Экономикаға оң әсері мол
Отырыс барысында Премьер-Министр: «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құрып, шағын және орта бизнесті дамыту, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге тырысу керек. Нәтижесінде мұның барлығы мемлекетіміздің экономикасына әсерін тигізеді. Бизнес қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере отырып, «Қарапайым заттар экономикасы» жобаларын дамыту үшін жеңілдікпен қаржыландыру шарттары өзгертіледі, пайыздық мөлшерлемесі алты пайызға дейін төмендетілді. Қарызды төлеудің жеңілдікті кезеңі енгізілді. Шығарылатын өнімнің 45 жаңа түрі қосылды. Қабылданған шаралар біршама компанияларға жеңілдікті қаржыландыру мүмкіндігін береді», деді.
«Қарапайым заттар экономикасы» жобаларына қатысты мақұлданған жобалар бойынша, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің қарауында жатқан жобаларға қатысты Ақмола, Маңғыстау, Павлодар, Қызылорда, Түркістан облыстарында жұмыс жақсы жолға қойылған. Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан қаласы әзірге қалыс келе жатыр. Осы орайда Үкімет басшысы аталған өңірлердің әкімдеріне тиісті шараларды атқаруды, яғни халық тұтынатын тауарлар өндірісін ұлғайту бойынша қажетті қадамдарды іске асыруға екпін қоюды тапсырды.
«Осы қарқынды одан әрі арттыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі мүдделі меморгандармен, Ұлттық банкпен, Қаржыгерлер қауымдастығымен және «Атамекен» палатасымен бірлесе отырып, айтылған ұсыныстарды ескеріп, он күн мерзімде Үкімет шешімінің тиісті жобасын әзірлесін. Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржы министрлігімен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірге ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешені жобаларының айналым қаражатын толықтыру үшін субсидияларды ұлғайтуға қаражат бөлу мәселесін қарастырсын», – деді Үкімет басшысы.
1,5 мың жоба бар
Сонымен қатар орталық және жергілікті атқарушы органдарға, басқарушы холдингтерге «қарапайым заттар экономикасының» салаларын дамытудың жол карталарына сәйкес, сатып алынатын отандық тауарлар мен қызметтерде жергілікті қамту үлесін ұлғайту бойынша КРI-ға қол жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
«Келесі дүйсенбі күні Мемлекет басшысының төрағалығымен осы мәселе Үкімет отырысында қаралатын болады. Әкімдер есеп беруге дайын болуы керек. «Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бағдарламасы кәсіпкерлікті дамытудың және жұмыспен қамтамасыз етудің маңызды құралы. Жобалардың бәрі өңірлерде іске асырылады. Әкімдер бағдарламаны іске асыруға белсене атсалысып, жаңа жобаларды ұсынуы, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек», – деді Үкімет басшысы.
Отырыста Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мақсатында жасалып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.
«4 шілдедегі жағдай бойынша жобалық кеңсе жұмысында «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 1 трлн теңгеден астам соманың 1,5 мың бизнес-жобасы бар. Бұл елдегі барлық әлеуетті қатысушылардың шамамен отыз пайызын құрайды. Оның ішінде 41 млрд теңгені қамтыған 92 жоба мақұлданды, ал 280 млрд теңгеден астам соманың 166 жобасы банкте қаралып жатыр», – деді Ж.Қасымбек.
«Оның айтуынша, тек соңғы айда мақұлданған жобалар саны екі есеге артқан. «Негізінен несиеленген жобалар азық-түлік өнімдерін (6,6 млрд теңге), қызметтерді (11,1 млрд теңге), агроөнеркәсіп кешенін (4,2 млрд теңге) және жеңіл өнеркәсіпті (2,7 млрд теңге) қамтыды. Мақұлданған 92 жобаның 29-ы жаңа өндірістерді құруды, 63-і қолданыстағы өндірісті кеңейтуді көздейді. Аталған жобалар іске асырылғаннан кейін шамамен 2 мың жұмыс орны құрылады», – деді Үкімет басшысының орынбасары.
Шымкентті дамытудың кешенді жоспары қаралды
Үкімет отырысында сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мегаполиске жасаған іссапары барысында қойған нақты міндеттер аясында әзірленген Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасы қаралды. Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың айтуынша, кешенді жоспарда барлық іске асыру кезеңінде жалпы 1 трлн теңгеден астам сомаға 89 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған. Оның 836 млрд теңгесі (65%) – жеке инвестициялар есебінен, 68 млрд теңгесі – МЖӘ арқылы бөлінеді. Бұл құжатты іске асыру арқылы қала аумағында ықшам аудан салынады және оңтайландыруға, инфрақұрылымды тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге қол жеткізіледі. Сондай-ақ тұрғындар үшін қолайлы және ыңғайлы жағдайлар жасалады.
Кешенді жоспарды жүзеге асыру инвестициялардың көлемін бес жылдың ішінде 1 трлн теңгеге дейін жеткізу үшін жағдай тудыруға мүмкіндік береді. Инвестициялық әлеуетті дамыту мақсатында жаңа «Жұлдыз» және «Шымкентагро» индустриялық аймақтарының құрылысын қамтамасыз ету, «Оңтүстік» АЭА территориясын ұлғайтуды қамтамасыз ету тапсырылды.
Қалада ірі инфрақұрылымдық жобалар басталады
Шымкентте көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 2020 жылы әуежайдың жаңа жолаушылар терминалының құрылы- сын және темір жол вокзалын жаңғырту жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар Ташкент даңғылын жалғастыру және А2 айналма автожолының құрылысы қамтамасыз етіледі. Бұл қаланың көлік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, қаланы энергиямен қамту және газбен қамтамасыз ету үшін Премьер-Министр Асқар Мамин газ тарату стансасының (АГРС-3), сондай-ақ ERG компаниясының жеке инвестициялары есебінен қуаты 450 мегаватт бу-газ қондырғысының құрылысын аяқтауды тапсырды. «Кешенді жоспар тұрғын үй құрылысының көлемі кезең-кезеңмен биыл 500 мың шаршы метрден жылына 1 млн-ға дейін арттырып, тұрғын үймен қамтамасыз етуді 1 тұрғынға шаққанда 30 шаршы метр деңгейіне дейін жеткізуге мүмкіндік береді», – деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысының айтуынша, тұрғын үй құрылысын дамытуды жалғастыру қажет. Осы ретте, қаладағы ықшам аудан құрылысына және тұрғын үй құрылысының халықаралық стандарттары бойынша жұмыс істейтін инвесторлардың тәжірибесін пайдалануға баса назар аударылады.
Даму перспективалары туристік салада кеңеюде. «Цитадель» қалашығын қайта жөндеуді және халықаралық деңгейдегі ойын-сауық саябағының құрылысын аяқтау туристердің қосымша ағынын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар Шымкент қаласының Түркістан мен Ташкентке жақын орналасуы туристік инфрақұрылымның дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына нақты серпін мен синергетикалық әсер береді.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту бағытында 30 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде, 2023 жылы ауыз сумен қамту 93-тен 98 пайызға, кәріз жүйелері 49-дан 75 пайызға, сапалы электр желісімен қамту 91-ден 96 пайызға, газбен қамту 92-ден 98 пайызға жетеді.
Шымкент қаласы 2020 жылы ТМД Мәдени астанасы болып жарияланғаны белгілі. Осы ретте мемлекеттік органдарға әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың әзірлігін уақтылы қамтамасыз ету тапсырылды.
Бауыржан МҰҚАН,
«Egemen Qazaqstan»