана консерві жасалады екен. – Ешқандай қоспасыз, таза еттен жасаймыз. Шұжығымыз халал. Дүкендерде саудаланатын тауарларға қарағанда әлдеқайда арзан. Бір келісі 1200 теңге айналасында. Мемлекеттің қолдауымен кәсіпорынды толық жаңғыртуға мүмкіндік алдық. Заманауи жаңа құрылғылармен толықтырып, қолда бар жабдықтарды жетілдірдік, – дейді аталған цех жетекшісі Ерасыл Баймұхамбетов.
Жуырда Сарыөлең ауылындағы «Тіршілік» шаруа қожалығының иесі Бақытжан Мяселев 50 орындық тауарлы-сүт фермасын ашыпты. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 25 милион теңге несие алып, оған өз қаражатын қосып, Ресейден асыл тұқымды 42 симментал сиырын сатып әкелген азамат алдағы уақытта сүт өңдеу зауытын ашқысы келетінін айтады.
Екі мал бордақылау кешені салындыАудан әкімі Дулат Қажановтың айтуынша, Күршім-Марқа өңірінде соңғы 30 жылда сүт өндіру және өңдеу ісі кенжелеп қалған көрінеді. Бұл жұмыс қазір ауданда жолға қойылып, 100 және 50 басқа арналған 3 сүт тауарлы фермасы жұмысын бастап, екі сүт қабылдау пункті ашылыпты.
– Шикізат Қаратоғай ауылындағы сүт өңдеу зауытында өңделеді. Сондай-ақ ауданымызда 1000 басқа арналған асыл тұқымды мал бордақылайтын 2 кешен салынды. Кешен толығымен автоматтандырылған. Малдың жем-шөбін беруді қоса алғанда, оны сою да автоматты түрде жүргізілмек. Оған Күршім, Қаратоғай, Абай ауылдарының 26 қожалық мал басын біріктіреді. Осы және өзге де ауқымды шаралар арқылы қосымша жұмыс орындары ашылуда. Ауданымызды гүлдендіру мақсатында іскер азаматтармен тізе қосып жұмысты одан әрі жалғастыратын боламыз. Аудан тұрғындарын өзімізде өндірілетін табиғи таза өнімдерді тұтынуға шақырамын. Жақында өз өнімімізді дүкен сөресінен көре аласыздар. Бағасы да сырттан келетін тауарлардан әлдеқайда арзан, – дейді аудан әкімі.